Меркіде бір мезгілде 43 бала сүндеттелді

Меркіде бір мезгілде 43 бала сүндеттелді
Ашық дереккөз
Меркілік дәрігерлердің айтуынша, мерекеге орай аудандық орталық ауруханада ұйымдастырылған бұл іс-шара көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында жүзеге асырылған. Оған ауданның бас имамы Азамат Берікұлы келіп, Құран оқып, игі іске ауыл ақсақалдары батасын берді.

Меркі ауданының 43 баласын сүндетке отырғызған бұл іс-шарада аудандық аурухананың хирург дәрігерлері Ғалымжан Сабыров, Ұлан Көктеубаев, Ғани Құрманәлі, Алмас Парманқұлов, Нұрзат Жұманов, Мархаба Ахауова және медбикелер қызмет еткен.

– Баланы сүндеттеу арқылы болашақта кездесетін әртүрлі инфекциялық қабыну ауруларының алдын аламыз. Әрине, бала болғаннан соң қорқып, жылайды, тіпті ата-анасына қарамай қашып кететін жағдайлар да кездеседі. Мұндайда дәрігерге баланың тілін таба білу өте маңызды. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, алдымен сүндеттелетін баламен емен-жарқын сөйлесіп, танысамын. Аты-жөнін сұрағаннан кейін «Кімнің баласысың?» десең, олар бірден әкесін немесе атасын мақтанышпен атайды. Осындайда халқымыздың ертеден қалыптасқан дүниетанымына сай ата-апасы туралы, бауырлары жөнінде сұрақ қойсаң, ол бірден ағытыла жауап беріп, қорқынышын ұмытады. Осылай баламен жылы қарым-қатынас орнатып алғаннан соң не істейтінімізді түсіндіреміз. Қандай жағдайда да балаға өтірік айтпай, бәрін ашық түсіндірген дұрыс. Сонда оның санасында дәрігерлерге, үлкендерге деген сенімі қалыптасады. «Қазір аз ғана май жағамыз» деп 70 пайыздық спиртпен өңдеп, «Қазір бір рет маса шағады» деп инсулин шприцімен 2 пайыздық лидокаинді теріге енгізіп аламыз. Балаға «Көзіңді жұм, ашып қоятын болсаң, ауырады» деп түсіндіреміз де, сүндеттеу процесін бастаймыз. Қазір сүндеттеу электрокабулятормен жүргізілетіндіктен, 3-4 минутқа созылады. Бұл кезде бала ауырсынуды сезініп те үлгермейді. Кейін ата-анасына кесілген орынды көк дәрімен (зеленка) өңдеп, ертесіне әлсіз марганцовкамен жуып, көк дәрі жағып отыруды ұсынамыз, – дейді хирург дәрігер Алмас Парманқұлов.

Іс-шарада балаларын сүндетке отырғызып, ата-аналық міндеттерін атқаруға көмектескен дәрігерлерге алғыс айтушылардың да қатары көп болды. Ал, аудандық аурухананың кәсіподағы тарапынан азамат болған балақайларға ойыншықтар тарту етілді.

 

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар