Тазалық – мәдениеттің өлшемі

Тазалық – мәдениеттің өлшемі
Ашық дереккөз
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны аясында ұйымдастырылды.

Апта сайын сенбіліктер өткізіліп, облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Экологиялық науқанға 210 мыңнан астам жамбылдық, оның ішінде 20 мың ерікті, 5 мыңға жуық кәсіпорын мен мекеме қызметкерлері белсенді қатысты.

Бүгінгі күнге дейін 60 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы абаттандырылды.

143 саябақ пен сквер аумағы, 816,6 шақырым арық және канал жүйесі, 99 мың аула мен 3,1 мың шақырым көше тазартылды.

9,7 мың тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 53 субұрқақты іске қосу шаралары қолға алынды.

Жалпы, бұл жұмыстарға 875 техника жұмылдырылған.

Биыл өңірді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге қаралып отыр.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облыс аумағында жүйелі түрде жалғасады.

Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Қордай ауданында да ерекше қарқынмен ұйымдастырылды. Тазалық десе тасада қалмайтын қордайлықтар осы аралықта үлкен жұмыстар атқарып, ауыл ажарын арттыруға, туған жерді көркейтуге үлес қосты.

Масаншыда болған «Біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз» атты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Қазақст ан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов және аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысты.

Мемлекет басшысы тапсырмасымен іске асқан акцияның маңыздылығына тоқталған қатысушылар қордайлықтардың еңбегі үшін алғыс білдірді. Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне және ел бірлігін нығайту мен Қазақстанның рухани құндылықтарын шоғырландыруға бағытталған әлеуметтік, мәдени және ақпараттық жобаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін бірқатар аудан азаматтары Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан Қаракемер мен Масаншы ауылының бірнеше тұрғынына кіші қажылыққа жолдама берілді. Мұнан соң, шараға қатысушылар Масаншыда ағаш отырғызу акциясына қатысты.

Айта кетсек, «Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығына 2500 адам мен 35 мекеме жұмылдырылып, 11 арық жүйесі мен бұлақ көздері тазаланды, 6 техника қызмет етіп, 4000 тонна қоқыс шығарылды. «Таза өлке» апталығы аясында 2300 адам мен 35 мекеме жұмысшылары, 7 техника қатысып, 300 аула тазаланды, нәтижесінде 4000 тонна қоқыс шығарылды. «Жасыл аймақ» бағыты бойынша 2500 адам мен 30 мекеме, 5 арнайы техника жұмылдырылып, 1300 ағаш отырғызылды. «Киелі мекен» апталығына 3000 адам қатысты, саябақтар аумағының 3000 шаршы метрі тазаланды, 2000 тонна қоқыс шығарылды.

Игі акция аясында бастау алған Қордай ауылындағы ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде ауылдың Төле би, Кенесары, Қордай, Байзақ сынды автокөлік көп жүретін орталық көшелердің жұмысы толық аяқталды. Қордайдағы Домалақ ана көшесінің жөндеу жұмыстары басталды.

Айта кетсек, жалпы Қордай ауылындағы жөндеуді қажет ететін 3600 шаршы метр 80-ге жуық ауылішілік және республикалық маңызы бар автожолдарға ағымды және шұңқырларды жамау жұмыстары жүретін болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық науқан аясында барлық өңірлерде көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыст ары жүргізілді. Осынау айналаны көріктендіру жұмыстарына жалынды жастармен бірге, қазыналы қарияларымыз да белсене атсалысты.

Мұндай тазалық жұмыстары шалғайдағы Шу ауданының барлық ауылдарында қолға алынып, жергілікті тұрғындар ауласына тал көшеттерін екті. Ал, екі күн бұрын «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жауынгерлері Төле би ауылдық округіндегі Абай көшесі бойында қоқыс тазалау жұмыстарын жүргізді. Тазалық акциясына 3 техника мен 50- ге жуық адам жұмылдырылды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы барысында Шу ауданында 700-ге жуық тал көшеттері отырғызылып, 5 тонна күл-қоқыстар шығарылған. Ал, сенбілік жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғындар атсалысқан.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Байзақ ауданында да жалғасын тапты. Акция аясында аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы «Астананың 10 жылдығы» дендросаябағы мен «Отбасы» аллеясында сенбілік ұйымдастырылды. Оған аудан әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ауыл жастары қатысты. Іс-шара барысында жол жағасындағы арам шөптер оталып, арық-атыздар күл- қоқыстардан тазартылды.

– «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті де көрікті болуы сол ауыл тұрғындарының жанашырлығына тікелей байланысты. Тазалық пен тәртіп кез келген ауылдың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындар мәдениетінің өлшемі. Кең ауқымды әрі жаңа форматта өткен акция өзіндік тақырыптарымен 5 аптаға созылған еді. Бұл мерзімде әрбір елді мекендердегі аулалар мен көшелер, ескерткіштер мен саябақтар аумағы тазаланып, абаттандырылды. Сондай-ақ, каналдар тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы, акция барысында ауданда 6767 шаршы метр аула мен саябақтар абаттандырылып, 5130 түп тал-дарақ отырғызылды, – дейді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәдина Сейтқазина.

Оның айтуынша, акция барысында аудандағы Мырзатай, Ботамойнақ, Көптерек, Қызыл жұлдыз, Диқан, Жалғызтөбе, Түймекент ауылдық округтерінің тұрғындары өзгелерге үлгі көрсеткен. Тал-дарақтарды орналастыруда, жасыл белдеу жасап, көгеріштендіруде Жалғызтөбе, Бәйтерек, Диқан, Ынтымақ ауылдық округтері жақсы жұмыс істепті.

– Акция аясында 35180 шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы тазаланды. Бұл жұмыста Мырзатай, Ботамойнақ, Сарыкемер, Бурыл, Көктал ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарды атап өткен жөн. Жол бойындағы бағаналарды сырлау, гүлзарлар орналастыру, көше, аулаларды тазалау, қоғамдық ғимараттардың қасбеттерін және тұрғын үйлердің сыртқы пішіні мен қоршауларын ретке келтіруде Көптерек, Ботамойнақ, Бәйтерек, Жалғызтөбе, Сарыкемер, Бурыл, Түймекент ауылдық округтерінде жұмыстар жақсы жүргізілді. Акция аясында әлі де көп жұмыстар атқарылатын болады», – дейді Мәдина Сейтқазина.

Сәуір айында республикалық деңгейде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жуалы ауданында да жа лғасып, елді мекендерде абаттандыру жұмыстары қарқын алған болатын.

Бес аптаға созылған науқанға аудан бойынша 6 мыңға жуық адам атсалысып, өз үлесін қосты. «Таза өлке» апталығында экологиялық акция аясында өтетін іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, осы кесте бойынша аудандағы бүкіл елді мекендерде жоспарланған жұмыстар аптаның әр күні санитарлық тазалық жұмыстары, сенбіліктер ұйымдастырылып, саябақтар мен сквер аумақтары абаттандырылып, тазаланды. Ауылішілік көшелерде арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында 17 тыл, еңбек ардагерлері және жалғызбасты қарт кісілердің үйлері және аулаларында тазалық, абаттандыру жұмыстары атқарылды. «Жасыл аймақ» апталығында жалпы аудан бойынша 4 мыңға жуық жеміс, декоративті, қылқан жапырақты және тағы басқа да ағаш көшеттері отырғызылды. 7100 дана тал-дарақ ақталды. «Киелі мекен» апталығында Б.Момышұлы ауылы мен 14 ауылдық округте орналасқан ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштерге, Садыбай батыр кесенесі, Батырбек датқа кесенесі, «Баркуаб» ежелгі қала орындарына санитарлық тазалық және абаттандыру, оның ішінде ағаш және гүл көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Мөлдір бұлақ» апталығында ауданда су тоғандары, каналдар мен өзен-көлдер айналасы стихиялық қоқыстардан т азартылды. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы, Теріс өзені бойы, «Байсейіт» және өзге де каналдар түгелдей қамтылды.

Бүкіл Қазақстанды қамтып, бес аптаға созылған тазалық акциясы аясында 60 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Жуалылықтар тазалық жұмыстарын жұмыла атқарып, республикалық науқанды абыроймен қорытындылады.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Меркі ауданында біраз абаттандыру, тазалау жұмыстары жүргізілді. Соның бірі – Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан ауылының 1986 жылы туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, елді мекенге тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар, олар ауылдың аты жазылған көрнекілік қабырғасын орнатты.

Мұнымен қоса, осы округке қарасты Қостаған жұртшылығы да ауылды абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылды. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған ескерткіштің аумағы қоқыстардан арылып, айналасына гүл көшеттері отырғызылды. Акция аясында атқарылған іс-шарада «Қара кемпір» ескерткішінің айналасы да қамтылды. Мүсін маңайындағы Мықанды көлінің жағалауы тұрмыстық қалдықтардан арылды.

Ал, Қызылсай елді мекеніндегі тұрғындар ауыл ішіндегі тазалық жұмыстарына көңіл бөлді.

Округ әкімі Мерей Рамадановтың сөзінше, көпшілік мекеме аулалары мен балалар ойын алаңын көріктендірген.

– Ауыл халқының атсалысуымен және түрлі сала мамандарының қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде көптеген шаралар жүргізілді. Тазалық жұмыстары сенбі сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрды,– дейді округ әкімі.

 

Дайындаған

«Aq jol» газетінің тілшілер тобы.

Ұқсас жаңалықтар