«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұғырлы тұлға мен тарихи басылым сабақтастығы

Тұғырлы тұлға мен тарихи басылым сабақтастығы
Ашық дереккөз
Менің қаруым қалам мен газет тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұлт басылымы – «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына орай өзі сол басылымды талай жыл басқарған қаранар қайраткер Шерхан Мұртазаның рухына арналған жиын өтті. Тау тұлғаның атымен аталған Халықаралық Тараз инновациялық институтындағы мазмұнды басқосу барысында баспасөз жайы, бүгіні мен болашағы, ақпарат ғасырындағы орны мен мәселелері талқыланып, журналистер арасында тастаяқтан дәстүрлі Шерхан Мұртаза атындағы турнир өтті.

Басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков әуелі қайраткердің атын алған оқу орнындағы игі істерді атап өтті. Өз сөзінде Махметғали Нұрғалиұлы сан саланың қозғаушы күші ғылым екенін айта келе, сол ғылымның жаңашылдықтарын өндіріс пен нарыққа енгізу туралы ұсыныстарын жеткізіп, бұл ретте билік пен бұқараға алтын көпір болып отырған баспасөз саласының да айрықша рөлін айтты.

Белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан өз сөзін кез келген қоғамда әдебиет алға шықпаса, оның нәтижесі болмайтынын, ғылым мен әдебиет кез келген өркениеттің қос қанаты екендігінен бастады. Мұнан соң жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінің тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтап, қаламгерлердің қастерлі басылымына айналған газетте Шерағаның еңбек еткен жылдарына кеңінен тоқталып өтті.

– Осы газетте Шераға талай жыл табан аудармай еңбек етті. Кеңестік кезеңде Жуков барған майдан жеңіске жетеді деген ұғым болған еді, сол секілді Шераға барған кез келген газеттің тиражы артып, абыройы асқақтайтын. Шерағаның бас редакторлығы өз алдына бір төбе, ал адамгершілігі аласармайтын заңғар еді. Шерхан Мұртазаның көрген құқайының біз бір де біреуін көрген жоқпыз. Ол соғыстың зардабын да, ашаршылықтың зауалын да көрді, халық жауының баласы атанды, соның ешқайсына сынбады. Осы тұрғыда Шераға бізге, бізден кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Ол өмірге биіктен қарайтын. Білімнің ғана биігінен емес, адамгершіліктің биігінен қарады. Осы қасиетінің өзін үлгі етсек, одан біз де, бүгінгі баспасөз де жаман болмайды,– деп түйіндеді Елен Әлімжан.

Ал, ардагер журналист Асқарбек Сейілхан Шераға рухын асқақтатып, өскелең ұрпаққа насихаттайтын құнды ұсыныстарымен бөлісті.

– Қазіргі жастарымыз әлеуметтік желілерде құрғақ ақпараттармен өмір сүріп жатқаны қынжылтады. Себебі, ол баспасөз емес, талдау жоқ, тек жалт еткен жалаң әрі жалған ақпараттар. Осы тұста жастарымыздың назарын Шераға мұрасына аударсақ деген оймен осымен бірнеше мәрте Шерхан Мұртаза атындағы фестиваль ұйымдастырылса және ол дәстүрге айналса деген ұсыныс айтып жүрмін. Жүзеге асса игілігі мол болар еді. Өйткені, елімізде Әбіш Кекілбаев атындағы, сол секілді Тахауи Ахтанов атындағы фестивальдар екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Сол секілді Шераға фестивалі де осы оқу орнынан бастау алса тағылымы мол болары сөзсіз. Оның жобасын да жасап шықтық, өзінің әйгілі шығармасымен «Қызыл жебе» деп атын да қойдық. Бұған дейін Шерағаның 80 жылдығында 30 жылдай шықпай қалған «Домалақ анасын» сахналадық. Біраз шығармасынан инсценировка жасадық, сол енді кітап болып жарыққа шықса деген тілегіміз бар,– деді Асқарбек Сейілхан.

Қазіргі таңда аталған оқу орнында Шерхан Мұртазаның туған күні «Шераға күні» деп аталып кеткен. Арнайы курстар да қолға алынған екен. Жоғарыда айтылған ұсыныстар да оқу орнының жоспарына сай зерделеніп, назардан тыс қалмайтын болды.

Ал ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Бауыржан Момышұлына қатысты жарық көрген мақалаларға батыр мұрағатынан тың жауаптар табылғанын, алдағы уақытта ұрпақтарының рұқсатымен жарық көретінін жеткізді. Сондай-ақ, аталған институттың базасынан алғаш рет Шерхан Мұртаза ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына белгілі тарихшы ғалым Асқар Абдуалының сіңірген еңбегін атап өтіп, тастаяқ турниріне орай Махметғали Нұрғалиұлына Шерхан Мұртазаның кииін жәдігер ретінде тарту етті.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі журналист Оралхан Дәуіт оқу орны мен көшеге Шераға есімінің берілуі, еңселі ескерткішінің бой көтеруі оң шешім болғанын айта келе, қайраткердің аты жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Өз сөзінде Оралхан Әбдірашұлы осындай іс-шаралар мен өміршең жобалар арқылы Шерағаны да іздемесе, жастар арасында ұмытылып кететінін атап өтіп, сол Шерағаның соқпағы сайрап жатқан баспасөз саласының қазір жолайрықта тұрғанын, жазылым мен таралым мәселесі газеттің арынын аштырмай тұрғанын, соған қарамастан мамандыққа адалдықты жоғалтпаудың жанкештілігін жеткізді. Баспасөздегі аға буыннан кейін облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков баспасөздің бүгінгі жай-күйін, аяқ-алысы мен жұмыс барысын жан-жақты сөз етсе, дәстүрлі «Шерхан оқулары» байқауының жеңімпаздары өлең оқыды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар