Талабы барға тегін қызмет көрсететін орталық

Талабы барға тегін қызмет көрсететін орталық
Ашық дереккөз
Жастарды қолдау, оларға қолайлы жағдай қалыптастыру бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені, өңірлер арасындағы өзара бәсекелестіктің жоғары сатысы жастар үшін жүзеге асады. Оған себеп те жоқ емес. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, кадрлық саясат өміршеңдігінің кепілі саналады. Сондықтан іргеміз берік, тұғырымыз биік болуы үшін өскелең ұрпаққа бүгіннен баса мән берген абзал.

Осы ұстанымды ту еткен өңірде бірқатар ілкімді істер жүзеге асуда. Мәселен, Жамбыл ауданында жанына шығармашылықты жақын тартқан жас өрендерге арналып арнайы дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, мұндай студия облыстағы жастар ресурстық орталығының тек бірінде ғана бар. Орталық директоры Жандар Тоқсабаның айтуынша, студияның мүмкіндіктері кәсіби деңгейден еш кем емес.

– Нысан қуатты дыбыс видеокарталары мен кәсіби микрофонмен, сыртқы дыбыстық интерфейспен жабдықталған. Сонымен бірге, студиялық мониторлар мен заманауи компьютерлер бар. Ашылғанына бірер күн болған студияға бір күннің ішінде 10 оқушыға арналып ән жазылды. Сонымен қатар, айта кеткен жөн, дыбыс жазу студиясы ауданның барлық жастарына бірдей қызмет көрсетпейді. Жастардың барлығының мұндай дыбыс жазу студиясына баруға мүмкіндігі жете бермейтіні анық. Біздің мақсат – осындай талантты, бірақ мүмкіндігі жете бермейтін отбасындағы жастарға қолдау, тегін қызмет көрсету және талантты жастарды танытуға сеп болу, – деді орталық директоры Ж.Тоқсаба.

Енді жамбылдықтарға дыбыс жаздыруға қала орталығына барудың қажеті жоқ. Әлеуметтік жоба негізінде ашылған «Жастар ресурстық орталығындағы» студияға келсе болғаны, мұнда талант иесіне тамыр да, таныс та керек емес. Тегін қызмет көрсетіліп, өнер шыңына шығуға қолдау жасалады. Бұл істе дарынды жастарға кәсіби дыбыс режиссері көмектеседі.

Бұдан бөлек, орталықта 9 түрлі жоба іске асырылады. Мәселен, мұнда көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсететін сұлулық салоны жұмыс істейді. Ол аптасына екі рет тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетуде.

– Қазір қонаққа бару үшін де салон қызметіне жүгінетін болдық. Ал, ауылды жерлерде халықтың сұранысын толық қанағаттандыратын сұлулық салондары жоқтың қасы. Сол себепті, қыз-келіншектерге сән қызметін көрсететін, көптің көңілінен шығатын салон керегі анық. Ал, орталық тарапынан қолдау тауып, қызметі жүзеге асқан сән салоны халыққа тегін қызмет көрсетеді. Салонға көпбалалы келіншектер келіп шашын қиып, тырнағын бояп, қызмет ала алады. Мұнда өзіммен қоса бір маман ерікті түрде жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – әр тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп, олардың шынайы ризашылығына бөлену, – дейді сән салонының қызметкері Мадина Абдуалиева.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастардың «АуылBAY» жобасы түсірілімін бастаған. Мұнда кәсіпкер атанған жастармен сұхбат жүргізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Бұдан өзге орталықта заман талабына сай фотостудия жастар игілігіне беріліп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатындағы бастамалар сәтті жүзеге асқан.

– Орталықта жұмыссыз жастарды кәсіпке баулу мақсатында «Жас шеберлер» атты қолөнерге баулу үйірмесі де көптің көңілінен шығуда. Түрлі химиялық қоспалар арқылы әртүрлі бұйымдар жасайтын үйірме жастарды қолөнерге баулуда. Сондай-ақ, орталықта аудан жастары арасында бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Үстел теннисі» үйірмесі бастау алды. Спортқа жаны құштар жастар аптасына 2 рет кешкі уақытта үстел теннисімен айналысып, бос уақытын тиімді пайдалануға болады, –дейді Жандар Жамбылұлы.

Ал, қоғамдық құндылықты дәріптеп, отбасының беріктігін нығайтып, жастарға некенің маңызын насихаттау мақсатында қызықты «LOVE STORY» айдары жүргізіледі. Айдарда шаңырақ көтерген жастардан қызықты сұхбаттар алынып, салтанатты түрде неке куәліктері табыс етіледі. Сонымен қатар, ұлттық рухымызды оятып, жастардың құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттыру мақсатында құрылған «Мерген» садақ ату үйірмесі де бар. Тың идеяларды ойлап тауып, жүзеге асырып жатқан орталық қызметкерлері алдағы уақытта жұмыстар жалғасын табатындығын айтуда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар