«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кестелі сөз, көркем ән, келісті күй

Кестелі сөз, көркем ән, келісті күй
Ашық дереккөз
Алатаудың айбоз шыңындай ақиық ақыны, әнші һәм композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Өшпес өнегелі өнер мен өмір иесінің артына өлмес мол мұра қалдырып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған әнші, эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған талант иесі болғаны баршаға мәлім. Ақиық ақынның өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасап, ел арасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығы дәстүрге сай республикалық деңгейде көптеген қалалар мен облыстарда аталып өтіп келеді. Бірақ, өзінің кіндік қаны тамған киелі өлкедегі іс-шараның орны бөлек. Тұлға мерейтойына орай, бауырлас қазақ пен қырғыз елінің жыршы-термешілері Қордай ауданында өткен «Алатаудың бұлбұлы» атты халықаралық фестивалінде бас қосып, төл өнердің төресі атанған ұлттық құндылықты ұрпаққа ұлықтау мақсатында меморандумға қол қойды.

Қордай аудандық Мәдениет үйінде Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы- термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының қатысуымен өткен фестиваль екі бауырлас ел арасындағы өнер мерекесіне ұласты.

Қырғыз елінен келген бір топ өнерпаздарды қордайлықтар дәстүрге сай ән-жырмен қарсы алып, Өтеген батыр тегенесіне салынған бауырсақ ұсынылды. Осыдан соң қонақтарға Мәдениет үйі фойесінде Кенен Әзірбаев музейі және аудандық орталықтандырылған кітапхана дайындаған көрме көрсетілді. Көп ұзамай өнер мерекесін ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина «Қырғыз бен қазақ арасы» әнімен ашты.

Аталған іс-шараға қатысқан аудан әкімі Бегзат Болатбеков келген қонақтар мен өнарпаздарға алғысын айтып, көршілес, бауырлас қазақ пен қырғыз елінің достығы одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

– Мерей тойға орай еліміздің басқа өңірлерінің өнерпаздарымен қатар, көрші Қырғыз Республикасының айтыскерлері мен манасшылары келіп, ақынның мол мұрасын ұлықтағалы отыр. Кенен атамыз – артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірмен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі. Сондықтан, екі ғасырдың куәсі болған бабамыз ешқашан ұмытылмайды. Осындай ұлы тұлғаның өнерін жалғастырар жастарымыз көп болсын, ұлтымыздың ұлттық өнері мәңгі жасай берсін, – деген аудан әкімі ел дүлдүлдерін бастап келген Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры, белгілі манасшы Азиз Бимырзауулы мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шайырбек Абдырахмануулуна сый- сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Мұнан соң республикалық, облыстық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күміскүл Сәрсенбаева жыр-арнау айтып, мәңгілік достықтың символына айналған қазақ-қырғыз елінің айшықты орны, өнердегі жолдастығы мен өмірдегі бауырмалдығы турасында кестелі жырмен жалпы көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Халықаралық фестивальге қонақ болып келіп, бауырлас қырғыз айтыскерлері мен манасшыларының киелі Қордай жеріне аяқ басуы, жалпы достыққа өрілген өнер турасында «Манас» театрының директоры Азиз Бимырзауулы және Жамбыл облыстық айтыскер ақын, жыршы- термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков сөз алып, айтыс пен жырға шөліркеген қауымға жырдан шашу шашып, жүрекжарды құттықтауларын арнады.

– «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды. Жүрген соң бауырыңды күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген ұлы сақтардың ұрпағы болған қасиетті қазақ халқының жыр тойы құтты болсын! Ұлы атамыз Тоқтағұл Жамбылдың ақыреттік досы болып, талай ұлы жырларды жазғаны тарихтан белгілі. Ұлы Абай, одан кейін Мұхтарлармен замандас болған қырғыз елінің батыры, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың ағасы Сүйінбай Ералиев талай мәрте өз сөзінде жүз жылдан кейін де бұл ынтымақтың жалғасатынын айтып кеткен болатын. Сол айтқандай, бізді енді өлшеулі өмірінде, өнегелі тарихында, өлгеннен кейін де қырғыз бен қазақтың басын біріктіріп жатқан тобылғылы Тоқтағұлдай, қаражал Жамбылдай, теңіз ақын Оспанқұлдай, қазақтың кең даласындай ұшы-қиыры жоқ ұлы поэзияның иесі Кенен Әзірбаевтай ұлы рухтардың аруағы жебей берсін. Қамшының сабындай қысқа өмірде қазақтың ұлы ақындары, тыңнан түрен салған таланттардың сабақтастығы үзілмесін. Қырғыз бен қазақ құстың қос қанатындай, көздің ағы мен қарасындай бір болсын. «Екі ердің достығы бір белден асырады, екі елдің достығы мың белден асырады» деп бабаларымыз айтқандай, өнер мерекесінің өрісі кеңейе берсін, – деген Азиз Бимырзауулы ұлттық құндылықты ұлықтап отырған азаматтарға алғыс айтып, қырғыздың айыр қалпағы мен боз шапанын жауып, құрмет көрсетті.

– Осыдан жиырма жыл бұрын осы Қордай өлкесінде Кенен атамыздың 120 жылдық тойы өткен болатын. Сол тойда Әбіш Кекілбаев атамыз «Мен Африка мемлекетіне ресми емес, сапарлап қонаққа бардым, сөйтсем Африка халқы мейрамда би билеп жүр. Әуендеріне құлақ түрсем, сарыны өте жақын. Сөйтсем Кененнің «Көкшолағы» екен», деген құнды естелігімен бөліскен еді. Сонда Кенен атамыз әлемдік деңгейдегі әулие болғаны ғой. Атамыздың аруағының арқасында екі ел тағы да қауышып отырмыз. Қырғыз бен қазақтың бұған дейінгі де, қазіргі де, бұдан кейінгі де кездесуінің саясаты біреу ғана, ол – екі елдің мәңгі достығы. Жамбыл атамыз бен Тоқтағұлдың достығы, Кенен атамыздың басына қайғы орнап, перзенттері бірінен кейін бірі бақилық болған кезде Оспанқұл атамыз қасындағы қырғыз азаматтарының барлығын ертіп келіп, «Атекелеп» көңіл айтуының өзі әр қазақтың көкейінде жүретін өлең болып жатталып қалды. Бұл жолы да сол аталардың ізімен жолығып отырмыз. Ақындар ерігіп доп тебейін деп жүрген жоқ. Осындағы ақындардың әрқайсысы қос елдің мәдени саясатына қызмет етіп жүрген дарабоздар. Сол екі арнаға Қордай ауданы алтын көпір болып отыр. Осыдан оншақты күн бұрын Өзбекстанның Наваи қаласында Әйтеке би бабамыздың мерейтойы аясында айтыс өтті. Сонда да осы айтыскерлеріміз үлкен өнер көрсетіп, бәйге алды. Айтыс деген қазақ пен қырғыздың, өзбек халқының үлкен достығының дәнекері. Қордай ауданы шекарада тұрған, үлкен халықаралық, тарихи оқиғалар болған жер. Қытай, батыс керуендерінің мәдениеттерін таразылап алып қалып отырған жер. Таңы жырмен атып, күні өлеңмен бататын екі бауырлас елдің басын қосып, осы іс-шараға ұйытқы болып отырған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деген Ахметжан Өзбеков те қырғыздың ақындарына сый-сияпат жасады.

Осыдан соң Азиз Бимырзауулы мен Ахметжан Өзбеков екі елдің өнер өрісін кеңейтуге бағытталған екіжақты меморандумға қол қойды.

Аталған іс-шараның басты ерекшелігі – екі елдің ынтымақтастығын нығайту, салт- дәстүр сабақтастығы, ел бірлігі, туған жердің қадір-қасиетін ақындар өлеңімен айшықтап, жырлап, өрнектеп ортаға салу болғаны анық. Сол үшін ортаға өнер көрсетуге қазақ- қырғыз ел аралық айтыстың бас бәйгесінің иесі, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері» Мамбетокто Мамбеторозо, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», манасшы Төлөбек Мұсауулу, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», төкпе ақын Турат Жумаев, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», термеші Бакыт Акматов шықты. Ал, Қазақстан тарапынан облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі, «Жеті қазына» телевизиялық мегажобасының жүлдегері Мерей Абуева, қазақтың домбырасын шет елдерде танытып жүрген дәулескер күйші, ақын Дидар Басықараев, айтыскер ақын, халықаралық, республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері, термеші Әсет Дүйсебаев, халықаралық, республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері, «Әулиеата үміті» сыйлығының иегері Нұрлыбек Құрманов өнер көрсетті. Бұл сөз сайысында екі елдің достығы жырланды. Белгілі айтыс ақыны Алик Бекмұсаев жүргізген бұл бәйгеде әдеттегі айтыс аламандарындағыдай жүлдеге таласқан жүйріктер емес, ықылым заманнан ынтымақты көксеген ұрпақтың жүрекжарды өлеңдері айтылды. Қос елде қаймағы бұзылмай сақталып қалған сөз мұрасының сандығы ақтарылды.

Өз сөзінде Турат Жумаевпен ортаға шыққан Нұрлыбек ақын:

Төле би бабаларым бата беріп,

Екі ел араздықтан сау бол деген.

Талай ғасыр тамырлас жатқан елміз,

Тау бөлген арамызды дау бөлмеген.

Қырғыз-қазақ бір жүрсек жарасымды,

Дос қылған ер Көкше мен Манасымды,

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысқанда,

Қалың ел ұйықтамай таң асырды,

Жамбыл менен Тоқтағұл жолдас болып,

Маржан жырға толтырды Таласымды.

Оспанқұл мен Кенендер жолдас болып,

Халыққа бөліп берді бар асылды.

Тұратжан біз солардай жолдас болып,

Тағы да қуантайық алашымды, – дей келе, тармақтары Таластың толқынындай өріле төгілген ақын:

Қырғыз бенен қазақтың басын қостың,

Ынтымақтың байрағы орнағасын.

Ақынға деген құрмет сол емес пе,

Сөзімді елім қалай қолдамасын.

Сахнада өлең жырмен шеп құрайық,

Санаға өткенді айтып сеп қылайық.

Бір облыс айтысын жасап берсе,

Қуантып қоймайды ма көпті лайық.

Көп ұзамай Кененнің атындағы,

Алла қалап айтысқа бет бұрайық.

Әр жыл сайын Кененге айтыс өтіп,

Жыл құсындай Қордайға кеп тұрайық, – деп аудан әкіміне барлық ақындардың талап-тілегін жырмен жеткізіп, қолқа салды. Бұл өтінішті өрнекті өлеңмен жалғаған қырғыздың төкпе ақыны Турат Жумаев:

Бір болған салты, санасы,

Қазақ-қырғыз жырласа,

Далада тасып Таласы,

Ежелден қатар ойнаған,

Қазақ, қырғыздың баласы.

Ел үшін жүрген емес пе,

Ер Көкше менен Манасы.

Қатар жатыр қашаннан,

Дордай-Қордай арасы.

Ең тату өмір сүруде,

Таразы менен Таласы, – деп аудан әкімінің назарын сол бабалар көшін жалғаған ақындарға бұрып, арнайы орнынан тұрғызып, ел алдында Кенен Әзірбаев атында дәстүрлі айтыс ұйымдастыруға қолдау білдіруін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы да ұлттық құндылық ұмытылмайтынына уәдесін берді.

Дастанға айналған достық жырын сөз додасында өзіндік сарынымен жалғаған Әсет ақын:

Қазақ пенен қырғызымыз,

Қызғалдақ пен қырмызымыз,

Жамбыл менен Тоқтағұлдай,

Жарқын болсын нұр жүзіміз.

Біз түгілі бір-біріне,

Ғашық екен ұл-қызымыз.

Жарық шашсын жұлдызымыз.

Тұрса да Алатауым бөліп,

Қырғыз-қазақ бауыр болып қалады.

Қонақ келсе Дордай жақтан,

Жыр сауғалап таңдай жақтан,

Тер сауғалап маңдай жақтан,

Қарсы аламыз Қордай жақтан.

Қадамдарың оң болса екен,

Абыройың зор болса екен,

Қалтаң толған теңгеменен,

Сатырлаған сом болса екен.

Ұл-қыздарың чоң болса екен,

Бізден тілек сол болса екен.

Қырғыз-қазақ егіз еді,

Домбыра мен қобыз еді.

Жауластырмақ-жаушылардан,

Елдестірмек-елшілерден,

Тату болып көршілермен,

Құшақтайын, келші бермен,–деп шығармашылық шыңында шекара болмайтынын шебер шумақтап шықты.

Фестиваль аясында қырғыздың ақындары да татулықты жырлап, оған қоса ауыз әдебиетіндегі өлмес мұраларымен бөлісті. Осы және өзге де нағыз жыр майталмандарының өнерін тамашалап, бір марқайып қалған қордайлықтар шын жүректен қошеметін аямады. Мерейтой аясында өткен сөз додасында жеңілген ақын болған жоқ. Бұл жолы да әдеттегідей дәуірлерге жалғасқан достық жеңді. Барлық ақындарға аудан әкімдігі тарапынан марапаттар табысталды. Жалпы алғанда, бұл фестиваль Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығына орай өнерді ұлықтау болса, екінші жағынан екі елдің достығын дәріптеу еді. Өнер сайысынан соң екі елдің өкілдері Абай мектебі жанындағы шағын футбол алаңшасында жарыс өткізіп, тек өнерде ғана емес, спортта да осал емес екендіктерін дәлелдеп, достық турнирін өткізді. Спорттық сайыста да тең түскен қос тарап байырғы қонақжайлылық қасиеті бойынша футболдың марапатын айыр қалпақты ағайындарға тарту етті. Іс-шара соңында жеңімпазға кубок, жүлдегерлерге аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.

 

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар