«Бүгінгі жастар бұзылған» деген ауыр күрсініс пен «мені әкем түсінбейді» деген зілді көзқарас көз алдымызда күн сайын болып жатқан көрініс. Сорақысы, көшеде қарт кісіні соққыға жығып жатқан жеткіншекті немесе баланы желкелеген үлкен кісілерді жиі көреміз, шошимыз. Қоғамдық көлікте үлкенге орын бермейтін жастарды, орын берсе де қарғыс жаудырып жататын қазымыр қарияларды көріп бас шайқаймыз. Мұндайда «Неге бұлай? Неден қателестік? Бұл не деген сорақылық?» деген сауал туатыны заңдылық.
Жалпы, адамзат тарихында кез келген халықтың, қоғамның даму сатысында басынан өтпелі кезеңді өткеріп жатқан елдерде мұндай құбылыстардың орын алуы заңды дүние. Әлеуметтанушылар, психологтар, этнографтар мен тарихшылар буындар арасындағы мұндай қақтығыстардың пайда болу себептерін, өршуін, саябырсуын түрлі факторларға сүйене отырып негіздейді.
Өкінішке қарай, жаңа ХХІ ғасырда адамгершілік ұғымының құнсыздануы таңқаларлық нәрсе емес. Себебі, алдыңғы шепке материалдық құндылықтар жайғасты. Адамзат тарихына тікелей әсер ететін, жас ұрпақтың құндылықтарына үңілетін көптеген зерттеулер бар. Ғалымдар құндылықтар сыртқы факторларға, ең алдымен әлеуметтік және табиғи жағдайларға байланысты өзгереді деп санайды. Түрлі әлеуметтік өзгерістер орын алған сайын мәдени орта да түрліше құбылып, жағдайлар түрліше өрбіп, адамдар өз бойларында жаңа қасиеттерді қалыптастыруға мәжбүр болады. Осылайша, қазіргі қоғамға бейімделген және адамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңа құндылықтар жүйесі пайда болады. Дегенмен, әр адамның өмірінде маңызды орын алатын ортақ құндылықтар бар. Мәселен, отбасы, махаббат, құрмет, өзара түсіністік, достық, мейірімділік сынды құндылықтар өзге құндылықтардың негізін құрайды. Әлеуметтанушылар бұл дүниелерді негізгі құндылықтардың өзегі деп атайды. Өйткені, олар жеке тұлғаның құндылық санасының іргесін қалайды. Бұл құндылықтар қоршаған әлеммен, басқа адамдармен, адамның өз-өзімен қарым-қатынас деңгейін анықтайды. Өзін-өзі тұлға ретінде қалыптастыру барысында дұрыс шешім қабылдауға және алға қойған мақсаттарға жетуге көмектеседі. Қазіргі жас ұрпақ үшін негізгі құндылық – материалдық әл-ауқаттың оң болуы, яғни жеке бизнес, баспана, көлік, капитал. Жас ұрпақтың құндылықтары мен мақсаттары материалдық байлықпен ұштасып келеді. Ал, тұтынушылық емес міндеттер (білім алу, отбасын құру, балалы болу және оларды тәрбиелеу) екінші орынға қарай ығысып барады. Сондықтан, жасөспірімдер мен жастардың құндылық бағдарларын зерттеу міндеті үлкен маңызға ие.
Әлеуметтанушылар құндылықтарды адамның ұмтылуы керек идеялары, принциптері мен жеке мақсаттары деп түсіндіреді. Бұған жақсылық пен жамандық, бақыт ұғымы мен өмірдің мәні, әдептілік пен қадір-қасиет, отбасы мен махаббат, еңбекқорлық пен заңға бағыну сияқты ұғымдар жатады. Психологияда жеке құндылықтар – бұл адамдардың не нәрсеге көбірек назар аударатынына, оқиғаларды және басқа адамдарды қалай бағалайтынына, олардың мінез-құлқы мен пайымдауларын қалай түсіндіретініне қарай өзгеріп отырады.
Құндылықтар жүйесінің эволюциясы өркениеттердің қалыптасу үдерісіне қарай өзара біте қайнаса дамып отырды. Мәселен, әдеп ұғымы ежелгі дәуірлерде қалыптасса, ежелгі грек философиясында жақсылық пен жамандық атаулы адамның адамгершілік тұрғысынан мінез-құлқын тануға жол ашқан. Ол заманның ойшылдары адамның мейірімді болмағы білімнің тереңдігінен деп санаған. Мәселен, Сократ оқыған адам тек жақсы істер жасап, әрдайым бақытты өмір сүре алатынына сенімді болған. Платон адамгершілік – адамның жеке құндылықтар жүйесі мен рухани бағдарының көрінісі деп есептеген. Адамның ішкі табиғаты – оның өзге адамдармен, отбасымен, мемлекетпен, қоғаммен байланысының көрінісі саналған. Құндылықтар философиясы – әлемді тану мен адамның өзін өзі тануы арқылы өрбіген. Орта ғасырларда адамдардың өмірлік құндылық мәселесі діни сипатқа ие болып, түрлі әлеуметтік қарама-қайшылықтарға ұрынды. Бұл құбылыстардың нәтижесі адамзат тарихынан әлі күнге дейін ізін суытпай, одан сайын күрделеніп келеді.
Жаңа заманда, яғни ХVIII ғасырдан бері қарай соғыс, революция, таптық күрес, ғылыми даму, техниканың алға басуы сынды дүниелер күн сайын жаңа сипат алып, адамдардың өмірге деген көзқарастарына түрліше әсер ете бастады. Мораль, құндылық ұғымдарын зерттеуге Т.Гоббс, Б.Спиноза, И.Кант сынды ғалымдар ерекше еңбек сіңірді.
Ал, қазақ даласындағы құндылықтар қайшылығының негізгі себебі не? Барлық халықтардың таным-түсінігінің өзгеруі тарихи оқиғалармен біте қайнасып жатыр. Қазақтың әу бастағы еркіндік сүйген бітім-болмысын өзгерткен тарихи құбылыс – отарлау саясаты еді. Бұл туралы белгілі психолог Нұргүл Молдабайқызы «Жаншипа» подкастына берген сұхбатында былай дейді: «Кейінгі 100-200 жылдағы тарихи оқиғалар қоғам санасына және жеке санаға, ұрпақтан ұрпаққа, әр адамның психикасына белгілі бір залалдарын тигізді деп айтуға болады. Мәселен, совет кезеңіне дейін қазақ халқы ғасырлар бойы еркін болған. Мәдени психология бойынша алсақ, ұлттық құндылықтарда «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «қабырғаңмен кеңес», «көкірек көзіңмен қара», «алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария сәлем береді» деген сөздер бар. Бұл сөздерді ұлттық инсайдтар деп есептеймін. Бұдан көретініміз – ұлттық құндылықтар адам құндылықтарымен теңестірілген. «Тіл кеспек жоқ» дегені – дала демократиясын білдірсе керек. Ал, «алты жастағы бала келсе, алпыс жастағы шалдың сәлем беруі» бала құндылығын көрсетеді. Мұның бәрі қазақтың ұлттық санасында болған, бірақ мұның бәрі тарихи оқиғалардан кейін өзгере бастады. Мысалы, Совет Одағы кезіндегі тамаққа байланысты салық түрлері, мал-дүниені кәмпескелеу, репрессия мен зорлық-зомбылық салдарынан адамдардың жеке пікірі, құндылықтары психикалық тұрғыдан жұрдай болды. Бұған қоса, құндылығы мен жеке пікірін қорғап, көтеріліске шыққандарды басып-жаншыды. Жеп отырған тамағыңды салық ретінде әкетсе, маңдай термен жиған малыңды тартып алса, ұлт өзін басып тастайды. Яғни, дала мәдениетінен қалыптасқан дүниелер қазақта жоғалмады, олардың бәрі әбден тапталды. Адамдар ішқұса болды. Ал, ішқұса болған адам оны еңсеру үшін не істейді? Ішкілікке салынады, оны жұмыс істеп баспақ болады, қашады я айналасына әлімжеттік көрсетеді. Зорлықтан адам жәбір көріп, жәбірленуші болады. Жәбірленуші кейін түбі жәбірлеушіге айналады. Еркін өскен халықтың үмітін, тіршілігін тоқтату – табиғатқа қарсы шығу деген сөз. Еркіндікке ұмтылғандарды атып тастаған. Бұл – психикалық жарақат, тіл кесілген, үн өшірілген. Мұны психологияда айырылу феномені дейміз. Мұндай адамда құндылық деген жоғалады».
Қазақты отарлаудың ойранын ғалымдар қал-қадері жеткенше зерттеп келеді. Тіпті, тұтас тарихымызды қайта жазу процесі де жедел жүзеге асып жатыр. Өзінің салт-санасында орта жолдан қиыс кеткен тарихи күрделі жайттарды өткергендіктен де құндылық ұғымына келгенде түрлі қақтығыстар орын алатыны заңды дүние. Мәселен, біздің ата-аналарымыз кеңес дәуірі құлағаннан кейінгі ала дорба арқалап, жаңа мемлекеттің құрылу кезеңін бастан өткеріп, бүгінгі жаймашуақ кезеңге тырмыса жеткен буын. Олар кеңестік кезеңдегі тиымдар мен сол тұстағы идеологияның ажырамас бөлігі іспетті біздің санамызға сол құндылықтардың дәнін септі. Ал «Z» буын саналатын бізден кейінгі буын қазақтың өзге бір отар империяның қанатының астындағы ел болғанын тарихтан білгенімен, өзінің жадымен, санасымен сезініп көрмеген, таршылық пен жоқшылықтың табына күймеген азат ойлы, еркін, бойында ешқандай үрей мен қорқынышы жоқ ұрпақ. Демек, жоғарыда атап өткен ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жіңішкеріп, құндылықтар қақтығысының жиілеуін әлеуметтану, тарих, психология тұрғысынан оп-оңай ақтап ала аламыз. Сайып келгенде, бұл табиғи процестің мұндай күрделі реңкке ие болуына сіз бен біздің, жас пен жасамыстың ешбір кінәсі жоқ. Ал, жаңа заманның технология, ІТ, дамыған ғылым секілді игіліктерді ұрпақтар арасындағы алшақтықты жоюға, өзара түсіністікке ие болуға жол ашуы тиіс. Қалай болғанда да, жастар өзгерістерге, жаңа идеялар мен эксперименттерге ұмтылады. Аға буын уақыт сынынан өткен құндылықтар мен әдеттерді қолдайды. Жастардың ойлау еркіндігі көбірек және қоғамдағы айырмашылықтарға төзімділігі жоғары. Бұл құбылыс егде жастағы адамдар үшін түсініксіз және жаңа өзгерістерді үлкендер оғаш дүние ретінде қабылдайды. Сонымен қатар, жастар қоғамға ентелеп еніп келе жатқан жаңа технологиялар дәуірінің өкілдері. Әлеуметтік медиа, мессенджерлер мен гаджеттер өмірдің маңызды бөлігіне айналды. Мұндай революцияны көрмей өскен аға буынға техниканың күнделікті өмір салтына енуін түсіну және қабылдау қиын болуы мүмкін. Айтпақшы, жұмыс пен мансапқа деген көзқарас айырмашылықтары туралы да айта кету керек. Жастар шығармашылық, өзін-өзі дамыту және жеке табыс табуға бағытталған әрекеттерге құмар. Олар тез бейімделуге жол ашатын ортаға және мансап тұрғысынан еркіндікке ұмтылады. Ал аға буын өз кезегінде тұрақтылық пен дәстүрлі қағидалар негізінде тәрбиеленген.
Қорытындылай келе, бір-бірін түсіну мен түсінбеу арасындағы таңдау екі жақтың ашықтығы мен дайындығына байланысты. Әрбір ұрпақ өзінің даму жолы мен тәжірибесін ұстанатынын және өзара түсіністікке тек диалог пен өзара айырмашылықтарды құрметтеу арқылы қол жеткізуге болатынын мойындау керек. Тек осылай ғана біз ұрпақтар арасындағы қақтығыстарды жеңіп, құндылықтар арасындағы үйлесімді қалыптастыра аламыз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді