Зерделеу жұмыстары жүргізілді

Зерделеу жұмыстары жүргізілді
Ашық дереккөз
Мемлекеттік басқару ісінде қоғамдық кеңестердің рөлі зор. Өзгесін айтпағанда, өзекті мәселелерді билік өкілдеріне жеткізетін қоғамдық кеңес қарапайым халыққа мемлекет саясатын түсіндіруде алдыңғы шептен орын алады. Осыдан-ақ қоғамдық кеңестерге мол жауапкершілік жүктелгенін анық аңғаруға әбден болады.

Бүгінгі таңда аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, оның шешу жолдарын дер кезінде ұсынып келеді. Жергілікті тұрғындардың талап- тілегіне әрдайым құлақ асуды мақсат еткен аталған кеңестің кезекті отырысының күн тәртібінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәселе қаралды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев тиісті сала басшыларымен бірге зауыт жұмысын көзбен көріп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға аталған өндіріс орнына арнайы жұмыс сапарын ұйымдастыру әрі мұндағы мәселелерді назарға алу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Ал, жуырда бір топ жергілікті билік өкілдері «Jibek Joly» АЭА-на жұмыс сапарымен барып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл күні жұмыс тобының құрамында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Нұрым Байназар, Шу аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұрат Сәулебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев және бірқатар аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері болды.

Тасөткел ауылдық округі аумағында орналасқан өндіріс ошағы аудан жұртшылығына «Тараз химиялық паркі» АЭА атауымен белгілі. Алайда, белгілі себептерге байланысты ел Үкіметінің осы жылдың наурыз айындағы қаулысына сәйкес, «Тараз химиялық паркі» АЭА-ның атауы «Jibek Joly» АЭА БК» АҚ болып өзгертіліп, сол уақыттан бастап өндіріс орнының жұмыс бағыты да жаңа арнаға бет бұрған. Нақтылай түссек, тұралап қалған өндіріс орнының жұмысын жандандыру мақсатында мұнда бірқатар тың өзгерістер орын алған. Бұл жөнінде «Jibek Joly» АЭА БК» АҚ басқармасының төрағасы Қ.Мұқамбетқалиев пен «Хим плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының өндіріс ісі жөніндегі орынбасары О.Оралғазы өз баяндамаларында кеңінен тоқталды.

Жалпы, Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір. Осы аудан аумағындағы көлемі 505 гектарды қамтитын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының атауын «Jibek Joly» деп өзгерту жөнінде ұйғарым кездейсоқтық емес. Бүгінгі таңда мұнда инфрақұрылым, көлік-логистикалық құрылым жұмыстары бойынша айтарлықтай күрделі мәселе жоқ. Сондай-ақ, жоғарғы органдардың келісімімен қазіргі уақытта жер салығы, мүлік салығы, өндірілген өнімге салық, кеден салығы төленбейді. Мұны өндіріс ісін жандандыруға жасалған жеңілдік деп қарастырған жөн.

Өндіріс орнындағы арнайы цехтарды аралап, практикалық жұмыс барысымен танысқан қоғамдық кеңес мүшелері мұндағы жаңашылдықтарды көзбен көрді. Қазіргі уақытта өндіріс орнында қуаттылығы жылына 300 тонна болатын химиялық өнімдерді өндіру ісі жолға қойылған. Дәлірек айтқанда, «Chemical Engineering» серіктестігі аммоний бифториді, «Хим Плюс» компаниясы гербицид дайындауды сәтті жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, қазіргі таңда «С9 Теhnologies» кәсіпорны қауырсын өнімдерінің басым бөлігін Алматы, Тараз қалаларына жөнелтіп отыр. Ал, «Бірлік құрылыс-жөндеу» серіктестігінде екі түрлі көлемдегі қап пен кендір жіп дайындау табысты жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда күн сайын бес мың дана шығарылатын қапты өткізу бойынша қажетті орындармен келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығы қазіргі уақытта өз өнімдерін Алматы облысына жөнелтуде. Өндіріс орны басшысының мәлімдеуінше, жергілікті кәсіпкерлер өз өңірімізде осындай қаптың бар екендігінен әлі күнге дейін хабарсыз. Сондықтан, алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлермен өзара келісімді жүзеге асыру жо спарланған. Сол секілді осы жерде өндіріліп жатқан қағаз этикеттер мен кассалық ленталарды жергілікті сауда нүктелеріне өткеру қолға алынған. Айтуларынша, аудан орталығындағы бірнеше дүкен осы өндіріс орнының кассалық ленталарын пайдаланып жүр.

Айта кетейік, егістік алқабын арамшөптен арылтуда гербицид өнімінің көмегі көп. «Хим Плюс» компаниясы дайындаған гербицид өнімі қауырсын бөтелкеге құйылады. Жалпы, арнайы экономикалық аймақтың басты мақсаты – өзге де металл емес өнімдерді өндіру және химиялық өндіріске арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі. Атап өтерлігі, аммоний бифторидін өндіру жаңадан қолға алынғандықтан, бұл өнімді сұранысқа сай сол өңірлерге жөнелту көзделген. Бұл бойынша осы жылдың қаңтар айында қайта құрылымдау жұмыстары жүзеге асырылып, сәйкесінше наурыз айында нақты өндіріс ісі жолға қойылған.

«Jibek Joly» АЭА-да жұмысшылардың денсаулығына да тиісті көңіл бөлініп, табиғи таза өніммен тамақтану, арнайы киіммен қамту және жұмыс орнында уақытылы дезинфекция жүргізу жоспарға сай жүзеге асырылады. Тоқтала кететін бір жайт, бұл жерде кез келген қарапайым адамның жұмыс істеуі қиындау. Осы себепті мұнда химиялық-органикалық заттармен жұмыс істеуді арнайы оқыған маман немесе өндіріс орнында еңбек еткен тәжірибелі адамдар жұмысқа қабылданады. Қазіргі таңда дәл осы өндіріс орнында Тараз қаласынан келген азаматтар мен жергілікті тұрғындар да еңбек етуде. Қоғамдық кеңестің зерделеу жұмыстары барысында №10 Шу колледжінің директоры Т.Мұсаева кәсіпорын басшылығына өндіріске қажетті мамандықтар бойынша сұрақтар қойып, алдағы уақытта колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Жалпы, «Jibek Joly» АЭА-ның тыныс- тіршілігімен танысу барысында жергілікті билік өкілдері өндіріс орнының жұмысы қайта жанданып келе жатқандығына көз жеткізіп, алдағы уақытта бірлесіп жүзеге асыратын жұмыстарды бақылауға алатындарын жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар