Адамзат санасын өзгерткен бес жазушы

Адамзат санасын өзгерткен бес жазушы
Ашық дереккөз
Сандық технологиялар сынаптай сырғыған уақыттың алдына түсіп, кешенді дамып жатқан бүгінгідей уақытта кітап оқудың кенжелеп қалғаны рас. Бірақ, тоқырап қалды деп кесіп айтуға болмайды. Бір жағынан ғылыми технологиялық жаңалықтар, екінші жағынан нарық билеген қоғамда аз да болса қолынан кітап түспейтін оқырмандар баршылық. Қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамудың жүйесін технологиялар қанша жерден тізгіндегенімен, адамзат санасына сілкініс жасап, кітапқа және әлемге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен қаламгерлер де аз емес. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. ГАБРИЭЛЬ ГАРСИА МАРКЕС 1928 жылы Аракатака қаласында дүниеге келген (Колумбия). Нобель сыйлығының лауреаты (1982). Үздік шығармалары – «Үзілген жапырақтар», «Полковникке ешкім жазбайды», «Үлкен шешені жерлеу», «Жүз жылдық жалғыздық», «Оба дерті кезіндегі махаббат», «Өз лабиринтіндегі генерал», «Менің мұңлы жезөкшелерім».

2004 колумбиялық жазушының бағын ашып, бүкіл әлемге әйгілі еткен шығармаларының бірі – «Жүз жылдық жалғыздық» романы. Аталған шығарма жөнінде Нобельдік комитеттің қазылар алқасы: «Қиял мен шындық тұтасып келіп бүтін бір құрлықтың өмірлік қақтығысын көрсетті», – деп атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қоғам жаңаша өмір сүргісі келді. Қан мен терден әбден шаршаған адамдар өзге дүниелерге мән бере бастады. Осы кезде Маркестің мистикалық дүние мен шынайы көзқарастар бір-біріне қайшылық туғызбайтын жаңа шығармалары адамдарға ерекше әсер етті. «...Карта мен өзімнің тәжірибем көрсеткендей, бұл отбасының тағдыры бейне бір диірменнің тасындай үздіксіз айнала беретін секілді. Бірақ олар диірменнің діңгегі бір күні тот басып, жарамсыз болатынын қайдан білсін?» – дейді Маркес өзінің әйгілі шығармасында.

Маркестің шығармасынан кейін не өзгерді? Маркестің шығармасынан кейін адамдар «Әлем – тек қарапайым және анық қағидалардан ғана тұрады» деген пікірмен санаспайтын болды.

2. ТОНИ МОРРИСОН 1931 жылы Лорейн қаласында дүниеге келген (АҚШ). Нобель сыйлығының лауреаты (1993). Үздік шығармалары – «Көгілдір көздер», «Сүйіктім», «Джаз», «Жұмақ», «Махаббат».

Тони Моррисонның шығармашылығына зер салатын болсақ, адамзатқа қажетті біраз игі құндылықтарды табамыз. Мәселен, ол өзінің шығармалары арқылы қара нәсілді адамдарға деген кекті жойып, өзгеше көзқарасты қалыптасыра білді. Міне, әйгілі жазушының жетістігі осы болса керек. Қара нәсілді жазушылар америкалық әдебиетке XVIII ғасырда қадам басты. Бірақ, XX ғасырдың орта шебіне дейін «қара» әдебиеттің құны болмай, елеусіз қалып келген еді. Тіпті, әдеби ортада олардың шығармалары «төмен» деңгейдегі туындылар қатарында болды. Бұл – сол замандағы ақ нәсілді америкалықтардың бірбеткей көзқарасы деуге болады. 60-жылдары жазылған Моррисонның «Көгілдір көздер» романы бұл қағиданы толықтай бұзды. Романның желісі бойынша, қара нәсілді жас ару көгілдір көзді жігітті аңсап, сол үшін Құдайдан күнде тілек тілейді. Тіпті, көгілдір көзді жігіт оның өмірін өзгертіп, мәңгілік бақытқа бөлейді деген ойда болады. Бірақ, бұл арман орындалмай, қара нәсілді адамдардың тауқыметті өмірі сол баяғы сарынмен өтіп жатады. Романның соңында әкесі зорлап, әлгі қыз есінен айырылады.

Моррисонның шығармасынан кейін не өзгерді? Моррисонның туындылары шыққаннан кейін батыс елдері ақ пен қара нәсілді адамдар тең екенін, ер мен әйелдің құқықтары бірдей екенін мойындады.

3. УМБЕРТО ЭКО 1932 жылы Александрия қаласында дүние келген (Италия). Жазушы, мамандығы – филолог.

Үздік шығармалары – «Розаның есімі», «Құбылмалы Фуко», «Накануне аралы», «Баудолино», «Лоана ханшайымның сиқырлы жалыны».

1980 жылы жазушының әлемге әйгілі «Розаның есімі» шығармасы жазылды. Бұл романда ортағасырлық эстетика мен италиялық мәдениет кеңірек насихатталған. «Тарих – ешқашан аяқталмайды, біздің әлем күрделі процестерден құралған әрі сан қатпарлы құбылыс. Бүгінгі заманда – өткеннің ізі бар. Ал ортағасырлық кезең – біз ойлағаннан әлдеқайда жақын болуы мүмкін. Прогреске көзсіз сенуге болмайды. Өмір керуені алға жылжып бара жатқан секілді көрінеді, ал шын мәнінде біз ортағасырлықтың дәл шетінде тұрмыз», – дейді Эко.

Эконың шығармаларынан кейін не өзгерді? Эконың кітабы шыққаннан кейін «тарихтың парақтары таусылды» немесе «тарихтың соңы бар» деп айтуға келмейтін болды. Бұл – адамзат тарихының басы ғана болуы мүмкін.

4. ДЖОАН РОУЛИНГ 1965 жылы Йейте қаласында дүниеге келген (Ұлыбритания). Жазушы, мамандығы – аудармашы.

Үздік шығармасы – Гарри Поттер туралы 7 роман.

Гарри Поттер туралы романдары «Әлемдегі ең үздік кітап» номинациясын бірнеше мәрте иеленген. Жаһандану замандында кітап оқу кенжелеп, оның орнына компьютер мен теледидар келді. Бұл – балаларды кітап оқудан алшақтатты. «Бүлдіршіннің рухани қажетін кім өтейді?» деген заңды сауалдар да туғаны шындық. Десе де, бұл қағиданы бұзған бірнеше шығарма бар. Солардың қатарында біз сөз етіп отырған Роулингтің Гарри Потер туралы романдарын атауға болады. Бұл сиқырлы ертегіде жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың қақтығысы суреттеледі. Кітаптың сюжеттік желісі Манчестерден Лондонға кетіп бара жатқан жолда құралған көрінеді. Ал кітаптың идеясы жазушы кафеде жұмыс істеп жүргенде келген. Осылайша 1997 жылы «Гарри Поттер және философиялық тас» атты алғашқы кітабы мыңнан астам тиражбен жарық көрді. Содан болса керек, Роулинг – бір шығармасына миллиард доллар қаламақы алған әлемдегі тұңғыш жазушы атанды. Ол өзінің қаражатының біраз бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп берді.

Роулингтің шығармасынан кейін не өзгерді? Роулингтің шығармаларын оқи отырып кітап оқудың ескірмегенін білдік әрі жаңа технологиялардың дамуына қарамастан, кітаптың құны жоғалмайтынын сезіндік.

5. МИШЕЛЬ УЭЛЬБЕК 1958 жылы Реюньон аралында дүниеге келген (Франция). Жазушы, мамандығы инженер-эколог. IMPAC әдеби сыйлығының иегері.

Үздік шығармалары – «Күрестің кеңейген кеңістігі», «Қарапайым бөлшектер», «Лансароте», «Платформа», «Аралдың мүмкіндігі».

2002 Еуропа тұрғындары аз жұмыс істеп, көп ақша табады. Бұл елдердің мәдениеті де осы жүйемен тікелей байланысты. Уэльбек еуропалықтардың технологиясы қарыштап дамығанына қарамастан, олардың іштей бақытсыз екенін айта келіп, бұл мәселенің шешілуін қарастырады. Прозаик, ақын, жазушы әрі композитор Мишель Уэльбек аталған елдердегі жалғызбасты ауқатты адамдардың ішкі күйзелісін өзінің шығармаларында шебер көрсете білді. Осылайша ол материалдық дүниеден гөрі жан дүниенің байлығына көбірек көңіл бөлуді және адамның жан бостандығын насихаттауға белсене кіріскендей. Шығыс пен батыстың кейбір элементтерінің ұқсастығын ашық айтқан жазушы Еуропа байларының үні болды, олардың сөзін сөйледі. Сонымен қатар, Уэльбек өзінің романдары арқылы жалғызбасты еуропалықтардың бүкіл фобияларын жоюға тырысты. Мәселен, терроризмді, технофобияны, медиа саласына қатысты кез келген келеңсіздіктерді ысырып, жарқын өмір сүруге үндеді. Қысқасы, ол үшін еркін өмір сүру – адам бақытының кілті болды.

Уэльбектің шығармасынан кейін не өзгерді? Уэльбектің туындыларын оқығаннан кейін Еуропа елдерінде «Материалдық байлық – адамның толықтай бақытты болуының кепілі» деген тұжырымды айту қисынсыз болды.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар