Облысымызда «Ауыл аманаты» жобасының бес жобасы 2019 жылдан бері сәтті жүзеге асырылу үстінде. Ол бағыттарға жеке тоқталар болсақ, бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, екінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту, үшінші бағыт – азық және жайылым проблемаларын шешу үшін ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, төртінші бағыт – кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау, бесінші бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашуға көмектесу.
Жалпы, бірінші бағыт бойынша 187,3 миллион теңге бөлініп, жоба аясында алынған ауыл шаруашылығы техникасының күшімен үй іргесіндегі жер телімдері өңделіп, тұрғындар өз учаскелерінде бау-бақша салып, табыс табуда. Ал, екінші бағыт бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңгені құрайтын 7576 жоба жүзеге асырылды. Сөйтіп, жоба аясында 34 030 бас қара мал, 214 183 қой-ешкі сатып алынған. Үшінші бағыт бойынша ұсақ шаруалардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді игеру бағытында 41 ауыл шаруашылығы кооперативіне 673, 4 миллион теңгені құрайтын айналым қаражаты берілді. Жер телімі жаңадан құрылған ауыл шарауашылығы кооперативтеріне біріктіріліп, игеріле бастады. Аталмыш бағыт бойынша берілген қаражат есебінен кооперативтер дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағармаймен қамтылды. Төртінші бағыт бойынша облыста 57 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 3,2 миллиард теңгеге 340 трактор мен ауылшаруашылығы тіркемелерін алып, жұмыс істеуде. Бесінші бағыт бойынша 72 жоба қаржыландырылып, 515,7 миллион теңге игерілген. Осы жобалар аясында елдімекендерде макарон цехы, шағын жылыжай кешені, техникалық қызмет көрсету орталығы, профнастил шығару цехы, шағын тауық фермасы сияқты кәсіпкерлік нысандар көптеп ашылған.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп ашқандардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылдық округінің тұрғыны Жеңіскүл Тайбосынова өткен жылы профнастил шығару цехын ашып, жұмысын бастап кеткен болатын. Ол цехты жабдықтау үшін кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 8,5 миллион теңге несие рәсімдеген. Қазіргі таңда металл плиткаларын өңдеп шығару цехы толық жұмыс істеп тұр. Аудан аумағында құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатқандықтан, аталған материалды қажет етушілер қатары да арта түскен.
Сондай-ақ, Қордай ауданы, Кенен ауылдық округінің тұрғыны Асылжан Бақытжанқызы өз мақсатына жету үшін корпорацияға ұсыныс беріп, 8,6 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарын алып, «Eco- CHICKEN» шағын құс фермасын ашты. Жұмыс барысында жеке кәсіпкермен сөйлескенімізде ол құс фермасының 1500 тауыққа лайықталып жасалғанын, өнім үлкен сұранысқа ие екенін айтты. Бір жарым айда, яғни 45 күнде ет алып, тауарлы салмаққа жеткен тауықтарды «Экочикен» тұтынушылар кооперативі арқылы Алматы қаласындағы сауда орталықтарына өткеріп отыр. Ал, шағын фермадағы таза табыс орташа есеппен айына 500 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайрат Бисенбаев өз кәсібін ашу мақсатында тігін цехына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алуға 6,3 миллион теңге несие рәсімдеген болатын. Бүгінгі таңда ол үш адамды қосымша жұмыспен қамтыған. Өндірілген өнімдерін жеке компаниялар мен жеке сауда нүктелері арқылы өткеруде. Алдағы уақытта қосымша тігу станоктарын алып, цех жұмысын кеңейтуді жоспарлауда.
Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, егер жеке кәсіпкер алған несиесінің үштен бір бөлігін қайтару, мерзімінен бұрын толықтай жабатын болса, жоба ережесіне сәйкес басымдық берілетін жобалар бойынша кәсіпкер өз бизнесін дамытуға 8000 айлық есептік көрсеткіш бойынша қайта қаржылану үшін ұсыным бере алады. Бүгінде жоба аясында мал басын сатып алудан басқа қайта өңдеу цехы, жылыжай, әлеуметтік нысандар ашуға басымдық беріліп келеді.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы өнідірістік кооперативтерінің басты міндеттерінің бірі–кооперативке мүше болған, шаруашылықтардың бос жатқан жерлерін кооператив арқылы игеру, кооператив мүшелеріне жеңілдетілген бағамен агротехникалық қызметтер көрсету, жоба аясында несиеге мал алған кооператив мүшелеріне жеңілдетілген бағамен жем-шөп әзірлеп беру.
Осы орайда, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы құрылған кооперативке тек жеңілдетілген несиені беріп қана қоймайды, сонымен қатар кооперативті құру, оның мүшелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, жарғылық құжаттарын жасақтау, сондай- ақ басқа да бухгалтерлік және салық мәселелеріне байланысты сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан стратегиялық әріптесі болып табылады. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2022 жылы құрылып, бүгінгі таңда өз қызметін табысты жүргізуде. Кооператив 139 миллион теңгеге 17 трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемесін алды. Одан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармай алуы үшін 26 миллион теңге несие берілді. Қазір кооператив өз егін алқаптарын толық игеріп, жұмысын жоспарлы жүргізуде.
Бүгінгі күні аталған кооператив 900 гектар алқапты игеруде. Егіс алқаптарынан 185 тонна бидай, 180 тонна арпа жиналып, кооператив мүшелеріне жеңілдетілген бағамен 100 тонна арпа үлестірген. Сонымен қатар, 4000 тайланған шөпті 400 теңгеден өткерген. Кооператив ауылдың 3 тұрғынын тұрақты жұмыспен, үш азаматты маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Биыл бидайды 250, арпаны 300, картопты 5, ал мал азығы дақылдарын 50 гектар алқапқа орналастырған.
Осы кооперативпен қатар Байзақ ауданы, Жалғызтөбе ауылдық округінде құрылған «Жалғыз төбе» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 137,6 миллион теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасын алып жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда кооперативке «Тараз» ӘКК арқасында 400 гектар алқап бекітіліп берілген. Кооператив өткен жылдың ауа- райының қолайсыздығы мен құрғақшылығына қарамастан егіс алқаптарынан 176 тонна арпа, 160 бидай жинап, мал азығын дайындады. Биыл арпаны 200, бидайды 100 гектар алқапқа, қалғанына мақсары сеуіп, баптау үстінде.
Кооперацияның дамуындағы бірінші кезеңінде шаруалар жерлерін, ауыл шаруашылығы техникаларын біріктіре отырып ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Ал, екінші кезеңі өндірілген өнімді қайта өңдеу болып табылады. Осы орайда, облыста жоба аясында мамандандырылған кооперативтерді құру көзделген болатын. Ондағы мақсат – кооперативтер арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтардың ашылуын ынталандыру. Сонымен қатар, бұл бағыт аясында жылыжайлар ашу, су үнемдеу технологияларын қолдануды дамыту жоспарланған. Мәселен, «Сағындық-2022» мамандандырылған ауыл шаруашылығы кооперативі Жуалы ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында сүтті қайта өңдеу цехын ашты. Ендігі кезекте кәсіпкер кәсібін кеңейту мақсатында сүт өңдеу жабдығын алуға 29,5 миллион теңге өтінім беруге дайындалуда.
Биыл республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге несие қаражаты күтілуде. Демек, бесінші бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашу бойынша Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерінде және шағын қалалардың тұрғындарына несие алуға өтініш білдіруге мүмкіндігі бар.
Жоғарыда аталған жоба аясында қаржыландырудың негізгі талаптарына тоқталар болсақ, бірінші, өтініш берушілер 12 айдан астам уақыт бойы мекенжай анықтамасында тіркелген ауылдық округтерде/ шағын қалаларда тұруы тиіс; 2. Қарыз алушының/кепіл берушінің қолданыстағы мерзімі өткен берешегінің болмауы; 3. Қарыз алушының жасы 18-ден зейнеткерлік жасқа дейін; 4. Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі; 5. Мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы; 6. Несиені кепілмен қамтамасыз ету (үй, пәтер, коммерциялық мүлік); 7. Несиенің кепіл нысанын сақтандыру қажет; 8. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы (жер телімі, қора, ғимарат және тағы да басқа); 9. ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру; 10. Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу.
Несиелендіруді жеңілдету және тұрғындардың шығындарын азайту мақсатында несиені қарастыруға қажетті құжаттар жергілікті ауылдық округте бекітілген маман арқылы тізіммен жинастырылып, «Тараз» ӘКК АҚ мамандарына жеткізіледі. Несиеге өтініш беруші тек оң шешім қабылданған жағдайда, кепіл шартына келіп қол қояды. Кепіл шарты жергілікті құзырлы органда тіркеуден өткеннен кейін несие шартына қол қойылып, несие қаражаты қарыз алушының шотына жіберіледі. Несие шартына сәйкес қарыз алушы 60 жұмыс күні ішінде несиенің мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттарын «Тараз» ӘКК АҚ мамандарына өткізіп, сатып алынған малды және құрылғыларды көрсетуге, фотоға түсіруге дайындауы тиіс.
Берік МАНАСОВ,
«Тараз» Әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді