«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Road-эстафетасы: Тазалық пен тәртіпті сақтау маңызды

Road-эстафетасы: Тазалық пен тәртіпті сақтау маңызды
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны бастамасын қолдау мақсатында 6 маусымнан бастап республиканың барлық өңірінде Amanat партиясының «Таза бейсенбі» акциясы бастау алғаны белгілі. Соның негізінде елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленіп, еліміздегі жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын үй аудандары мен әлеуметтік нысандардан 475 учаске анықталды. Осылайша партия мүшелері аталған акцияның әр бейсенбі сайын өткізілетінін еске салып, жұртшылықты тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға шақыруда.

Ал, апта басында Road-эстафетасын бастаған партия қызметкерлері «Астана-Алматы» бағытындағы тас жолдың бойына тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға Парламент Мәжілісі мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Amanat партиясы облыстық филиалының белсенділері, «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері, сондай-ақ экологтар қатысты. Жүзге жуық адам бір кісідей атсалысқан санитарлық тазалау жұмыстары барысында күре жолға іргелес автотұрақтар мен кемпингтер аумағы түрлі тұрмыстық күл-қоқыс пен құрылыс қалдықтарынан арылды. Айта кетейік, осы апта ішінде партия белсенділері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өтетін ұзындығы 1200 шақырымнан астам тас жолды тазалауды көздеп отыр.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, осы аптада партияның жүздеген белсендісі мен волонтерлері еліміздегі экология мәселесіне, табиғаттың ластануына, вандализм көріністеріне қоғам назарын аударуға күш салады. Сондай-ақ, ол өз сөзінде жол бойынан жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберілетінін жеткізді. «Біздің мақсатымыз – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Road-эстафетасына ел жастары қолдау көрсеткені қуантады. Аптап ыстыққа қарамастан белсенділердің көңіл күйі жақсы. Ақмола облысынан бастау алған эстафетаның алғашқы екі күндігінде шамамен 50 тонна қоқыс жиналды. Атап өтерлігі, жиналған қоқыстар қайта сұрыпталуға жіберіледі. Бұл күндері қазақстандықтардың «Қоқысты сыйлыққа айырбаста» акциясы аясында шыны, қағаз, металл және пластик қалдықтарын өткізіп, оны имидждік сыйлықтарға айырбастауға мүмкіндігі бар. Жалпы, эстафета шеңберінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – тарихи-мемориалдық кешендер аумағын вандализм іздерінен тазарту. Біз жол бойындағы еңселі ескерткіштерді хал-қадерімізше ретке келтіріп, вандализммен күреске өз үлесімізді қосып келеміз. Шын мәнінде, қоршаған ортамызда күл-қоқыс өте көп. Сол себепті жастар атынан барлығыңызды экологиялық орта құруға шақырамын», – деді Ақерке Нұрғалиқызы.

Атап өтерлігі, жол жиегін тазалап келе жатқан дәл осы топ мүшелері күні кеше Әулиеата жеріне табан тіреді. Астанадан аттанған белсенділерді бұл күні жүздеген жамбылдық Қарағанды облысы мен біздің өңірдің шекаралас аймағынан күтіп алды. Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың сөзінше, эстафетаға қатысушы белсенділер жақын күндері жалпы ұзындығы екі жүзден астам шақырымды құрайтын жол бойына тазалық жұмыстарын жүргізбек.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында басталған Road-эстафетасына қатысушы бір топ белсенді апта басында Астана қаласынан шығып, Қарағанды облысы арқылы біздің өңірге де келіп жетті. Партия белсенділері, волонтерлар мен жергілікті жалынды жастар оларды зор қуанышпен қарсы алды. Енді біздің міндетіміз – Жамбыл облысының шекарасынан Алматы өңірінің шекарасына дейінгі аралықты күл-қоқыстан арылту. Қос аймақтың арасындағы күре жол бас-аяғы 224 шақырымды құрайды. Негізгі мақсатымыз – тұрғындарды, жолаушыларды табиғатты аялауға әрі қоршаған ортаны ластамауға шақыру. Қазіргі таңда Қашқан теңіз бен Шығанақ елді мекенінің арасында жүзден астам белсенді азаматтардан құралған топ мүшелері тазалық жұмыстарын қолға алды. Бұдан бөлек, Шығанақ пен Алматы облысының аумағындағы Ақсүйек ауылына дейін тағы бір топ санитарлық жұмыстарға жұмылдырылады, – деп атап өтті Дауыл Ынтықбайұлы.

Бұл күнде шалғайдағы Шығанақ ауылында ел ісіне шын ынта-ықыласымен белсене араласатын жастар жетерлік. Солардың бірі – Арайлым Қыздашова. Бойжеткен өз сөзінде замандастары тек тазалық акцияларында емес, сонымен қатар түрлі қайырымдылық іс-шараларынан да тыс қалмайтынын тілге тиек етті.

«Таза Қазақстан» өзімізден басталады. Еліміз ең алдымен өз отандастарымыз үшін таза әрі жайлы болуы керек. Ал, мұндай жұмыстарға біз секілді жігерлі жастардың атсалысуы қуантарлық жайт. Қазіргі таңда шығанақтық жастардың бірлігі бекем, тірлігі түзу. Мұны ауыл жастарының тазалық акцияларына қатысуынан әрі көптеген қайырымдылық іс-шараларына атсалысуынан-ақ аңғаруға болар. Мәселен, жерлестерім «Асар», «Жомарт түлек» сынды жоба-акцияларда ауызбіршілік танытып келеді», – деді Арайлым Жұмабекқызы.

Жалпы, аманаттықтар Road-эстафетасы аясында тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, өңір жастарымен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізуде. Мәселен, партиялықтар бүгінге дейін 2500-ге жуық елді мекеннің тұрғындарымен пікірлесіп, ауыл-аймақтағы түйткілді мәселелерден хабардар болған. Дәл сол секілді бұл күні шығанақтықтар пойыздардың тоқтамауы, банкоматтың жоқтығына қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде партия мүшелері 3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы ағайынның арыз-шағымдарын тиісті орындарға жеткізетінін айтып, аманаттықтар олардың өтініштерін қанағаттандыруға күш-жігерлерін жұмсайды деп сендірді. Атап өтейік, Road-эстафетасы апта соңында Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында түйінделеді деп күтілуде.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар