Еліміздегі әке институтын дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, отбасының тұрақты дамуы мен бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қала және әр ауданның үлгілі әкелері қатысты.
Тағылымы мол іс-шара басталмас бұрын асқар тауына арқа сүйеген қызғалдақтай қыздардың әкелерімен бірге мың бұрала билеген қойылымы жиылған көрерменнің көңілін толқытпай қоймайды. Көзге еріксіз жас келді.
Әсерлі кештің әлиқисса сөзін облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, мұндай ғибратқа толы іс-шаралар легі отбасылық құндылықтардың мән-маңызын одан әрі арттыра түсетініне сенімі мол екенін айтты.
- Қазіргі қоғамда әкелердің рөлі қандай немесе «Отағасы туралы заң» қажет пе деген екіұдай пікір қалыптасты. Аға буын, яғни біз көріп өскен сөзі уытты, мінезі бірсыдырғы, болат болмысты әкелердің бейнесін сақтап қалуымыз қажет. Қазақ бала тәрбиесін небәрі үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Олар: «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады». Міне, осы ұлттық кодымызға сіңген тәлім-тәрбиені мәңгі жадымызда сақтайық, құрметті ата-аналар, - деп өз сөзін түйендеді ақылман ардагер Еркінбек Бейсенбекұлы.
Байқаудың ережесіне сәйкес, қатысушылар «Таныстыру», «Әкеге құрмет – балаға өсиет», «Әке көрген оқ жонар», «Сұрақ жауап», «Өнерлі әке» және «Бата беру» кезеңдері бойынша сынға түсті.
Ұлттық сал-дәстүрімізбен сабақтасқан әр сайыста әкелер өз өнерлерін ортаға салып, әуелете ән шырқып, сазды аспаптың құлағында ойнап, тіпті, жүрекжарды жыр жолдарын арнады.
Әкелердің талабы мен таланты, сондай-ақ, тұрмыстық жағдайдағы іскерлік қарым-қабілеті сыналған 6 сайыстың нәтижесі бойынша жүлделі I орынды Меркі ауданынан Болатбек Қыстауов иеленді. Ал, қазылар алқасының шешімімен тараздық Бахтияр Бекназаров пен Талас ауданың тумасы Аманбек Кузбақов II орынды теңдей бөлді. Сондай-ақ, тараздық Азамат Байжанов, Жуалы ауданынан Ербол Бекжанов, Шу өңірінен Әділ Диханбаевтар үздік үштіктен табылды.
Жеңімпаздар мен сайысқа белсенді атсалысқан әкелердің барлығына арнайы Алғыс хат пен қомақты қаржылай сыйақылар табысталды.
Айта кетейік, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді