Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ардагерлер кеңесінің мүшелері мен басқарма басшылары, қала тұрғындары мен белсенді жастар қатысты. Жиында Ербол Шырақпайұлы тұрғындарды мерекемен құттықтап, салтанатты іс-шараның мәні мен мазмұнына тоқталып өтті.
– Халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасын жалғайтын тәуелсіздігіміздің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет көрсету әрқайсымыздың қастерлі борышымыз. Көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Мемлекеттік Гимн еліміздің айбыны. Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы біз ізгілік пен татулықты, бейбітшілік пен тыныштықты ту еткен ел екенімізді әлемге әйгілейміз. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан патриоттар форумы биыл облыстың 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Облысымызда 87 ұлттың өкілі тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешуде. Бүгінгі форум осы тұтастық пен татулықты, бірлікті нығайтуға бағытталған. Ұлттық нышандарымызды қастерлеу арқылы біз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Сондықтан, аталған форумның тәрбиелік, тағылымдық мәні зор, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, іс-шара барысында патриотизмді нығайтуға, өңірдің әлеуметтік-саяси ахуалының дамуына үлес қосқан және сан салада азаматтық болмысымен танылып бейбіт күннің батырлары атанған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Атап айтқанда, аймақ басшысының Алғыс хатымен мамыр айында «Самал» шағынауданында орын алған өрт оқиғасында апатты аймақтан кәмелетке толмаған бес баланы алып шыққаны үшін полиция аға лейтенанты Әділет Тойжігіт, каналға құлап кеткен екі жасар Бекжан Иманәліге алғашқы жедел көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалғаны үшін полиция аға лейтенанты Дәурен Қолқаев пен полиция лейтенаты Ералы Сансызбаев, патриотизмді нығайтуға қосқан үлестері үшін «Жамбыл» бокс клубының спортшысы, биылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Мадияр Бексұлтанов, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Дархан Байпақ марапатталды.
Бейбіт күннің батырлары атанған азаматтардың қатарында наурыз айында Тараз қаласында орын алған өрт оқиғасының таралуына тосқауыл қойып, жойылуына үлес қосқаны үшін марапатталған азаматтық қорғау күшінің кіші сержанты, өрт сөндіруші Бекнар Сейітжапаров та бар.
– Адам құтқару – абырой жинау үшін емес, жұмысымызды адал атқаруға деген талпыныс. Айтулы күнде еңбегіміздің еш кетпей, еленгені қуантады. Кез келген жас маманның жүрегінде Отанына деген қызмет, еліне деген патриоттық сезім болуы керек. Рәміздерімізді құрметтеп, қашанда мақтаныш ете білуіміз маңызды. Жас ұрпаққа осыны ұғындырып, ел мен жердің айбыны мемлекеттік нышандарды дәріптей беруіміз қажет, – деді Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушы маманы Бекнар Сейітжапаров.
Сонымен қатар, салтанатты жиында облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлесі үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев, Тараз қаласы білім бөлімінің Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Анар Жүнісәлиева, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық департаментінің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің аға прокуроры Еңлік Кенбаева мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Лаура Сейталиеваға облыс әкімінің Құрмет Грамотасы табысталды.
Ал, қоғам белсенділері мен тұрғындар аталған іс-шараның ұлт пен ұрпақ сабақтастығындағы рөлі зор екендігін атап өтті.
– Әр мемлекеттің өзіндік рәмізі оның өткенінен мол сыр шертеді. Сол арқылы оның болашағының кепіліне айналады. Бүгінгі мерекелік іс-шараның тек жас ұрпақты ғана емес, барша тұрғынның бойында патриоттық сезімді оятары анық. Осы сияқты ұлттың рухын оятатын бастамалар аясында мемлекеттік тілімізді дамыту ісін де жолға қойғанымыз жөн, – дейді ардагер журналист Бекет Момынқұл.
Форум соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді