Шаруа қожалықтары мен фермерлердің иелігіндегі егіс алқаптарының шағын көлемі және олардың өндірістік әлеуетінің төмендігі өндіріске озық технологиялар мен ғылым жетістіктерін енгізуге толық мүмкіндік бермеуде. Соның салдарынан ауылшаруашылық дақылдары мен мал өнімдерінің түсімділігі жоғарғы деңгейде емес. Осы жағдай ішкі нарықтағы ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етпей, импортқа тәуелділікті қалыптастыруда. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің тәжірибесінде шаруашылық мәселесімен өздерінің отбасылары ғана айналысып, ауылдағы жұмыссыздықты жоя алмауда және табыстары ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмаған, өндірістері ұсақ тауарлы сипатта қалуда. Шындығына келсек, шағын ауылшаруашылық құрылымдары өздерінің шаруашылығын қажетті мамандарсыз жүргізуде. Олардың функциясын қолдарынан келгенше шаруашылық басшылары өздері орындауда. Себебі, өндіріске қажетті мамандарды шағын шаруашылықта ұстау қаржылық тұрғыда тиімді емес. Алайда, осы қожалықтарда білікті мамандарсыз озық заманауи технологиялар мен ғылым жетістіктерін енгізу, ауыл шаруашылығының тиімділігін тиісті дәрежеге көтеру мүмкін емес.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолы – ауылшаруашылық құрылымдарды ірілендіру. Шағын құрылымдардың ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге ынталандырудың мәні зор.
Кооператив – бұл ортақ экономикалық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктер мен ұмтылыстарын бірлесіп және демократиялық жолмен басқаратын кәсіпорын арқылы қанағаттандыру үшін өз еркімен біріккен адамдардың автономды қауымдастығы. Яғни, кооперативтер – фермерлерге жеке-жеке қол жеткізуге болмайтын әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жету үшін қызмет көрсететін құрылым.
Ауыл шаруашылығындағы кооперативтердің тиімділігін әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Халықаралық тәжірибеде әлемнің көптеген еліндегі кооперативтер ауыл шаруашылығын дамытудың негізіне айналған. Мысалы, Нидерландыда 83, Финляндияда 80, Италияда 55 және Европалық одақта фермерлік шаруашылықтардың орта есеппен 57 пайызы кооперативтердің мүшесі.
Бүгінде елімізде кооперативтер үшін жергілікті бюджеттер есебінен мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолжетімді. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникасын және қажетті жабдықтарды сатып алуға, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар ашуға тиімді несие алу қарастырылған. Инвестициялық субсидиялау ережесінде кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтардың жекелеген түрі бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50 пайызға дейінгі құнын субсидиялаудың басымдығы мен жоғары нормативтері қарастырылған. Соған қарамастан, еліміздегі шаруа қожалықтары мен фермерлер өз еркімен ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге құлықты емес.
Оның басты себептеріне шағын, орта бизнес өкілдерінің кооперативтерге сенімсіздігі, нормативтік-құқықтық базалардың жетілмегендігі және кооперативтің тартымдылығы туралы ақпараттың тиісті дәрежеде жүргізілмеуін жатқызуға болады.
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға бағытталған шаралар қарастырылған. Көп жағдайда жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары сол шаралармен таныс емес және оларды жүзеге асыру шаралары тиісті дәрежеде жүргізілмеуде. Сондықтан тұжырымдамадағы қабылданған іс-шаралар туралы ақпаратты агроқұрылымдарға жеткізу жұмыстарын жақсарту керек. Кооперацияның ерекшелігі мен тиімділігін шағын және орта бизнес өкілдеріне түсіндіріп, көмектесе алатын ақпараттармен арнайы айналысатын ұйымдар мен одақтардың жұмыс істегені жөн.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінде жер, су, еңбек ресурстарын, техникаларды тиімді пайдалануға және өндіріске озық технологияларды енгізу жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуге қолайлы жағдайлар бар. Шағын және орта шаруа қожалықтары мен фермерлер кооперация құрамына біріккен жағдайда, озық технологияларды енгізуде олардың техникасын, мамандарын, өндірген өнімдерін өңдейтін құрылымдарының қызметін пайдалануға зор мүмкіндіктер туындайды.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы субъектілері өндірген өнімдерін қолайлы бағамен өткізуде қиындықтарға ұшырауда. Көп жағдайда олар делдалдардың көмегіне жүгінуде. Сондықтан шағын, орта кәсіпкерлік субъектілердің өнімін форварттық сатып алу жолын жүзеге асыруды енгізудің маңызы зор. Бұл өз кезегінде шаруа қожалықтары мен фермерлердің жағдайын жақсартып, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндіктер береді. Еліміздегі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық корпорация АҚ-на ауыл шаруашылығы дақылдарын форвардтық сатып алу, дайын азық-түлік тауарларын, оның ішінде оффтейк келісімшарт жасау жолымен сатып алу, жемдік қор құру және жемдік астықты құс шаруашылығы, мал шаруашылығы кәсіпорындары мен субъектілеріне өткізу арқылы АӨК субъектілерін қолдау іс-шаралары бекітілген. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз өнімдерін осындай тиімді жолмен өткізу, сату жолдарын пайдаланбай отыр. Себебі, олар осындай шаралардың қабылданғанын, қандай құжаттарды дайындау және корпорация тарапынан қойылатын талаптар жөніндегі ақпараттарды жарнамалаудың жеткілікті еместігінде болып отыр.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға қомақты қаржы бөлінуде. Алайда, ауылды дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін мемлекеттік қаражаттар жұмыссыздықты және қажетті азық-түлік өнімдерін тиімді өндіру мәселелерін толық шеше алмауда.
Бүгінде субсидия алуға тапсыратын құжаттардың саны көп және кәсіпкерлер ол құжаттарды тиісті ережелерге сай сауатты дайындап тапсыруға дайын емес. Жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы субсидия мен жеңілдетілген несиелерді рәсімдеуге байланысты қатынастарды оңтайландыру, реттеу жұмыстарын жүргізетін құрылымдар дамымаған. Солардың салдарынан шаруашылықты дамытуға қажетті субсидиялар мен басқа да мемлекеттік қолдаулар шаруа қожалықтары мен фермерлерге жеткілікті мөлшерде және қажетті мерзімде қолжетімді болмауда. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін субсидиялар мен мемлекеттік қолдаулар тек ақшалай емес, тыңайтқышпен, сапалы тұқыммен, жем-шөппен, ауыл шаруашылығына қажетті жаңа техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және қажет болған жағдайда озық агротехникалық шараларды, су үнемдеу технологиясы бойынша жұмыстарды орындау арқылы бөлінуін жүзеге асырудың маңызы зор. Ол үшін сол жұмыстарды сапалы жүргізе алатын арнайы мамандандырылған құрылымдар жүйесін дамыту қажет. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттардың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, жер, су, еңбек ресурстарын дұрыс пайдалануға, мол өнім өндіруге мүмкіндіктер туғызады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын тежеп отырған жағдай – оларға қажетті жер, су ресурстарының тапшылығы. Көп өңірде жайылымдық жерлер мен шабындықтардың жетіспеушілігі сезілуде. Жайылымдықтардың көп бөлігі деградацияға ұшырап, шөлге айналып, пайдаланудан шығып қалған. Осы орайда, көктемгі қар, жауын мен тасқын суларын шабындықтарға жайып, шабындық жерлердің көлемін арттырған жөн.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер әлі де болса толық игерілмеуде. Оларды пайдалануға ниетті тұрғындарға беру мәселелері толық шешілмеген. Үлкен қалалардағы халық санының өсуіне байланысты қала маңындағы ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді қалаға беру үрдісі жалғасуда. Бұл өз кезегінде фермерлердің азық-түлік өнімдерін өндіруге қолайлы жағдай туғызбауда.
Жалпы, еліміздегі жер көлемінің кең екенін және олардың толық игерілмей жатқанын ескерсек, ауыл тұрғындарының ірі қалалардың төңірегіне шоғырлануын қолайлы жағдай деп айтуға болмайды. Себебі олардың тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етудің де өз проблемалары бар. Бүгінде кәсіпкерлер ірі қалалардың тұрғындарын шетелдің арзан азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп, отандық өнімдердің тұтыну қабілеттілігін төмендетуде.
Бұл үдерісті тоқтатудың жолы – аудандық маңызы бар шағын қалалардың жағдайын жақсартып, аудан орталықтарының негізінде аргоқалашықтар салуды қолға алу. Ол жерлерде негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін өндіріс орындарын салумен қатар, ауыл тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыратын денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарының қызметін жандандыру жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе ретінде қабылдануы тиіс. Әрине, бұл шаралар өз кезегінде республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаржы қарастырылуын қажет етеді. Шетелдік және отандық инвесторларды тартудың да маңызы зор. Аймақтық дамуды инвестициялық басым жоба ретінде қарастыру арқылы отандық заңды тұлғалар үшін инвестициялық субсидияларды жеткілікті мөлшерде бөлуді жеделдетіп қолға алған жөн. Осындай шараларды жүзеге асырған жағдайда ғана аудандық маңызы бар қалаларды дамытуға, агроқалашықтарды салуға және ол жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндіктер туындайды.
Қорыта айтқанда, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамту мәселесін шаруашылықтарды ірілендіру және кооперцияны дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Олардың құрамында өндіріске қажетті заманауи технологияларды енгізе, сапалы жүргізе алатын, өнімдерді қайта өңдеу құрылымдарын ашу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы ауылдың инфрақұрылымын, тұрғындардың әлеметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың қалаға қоныс аударуын тоқтатуға болады.
Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті.
Ұқсас жаңалықтар
Қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі
- 4 қараша, 2024
Аймақ әлеуетін арттырған жоба
- 31 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді