«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейбіт күннің батырлары марапатталды

Бейбіт күннің батырлары марапатталды
Ашық дереккөз
Сәуір айында басталған су тасқыны еліміздің бірқатар аймақтарына орасан зор зардап келтіргені белгілі. Жалпы қазаққа жүк болған осынау алапат апат салдарымен әр өңір өздігінше күресіп, зардап шеккендерге шама-шарқынша көмек қолын созып жатты. Бұл қайырымды істен өңір халқы да қалыс қалған жоқ. Қарғын судың зардабын тартқан батыстағы бауыр мен теріскейдегі туысқанға жамбылдық еріктілер 70 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтіп, 107 арнайы техника аттандырған. Ер етігімен су кешкен кезеңді еңсерген тұста бейбіт күннің батырлары да елеусіз қалған жоқ.

Осы мақсатта табиғи апат салдарымен күресуге өңірімізден барған азаматтарды марапаттау жиыны өтті. Басқосуда жергілікті атқарушы органдар мен түрлі мекемелер, кәсіпорын қызметкерлері қатысып, арнайы марапаттарға ие болды.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, аймақ басшысының алғысын жеткізді.

– Бейбіт күні елімізде болған табиғи апаттың зияны тиген өңірде болып, аянбай еңбек еткен азаматтар арамызда отыр. Олар апатты аймақтарда лайықты жұмыс істеп, алға қойған міндеттерін абыроймен атқарып келді. Ел басына күн туған шақта табиғи апат зардабын қалыпқа келтіріп, сол жердегі тұрғындардың қауіпсіздігіне қызмет етті. Мәртебелі міндетті төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен қатар өңірдің өндірістік ошақтары мен түрлі компаниялардың жұмысшылары бірлесіп атқарды. Олар Атырау облысындағы бөгет салу жұмыстарына араласып, ұзындығы 250 километр болатын бөгет құрылысына атсалысты. Бұдан бөлек, өңіріміздегі әр ауданнан көмек қолы жасақталып, Атырау облысына гуманитарлық көмек аттанды. Азаматтарымызға қашанда құрмет көрсетіліп, олардың есімі ел жадынан ұмытылмауы керек, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Алғадай іске өңірден 65 адам жөнелтіліп, екі айға жуық уақыт бойы Атырау облысында қарғын су салдарымен күрескен. Басқосуда олардың барлығы да облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен маратталып, бірқатарына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Солардың бірі – облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков. Ол қысылтаяң шақта облыстан аттанған азаматтарға басшылық етіп, жүйелі жұмысты үйлестіре білген.

– Зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созу баршамыздың қастерлі парызымыз. Бұл істен жамбылдықтар да шет қалмады. Апатты кезеңде облыстан 107 техника аттандырылса, оның 58-і арнайы техника есебінде бөгет салу жұмыстарына тартылды. Біз 50 күн уақыт аралығында өзімізге белгіленген Атырау облысының аумағында басшылықтан берілген тапсырмаларды жедел әрі ұйымдасқан түрде жүргізе білдік. Осы аралықта Атырау облысының Махамбет, Индер аудандарында оннан астам елді мекенді қарғын судан тазарттық. Бүгінде аталған аймақта су деңгейі төмендеп, облыс басшылығы қала көлеміндегі жұмыстарға басымдық беруде, – деді Ерболат Оразбақұлы.

Бұдан бөлек, жиында марапат иелері ерен еңбектің еленгеніне ризашылығын білдіріп, ел үшін еңбек ету қашанда мәртебелі міндет екенін көрсетті. Іс-шара соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар