Барша қазаққа танымал «Нурикамал» әнінің шығу тарихын баяндайтын спектакль тарихи негізде дамиды. Мұнда шығармашылық адамының табиғаты мен ішкі жан тебіренісі, оларға тән нәзіктік пен риясыз тазалық сезімі көрініс тапқан. Әсіресе, туындыда қазақ әйелінің даналығы мен парасат-пайымы айқын суреттеледі. Бұл ретте режиссер Сафуан Рысбайұлы Нурикамалдан гөрі Ханбибі образына баса ден қояды, сол арқылы қазақ әйелінің адами құндылықтары мен қайраткерлік қырының мәнін аша түседі.
Оқиға желісі киелі Қазығұрттың баурайынан бастау алады. Апталық демалысын тиімді өткізуді жоспарлаған бір топ жастар қауымы тау баурайына серуенге шыққан. Мұнда Ханбибі мен оның күйеуі Тұрдықылыш, құрбысы Сайлаукүл мен өзге де достары бар. Бәрінің күткені партиялық қызметтің қамымен жүрген Нурикамал ғана. Асқан нәзіктік пен ерке сұлулықты бойына жиған бойжеткен келісімен бірден жас жігіттердің жүрегінде сезім отын тұтатып, қиянатсыз жалынның шоғы Тұрдықылышқа да тиіп жатты. Жанына дерт дендетіп, ерінің сапардан сау қайтпағанын аңғарған Ханбибі де дүниеге жаңа бір өміршең туындының келетінін сезген еді.
Алайда, сүйген жарын жолдағыға жолдас қыла салу жан баласында қайдан болсын?! Әсіресе, бұл бойында асау қаны тулаған ақындар қауымына қатысты болса, істің түйіні ширыға беретіні белгілі ғой. Ал, сол алапат сезім, мезгілсіз запыран хан бибісіндей асқақ Ханбибі де болса ше? Міне, осы тұста өнер мен өлеңнің құдіреті, шығармашылық шыңның жалған дүниенің жалтырақтарынан бірнеше есе биік тұратындығы айқын көрініс табады. Ханбибіні де еріксіз иілткен, даралық болмысынан дәрменсіздік күйіне дейін түсірген сол өміршең өнердің қасиеті мен киесі болатын. Бұл туралы ақын Ханбибі Есенқарының өзі: «Тұрдыекең шайдың алдында Нурикамалды биге шақырды. Ол бас тартты. «Менің күйеуім шақырғанда биге шықпайтын бұл қандай әйел?» деп таңырқадым. Сосын жұбайымның ғашық болғанын аңғардым. Сол күні табиғат аясына бірге барғанымызбен, қайтуымыз бөлек болды. Үйге келген соң жатын бөлмеде балалармен жаттым. Кенет пианиноның дауысын естідім. Бір ерекше әннің өмірге келгенін сездім. Жұбайым оны қайта-қайта ойнады. Әні бар, бірақ сөз жоқ. Тек ыңыл ғана. Сосын жұбайымның бөлмесіне барып, одан қалам мен қағаз сұрадым. Тұншығып, жарыққа шыға алмай жатқан сөзін жазбақ болдым», – дейді.
Осылайша, Нурикамал әнінің алғашқы жолдары параққа түсіп жатты. Мұнда әйел затының ішкі арпалысы мен ер азаматтың ар алдындағы азабы, құс қанат ғұмыр иелерінің қосарланған өксік-өкініші мен қиянатсыз сезімі жаңа туындының өн бойында шебер үйлесім тапты. Ал, осы сахна үстіндегі өмірдің шынайылығы декоративтік бөлшектердің мән-мазмұнымен байи түсетіні анық. Бұл ретте барлық жүкті бір ғана деталь – сахна артына ілінген жазу дәптерінің нобайы ғана атқарған. Режиссер осы бір парақ бетіндегі жазу арқылы шығармашылық адамдарының бойындағы алай-дүлей тулаған, арпалысқан, қызғаныштан күйінген, сүйінген, ақыры мойынсұнған сезімдер жиынтығын бір ортаға тоғыстыра білген.
Туындыда әнге арқау болған Нурикамал бейнесі барынша бейтараптылықты сақтайды. Ол партия жұмысына адал берілген, коммунистік қоғам принциптері мен тәртіптен қайда жүрсе де аттап кетпейтін қызметкер ретінде танылған. Сол себепті де бойжеткен әйгілі композитордың өзіне ғашық болғанын сезсе де сезбегенсиді, білсе де ұғынуға тырыспайды. Әндерін сүйіп тыңдайтын жанға лайықты жауап қатудың отбасылық құндылықты қасиет тұтатын ұстанымнан алыстау екендігін жете түсінеді. Осылайша, Нурикамал «Алтайдың ар жағынан келген ару» мен «Қызыл көйлектің» кейіпкеріндей тек музалық бейнеде сахналық міндетін атқарады. Ал оған арналған ән Ханбибі қалағандай жаңа дәуірдің Қорланына айналып бара жатты.
«Нурикамалдың» алғашқы орындаушысы Құрман Шойынбеков болғанымен, туынды көпшілікке Жұбаныш Жексенұлының орындауында танылды. Ал өзіне арналған әнді Нурикамал Фариза Оңғарсынованың шақыруымен Тұрдықылыш пен Ханбибінің шаңырағында естіген еді. Кейіннен екі отбасы сыйластықтың туын жықпай, құрмет-лебізі үзілмей қарым-қатынаста болды. Ал бұған дейін тек Алматы және Талдықорған қалаларында қойылған спектакль тараздық көрерменнің қошеметіне бөленіп, аймаңдай ақын Ханбибі еліне сапар шекті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді