Естен кетпес ерекше күн

Естен кетпес ерекше күн
Ашық дереккөз
Уақыттың жүйрігін-ай! Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап едік. Анамның мектепке қалай жетелеп барғаны күні бүгінгідей есімде. Енді міне, мектеп бітіргенімізге 30 жыл. Отыз күндей өте шыққан отыз жыл. Ұлағатты ұстаздар естен кетпейді.

Оқушы күніміздің әр сәтінен қысқаша түйін ғана айтайын. Ол кезде оқушыларды жүгері теруге шығарушы еді. Ал мен оқу озатымын. Жүгеріде жүріп, төртінші күні мен сыныптас балаларға еріп, алқаптан қашып кетпек болдық. Сол кезде мектеп директоры Артельбек Қуанышбеков ұстап алып: «Досалиев, сен жыл сайын «Мақтау қағазын» аласың. Ол жерде не деп жазылады?» деген. Менде үн жоқ. «Өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін» деп жазылады. Сенің бүгінгі тәртібің қандай болды?» деп ұялтқаны бар. Осы сөз ұялтты. Өмір бойы есімнен шықпай келеді. Жауапкершілікті есіме салып келеді.

Әр сабағының 5-6 минутын өмірлік тәрбиеге арнайтын Жапақ Әйтімбетов, математиканы керемет түсіндіретін Нұрқаш Сағатов, әр сабағын әзілмен өткізетін Болат Ізбасов, Ержан Бидайбеков, Барбосын Адырбеков, шәкіртке жігер беруден жалықпаған Марат Мұхтаров ағайлар, «Менің сыныбымның әр қызын жұрттар құда түсіп алып кетеді» деп, қыздардың болашақ ана екеніне ерекше мән беретін, КСРО үздік мұғалімі Аманкүл Құрманалиева, әр сабағы қызық Ғайша Әмірқұлова, әр сабағын оқушылар асыға күтетін Ханзада Оразбекова, ұлағатты ұстаз, сынып жетекшіміз Жамал Байболова, тарихқа тәрбиелеген ұстаз Шайза Баймұратова әпкейлермен мақтанушы едік. Алғашқы ұстазым Гүлсара Жантайбекованың мектеп бітіріп, ауылда бірер жыл жүріп қалғанымда: «Таразға бар, білім ал. Жолың ашылады» деп бағыт беруі, Ханзада, Аманкүл, Ғайша әпкейлердің әр сабағын оқушылар асыға күтетіні есімнен кетпейді.

Жан-жаққа түлеп ұштық. Ұстаздардың берген білімі арқасында жаман болған жоқпыз. Сыныптастарымыздың арасында Жылжанат Жантайбекова – мектеп директоры, біз қалам ұстадық. Болатбек, Әрімбек, Шона, Ботагөз – жеке кәсіпкерлер. Гүлнұр, Жазира, Нұргүл білім саласында. Ерлан, Жүсіпбек, Қасым Астана құрылысына үлес қосқан құрылысшылар. Ақнұр, Медет, Мұратбек, Жәнібек техника жүргізудің шеберлері. Бәрі өмірден өз орындарын тапты. Оның барлығы Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінің, ұлағатты ұстаздарының арқасы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар