«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық бірегейлік белгісі

Ұлттық бірегейлік белгісі
Ашық дереккөз
Мемлекеттің бүкіл дүние жүзіне ұлттық ұстынын, тәуелсіздігі мен дербестігін танытатын белгі – ол елдің рәміздері. Мемлекеттік рәміздерсіз ел тәуелсіз, дербес елге жатпайды.

Кеңестер одағы ыдырап, өз алдына дербес атанып, тәуелсіздігін алған біздің мемлекетіміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған болатын. Ал, 750 жоба ішінен таңдалып алынған алғашқы Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Биыл 32 жыл толатын осы рәміздерге байланысты қызықты мәліметтер көп-ақ. Туу туралы куәліктен бастап, зейнетақы кітапшасына дейін белгісі қолданылуы керек Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында міндетті түрде ілінуі тиіс Туымыз үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек. Биіктігі 111 метр ең үлкен ту астанамыздағы 2009 жылы салынған «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды. 4810 метр биіктікті алып жатқан Монблан шыңында, Памир тауының 7134 метрлік Ленин шыңында және 8800 метрлік Эверест шыңында еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты. Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жалпы, еліміздің заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.

Осындай деректерге толы рәміздеріміздің дүниеге келген күні бүгінде Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн ретінде жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіледі.

Биыл Атырау облысында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Елтаңбасын өзгерту туралы ұсыныстарға байланысты өз ойын білдірген еді. Қ.Тоқаев қазіргі Елтаңбамызды кеңестік гербке ұқсататындар, сонымен қатар, күрделі деп санайтындар бар екеніне тоқталған.

Табиғат пен тұтас тіршілік жаңаратын Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген Ұлттық Құрылтайда қозғалғандай, елімізде қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалуда. Жақсылықтарға жол ашатын осы алқалы жиында Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналды. Биыл тағы бір тарихи өлке – Атырау облысында өтті. Үшінші отырыстың Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған шаһар – әйгілі Сарайшық қаласы тиіп тұрған Жайық жағасында тегін өтпегенін меңзеген Қасым-Жомарт Кемелұлы жиында терең тағылымды баяндама жасады. Көп жаңалықтар, өзгеше өзгерістердің мазмұны паш етілді. Мемлекет басшысының, әсіресе, Елтаңба туралы сөзі бүкіл елді елең еткізгені сөзсіз. Ұлттық бірегейлігіміз айқын көрініс тапқан мемлекеттік рәміздер туралы, аймақтардың нышанын, символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін былтыр да тіліне тиек еткен Қ.Тоқаев барлық нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиістігін баса айтқан болатын.

Алайда, жұрт жанына жақын боп, санаға етене сіңісіп кеткен Әнұранымыз бен мемлекеттік Туымыздың өзгеруіне қарсы пікір айтушылар да жоқ емес. Президент мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандардың да айтып жүргенін, орынды пайымдардың ескерусіз қалмауы керектігін жеткізді.

«Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын, Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президентінің осы сөзінен кейін Гербті ауыстыру туралы ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті. Кейбір азаматтар Президенттің ұсынысын дұрыс деп бағаласа, кейбірі қарсы екенін білдірді. «Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің басты құжаты. Қазақ елі өзінің рәміздерін қабылдағанда, біз әлі балаңдық сана-сезімнен арыла қоймаған едік. Сол қиын кезеңдерде көпшілік қауым ел тұрмысының нашарлығына қарамастан, егемендік алғанына қуанды. Жанталасып тәуелсіздігін бекітуге ұмтылды. Ол, әрине, мемлекеттік рәміздерді бекіту деген сөз. Жан-жақты ұсыныстар айтылды, мемлекеттік деңгейде тыңдаулар болды. Бірақ, біздер әлі қазақ жұртының болмысын, қазақтың ертеңін өткенімен шендестіріп айта алмадық. Бізге әдемі ту, елтаңба, әнұран керек болды да, қабылдап жібердік», – деген жазушы-этнограф Төрехан Майбас журналистерге берген сұхбатында қазіргі бейнедегі Елтаңбамыз тәуелсіздіктің елең-алаң шағында өмірге келгенін еске алды. «Елтаңбамызды өзгерту ұлттық бірлігімізді нығайтуға жасалған оң қадам болар еді» деген сарапшыларды Елтаңбаның орындалу мәдениеті ешқандай мемлекеттен төмен деуге болмайтынын мойындай отырып, «Елтаңбадағы қанатты пырақтар қазақтың болмысын бере алмайды. Нағыз тәуелсіздіктің нышаны – қанатты көк бөрі» дескен қоғам белсенділері де қолдады.

«Гербте қазақ елінің болмысы көрінуі тиіс. Мәселен, Аустралияның гербінде кенгуру тұр. Соған қарапақ, елдің аты жазылып тұрмаса да, Аустралияның Елтаңбасы екенін түсінесің. Бізде қазақтың жылқысы тұр, алайда, пырақ қазақтың ұлттық коды бола алмайды. Біздің ұлттық кодымыз – қасқыр. Көкбөрі деген сөз – тәуелсіздік деген сөз. Жылқы тәуелсіздік ұғымын бере алмайды», «Содан кейін төбедегі жұлдыз. Біз, шығыс халықтары, жұлдыздан гөрі, айға жақынбыз. Тұрмыс-тіршілігіміз, өмір сүру ұстанымымыз аспандағы аймен байланысты. Сондықтан бізге ай тұрғаны дұрыс еді», – дегендер де табылды. Алайда, олардың кейбірі «Елтаңбаны ауыстыру керек дегенімізбен, дәл қазіргі уақытта ол шаруа елдің экономикалық жағдайына едәуір салмақ салады» деп алаңдаушылығын да білдірді.

Шындығында, Елтаңба туралы пікірталастар асықпай ойлануды талап етеді. Елтаңбаны өзгерту үшін тек Қазақстанның өзінде 7 миллиард теңге жұмсалады-мыс.

Диаметрі 50 сантиметрлік Елтаңбалар қазір 71000 теңге тұрады екен. Ал, диаметрі 1 метрліктерінің бағасы 140 мың теңге екен. Оған қоса, шет елдердегі елшіліктердегі Елтаңбамызды ауыстырарда кететін шығындарды есептей беріңіз...

Сондықтан, әр кезең, әр жылдары мезгіл сүзгісімен сұрыпталып, қалыптасып келе жатқан елдік атрибуттарымызды әрқалай өзгертуге тым құмар болушылықтан сақтануымыз керек сияқты. Өмір ағымындағы, заман дамуындағы толеранттылық пен тұрақтылық әрбір қоғам мүшесінің, әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың қалбылдау дағдысында саналы түрде салиқалы көрініс табуы тиіс. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге күш салынатын жобалар көптеп жүзеге асырылып жатқан жасампаз мемлекетімізде рәміздерге жаңалық енгізуді ұсынушыларға Елтаңба туралы түрлі көзқарастардан ортақ келісімге келер алдында асықпайықшы деуіміздің себебі осы еді.

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар