Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жалпы, әлеуметтік жəне экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішінде адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.
Отыз жылдан аса қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені, «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес, «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс», – деді Президент.
Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе, құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында болатындығы белгілі. Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерілету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен сот төрелігінің әділ болуына мән берді. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып, жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда Президентіміз сот жүйесін реформалау арқылы судьялардың жауапкершілігі артып, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасатын болатынын, бұрынғыдай сот ісіне өзге құрылымдардың араласуына шектеу қойылып, сонымен бірге кәсіби судьялар іріктелетінін жеткізді. Ал судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін қазылар алқасы тексеретін болады. Осылайша қоғамның сотқа деген сенімін нығайту көзделген. Мемлекет басшысы айтқандай, сот жүйесін реформалау мұнымен аяқталмайды. Бұл шаруамен мамандар Жоғарғы Соттан тыс айналыса береді. Осы қадам үдеріске бәсекелік сипат беріп, оны қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар үшін ашық, яғни, анағұрлым тиімді етеді.
Жолдауда сөз болған тағы бір мәселе – отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу. Бұл мәселеге құқық қорғау органдары күмәнмен қарайды, өйткені, Президент айтпақшы, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, мұндай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек», – деді ол.
Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптың барлығына, соның ішінде адам мен азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни, еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі. Сабырмен сансыз қиындықты жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адамның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.
Адам құқығын бұзу оңай, қалпына келтіру қиын іс. Сондықтан Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі, адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді.
Қайрат АЗИМОВ,
Тараз қалалық сотының әкімшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
- 7 қазан, 2024
Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді