Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсару деңгейін 99 пайызға, елді мекен көшелерін 87 пайызға жеткізу көзделген. «Еліміз егемендік алған сәтте мемлекетіміздің алдында өзінің көлік-логистикалық кешенін дамыту міндеті тұрды. Ең әуелі, бұл мемлекетті ұлттық табысқа қол жеткізуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бастайтын маңызды қадамның бірі еді. Сол кезде тоз-тозы шыққан ауыл көшелері мен Кеңес өкіметінен қалған облыстық, аудандық мәндегі ойдым-ойдым жолдарды жөндеуге қаржылық мүмкіндік бола қоймады. Ауыл мен ауылды, қала мен қаланы жалғайтын жолдарды ретке келтіру, шекаралас елдермен арадағы жүк тасымалын талапқа сай ету оңайға соқпады. Көлік-логистикалық кешені арқылы аймақаралық және халықаралық экономикалық қатынастарды нығайту ең маңызды мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұрды. Өйткені, ұлттық экономиканың қарқынды өсуі ішкі және халықаралық көліктік бағыттар бойынша жүк пен жолаушылар ағыны көлемінің артуымен тікелей байланысты еді», – дейді Мұрат Саурықов.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға байланысты Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының» да тиімді жүзеге асырылуы Әулиеата өңірі жолдарының жақсаруына ықпал етуде. Тұжырымдамада атап көрсетілген міндеттердің уақытылы іске асырылуы жолдардың сапалы болуымен қатар, көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильділігіне ықпал етіп келеді. Қазіргі таңда осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жолдың сапасына қолжетімділікті, қауіпсіз және инклюзивті ұтқырлықты қамтамасыз ете отырып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік беруде. Соның арқасында Қазақстан аумағы бүгінде транзиттік хабқа айналып келеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашуда. Жол сапасының жақсаруы халықтың тәуір тұрмыс кешуі мен олардың қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізіп отыр.
– Облысымыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4338 километрді құраса, елді мекен көшелерінің желісі 5662 километрді алып жатыр. Жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 мың километр. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 1198,5 километрді құрайды. 1756,2 километр жол облыстық мәнге ие болса, 1383,3 километр аудандық мәндегі жол санатында. Қалғаны қала мен ауылдағы көшелердің еншісінде. Биыл жол құрылысына облыстық бюджеттен 23,3 миллиард теңге қаралған. Бөлінген қаражат есебінен «Бурыл А, Б, В», «Барысхан», «Радай» көпірін қоса алғанда 16,5 километрді құрайтын көше жолы қайта жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар, ұзындығы 3 километрді құрайтын Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр көшелерін, Қаратау қаласындағы 3 көшені қайта жаңғырту және 630,5 километр жолды орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 89,2 километр жол облыстық, 71,9 километр жол аудандық мәндегі жол болса, 469,5 километр елді мекен ішіндегі көше жолдары.
Биыл жол саласында барлығы 327 жоба іске асырылып, 650 километр жол құрылысын жүргізу, қайта жаңғырту, орта жөндеуден өткізу ісі қолға алынды. Оның ішінде еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 34 жоба, яғни 161,1 километр автомобиль жолы жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 197,2, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 18,3 километрді құрайтын автомобиль жолы қайта жөнделеді, – дейді Мұрат Құттыбайұлы.
Оның айтуынша, бұдан бөлек, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 1,2 километр, ал жергілікті бюджеттер есебінен 272,3 километр автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Жол құрылысы барысында бұдан басқа 113873,9 шаршы метрді құрайтын шұңқырлар бүтінделіп, 385 шаршы метр жол жамылғысының көтерілген, толқыған тұстары қайта қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ, жол бойына 1761 жаңа жол белгісі орнатылды. 301 белгі беру бағаны жол бойына орнатылып, жолға көлденеңінен ұзындығы 591,5 метрді құрайтын бүдірлі кедергі жолақтары орналастырылады. 13817 километр жолдың жүріс бөлігін таңбалау жұмыстары атқарылып, 101 шаршы метр шулы жолақтар орнатылды. Сонымен қатар, жол жағалауларында 256,6 гектар ұзындықта өртке қарсы минералданған жолақтар жыртылуда.
Бүгінде жол жөндеу бойынша 303 жобаның 289-ына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 248 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, келісімшарттар жасалған. Ал, 24 жоба 2023 жылдан өтпелі. Техникалық қадағалау қызметі бойынша 303 жобаның 292-сіне мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 275 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, тиісті тараптармен келісімшартқа қол қою рәсімдері жүргізілуде. Аталған басқарманың автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков қазіргі уақытта 86 жоба бойынша жұмыстар басталып, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
– Құрылысы қолға алынған аталған жобалардың ішінде Тараз қаласында, Байзақ, Сарысу, Меркі, Талас және Шу аудандарында жұмыстар қарқын алып келеді. Тараз қаласының аумағы кеңейіп, бірқатар шағынаудан бой көтерді және «Барысхан», «Бурыл» секілді жаңа тұрғын алаптары ел игілігіне берілді. «Барысхан» мен «Бурыл» тұрғын алқабының А, Б, В бөлігіне асфальт жол салу жұмыстары жалғасады. Одан бөлек, бүгінде моноқалаларда да тіршілік жанданып, халық саны артуда. Көліктер саны көбейіп, қозғалыс қарқыны артып келе жатқан моноқаланың бірі – Талас ауданындағы Қаратау қаласы. Осы аудан орталығындағы Арбатас, Панфилов және Тамды Әулие көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары енді басталды. Мойынқұм ауданындағы апатты жағдайдағы «Радай» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізіледі.
Елді мекен көшелерін жөндеу де назардан тыс қалмай келеді. Мәселен, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында биыл 73 ауылдың 249 көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін «Жол активтері» ұлттық сапа орталығына бюджеттен 134,4 миллион теңге бөлінді. «Жол активтері» ұлттық сапа орталығы тарапынан қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алынып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне өлшеулер жүргізу жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі күнге дейін ұлттық сапа орталығы арқылы 145 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 224 сынама алынды. Автожолдардың сақталуы мен ұзақ мерзімге шыдамды болуына әсер ететін негізгі фактор – жолды пайдалану ережелері мен оған қойылатын талаптардың бұзылмауын қамтамасыз ету. Дегенмен, ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен автожолдардың асфальті мерзімінен бұрын езіліп, жолдың бұзылуынан шұқырлардың көбею фактілері азаймай тұр. Бұл ретте кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген көліктердің де келтіретін залалы басым. Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізу жалғасуда. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жылжымалы көліктік бақылау посттарында 308 автокөлік құралы тексерілді. Жылжымалы көліктік бақылау посттарында 585 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілерге 19,2 миллион теңге айыппұл салынды. Жергілікті бюджетке 18,2 миллион теңгесі өндірілді, – дейді Ерболат Оразбақұлы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қалаішілік және аудан, қалааралық жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің арасында ескілерінің саны көп болатын. Ескі қоғамдық көлікті пайдалануда жұртшылықтың жолсоқты болуынан бөлек, оның өңірдің экологиялық ахуалына да тигізетін зияны орасан еді. Бүгінде облыс орталығында тозығы жеткен автобустар шетінен жаңасына алмастырылып, автопарктерді жаңарту жүйелі жолға қойылды. Бұл өңір экономикасы, оның ішінде көлік логистикасы саласының әлеуеті артып келе жатқанын көрсетсе керек.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ғазиз Ташметовтің сөзіне сүйенсек, өңірде жолаушылар көлігі саласы бойынша жүргізілген жұмыстар оң нәтиже беріп отыр.
– Бүгінде облыс бойынша 136 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде облысаралық 12 маршрут, ауданаралық – 26, ауданішілік – 54, қалаішілік – 39, қала маңында 5 маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 789 автобус арқылы 43 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Оның 155-і облысаралық, 130-ы ауданаралық, 89-ы ауданішілік, 415-і қалалық және қала маңындағы автобустар. Басқарма тарапынан облысаралық 12 маршрут, ауданаралық 26 маршрут ұйымдастырылған. Халықтың сұранысына сәйкес, Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8 облысаралық маршрут ашылған. Тарқата айтсақ, Тараз-Алматы арасында – 2, Жаңатас-Алматы, Меркі-Алматы, Шу-Алматы, Мойынқұм-Алматы, Қаратау-Алматы бағыттарында автобустар қатынайды. Сондай-ақ, Тараз-Шымкент, Қаратау-Шымкент, Жаңатас-Шымкент бағыттары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Астана және Қарағанды қалаларына бір-бір маршрут қарастырылған.
Ауданаралық 26 маршрут құрамында Байзақ, Жамбыл ауданын қоспағанда Тараз қаласы мен 8 аудан орталығын жалғайтын көліктер қатынауда. Бұған қоса, 2 ауданды өзара қосатын 3 маршрут қажеттілікке байланысты ұйымдастырылған. Ол – Қаратау-Жаңатас, Меркі-Құлан, Шу-Мойынқұм-Ақбақай.
Тараз қаласы мен аудандар елді мекендерінің арасында 15 маршрут ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда қоғамдық көлік саласындағы өзекті мәселе – тасымалдаушы автопарктердің жылжымалы құрамдарын жаңарту. Аталған бағытта 2019 жылдан бастап, жалпы 292 жаңа автобус жеткізілді. Оның ішінде 2019 жылы 70 автобус алынды. 2020 жылы 15 автобус жолға шықса, 2021 жылы 32 қоғамдық көлік сатып алынған. 2022 жылы – 37, былтыр – 73, биыл 65 автобус сатып алынды. Сонымен қатар, «Өнеркәсіптік дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасымен Шу ауданында 7 және Меркі ауданында 6 автобус сатып алынып, жолға қойылды. Биыл басқармаға қарасты әлеуметтік маңызы бар 6 автобус және 3 теміржол, яғни 9 маршрут үшін 492,1 миллион теңге бөлінді. Сонымен бірге, биыл қалаішілік және ауданішілік 88 әлеуметтік маңызы бар маршрутқа 2,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Әлеуметтік маңызы бар маршруттардың 39-ы қалаішілік, 49-ы ауданішілік. Қаралған қаржының ішінде қалаішілік маршруттарға 2 миллиард теңге, ал қалғаны ауданішілік маршруттарға бағытталды, – дейді Ғазиз Мұратұлы.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан атқарылған жемісті жұмыстардың арқасында өңірдің автожол саласын дамытудың басым бағытына жататын өзекті мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Жамбыл ауданында да жүйелі жұмыс бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданында соңғы екі жылдың ішінде 134 километр жол жөндеуден өтіпті. Бұл ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу туралы тұрғындардың басты талаптарын орындау барысында атқарылған шаруалардың жемісі. Аудан басшылары жергілікті халықпен кездесіп, олардың талап-тілегі мен уәжін тыңдау барысында нақ осы мәселе жиі көтеріліп келген. Қазір мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді.
Жалпы, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 километрді құрайды. Оның ішінде 72 километр республикалық маңызы бар, 85,7 километр облыстық мәндегі жол болса, 163,9 километр аудандық мәндегі жол. Ауылішілік көшелердің 274 километріне асфальт жабыны төселсе, 152,4 километріне шағал төселген.
Жұртшылықтың талап-тілегін орындау, көтерілген мәселені шешу, бір мезетте көшелерді бірден асфальттап тастау мүмкін емес. Дегенмен, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келе жатқаны қуантады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Діни бірлестіктермен байланыс бойынша кеңес отырысы өтті
- 4 қараша, 2024
Аймақ айнасының айтулы белес
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді