Іс-шараны Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп ашып, ауыл тұрғындарын құттықтады. «Топырағына қасиет дарыған Ойық ауылының даңқы елімізге белгілі. Осы ауылдағы мектептерді бітірген ұл-қыздардың ішінен белгілі ғалым, спортшы, өнер мен мәдениет майталмандары өте көп шыққан. Олардың бірқатары бүгін осы іс-шараға келіп, ортақтасып отыр. Берекесі мен ынтымағы жарасқан ауылымыз келешекте де көркейе беретін болады», – дей келе, бірқатар ауыл тұрғындарын «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Талас ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, бірқатар белсенді ауыл тұрғыны Талас аудандық мәслихатының хатшысы Қадірбек Садубаевтың қолынан марапаттарға ие болды. Есімі облысқа белгілі азамат, танымал кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев, Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Талас ауданының Құрметті азаматы Пантай Рахманбердиев те ағынан жарылып сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін арнады. Ал, ардақты ақсақал Әзімбай Байтенов бата берді.
Мұнан соң концерттік іс-шаралар басталды. Белгілі әнші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі мен оның жұбайы, әнші Майра Аманжолқызы «Желтоқсан желі», «Анамның тілі» әндерін шабытпен орындап берді. Танымал композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкір де өз шығармашылығынан туған бірнеше ән орындады. Облыс аумағына танымал әнші Санат Қонарбаев та туған топырақта әннен шашу шашты. Өзге де өнерпаздар туған жерге деген сағынышын әнмен жеткізіп жатты.
Ауылдағы осынау іс- шараға орай спорттық жарыстар да өтті. Атап айтқанда, түйе балуанды анықтау үшін өткізілген жарыста Алматы қаласынан келген Алан Абзал жеңімпаз атанды. Арслан Абзал екінші, Ахай Кеңес үшінші орыннан көрінді. Футболдан Тараз қаласынан келген құрама жеңімпаз атанса, волейболдан Ойық ауылының ойыншылары жеңіске жетті. Арқан тарту да аса тартысты өтті. Финалда Ойық ауылының жастары Көктөбе ауылының жастарынан басым түсті. Қой көтеруден Нұрдәулет Жексен жеңімпаз атанса, Бекзат Шәкір екінші, Нұрлан Бескемпір үшінші орыннан көрінді.
Қазіргі таңда Ойық ауылдық округінде үш мыңға жуық халық тұрады. Әлі де халық санының өсуіне мүмкіндіктер бар. Себебі, қазір Ойық ауылынан зәулім тұрғын үй салып жатқандар баршылық. Бұл туған жердің мерейі үстем, болашағы жарқын деген сөз.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді