Дәлел ретінде айтсақ, әр ауылда бұрын шаруа қожалықтар қант қызылшасын өсіріп жүрген жер телімдері бірнеше жылдан бері пайдаланылмай бос жатыр. Сол жердегі таудан ағып келіп жатқан сулар пайдаланылмай босқа далаға кетіп жатыр. Ендеше, сол жермен суды, ауылда жұмыс таппай отырған халықты пайдаланып, біз бұрынғыша неге қызылша өсіріп, оларды неге өзіміздің қант зауыттарына өткізбейміз? Сол кезде біз өзіміздің арзан қантымызды өндіріп, мұхиттың арғы жағынан қымбатқа тасығанды тоқтатпаймыз ба? Тура осындай кертартпалықтың кесірінен елімізде қой шаруашылығында әлі дамыта алмай келеміз. Дәлел ретінде айтсақ, бұрынғы Кеңес дәуірінде біздің шаруашылықтар жер жағдайына байланысты арқар-меринос, қаракөл және қылшық жүнді кроссбред тәріздес қой тұқымдарын өсіретін еді. Кеңес дәуірі тарқаған соң ауыл адамдары бұл қой тұқымдарын жойып жіберіп, тек қазақы еділбай тұқымдарын өсіруге көшті. Бұл адасқандық болды. Себебі, біздің бұрынғы өсіріп келе жатқан қой тұқымдарының жүндерінен сапасына қарай аса құнды, жұқа көйлек, костюм және сырт киім тігуге пайдаланатын маталар тоқып шығаратын. Ал терілерінен балалар мен әйелдердің бағалы жылы тондарын, дубленка тәріздес неше түрлі жылы, жағалар мен әртүрлі бас киімдер мен аяқ киімге қолданатын қайыстар өндіретін. Еділбай қой тұқымы тек қылшық жүнді болғандықтан, оның жүні мен терісі жарамсыз болып, оларды ешкім қабылдамаған соң ауыл адамдары өртеп жатыр. Нәтижесінде елімізде жүн мен тері шикізаттары жеткіліксіз болып, көптеген жүн-тері өңдейтін зауыт, фабрикалар жабылып қалды. Сонда біз не ұттық? Одан бөлек, еділбай қой тұқымының әрбір жүз аналық саулығы өзінің табиғи жаратылысынан тек 70-75 қозы берсе, жоғарыда көрсеткен қой тұқымдары 120-125 қозы беретін. Сонда біз тек еділбай қойларын өсіргеніміздің салдарынан әрбір 100 саулықтан 50 қозыдан жоғалтып отырғанымызды ескерсек, республика көлемінде қанша қозы кем туылып, оған қосымша қой жүні мен терісі секілді аса құнды шикізаттан ажырап, ел экономикасын көтеруге үлкен кесір келтіріп отырған жоқпыз ба? Біз еділбай қой тұқымын еті үшін ғана бағудамыз. Ондай етті басқа қой тұқымдары да береді.
Ел экономикасын көтереміз десек, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласын жедел түрде дамытқанымыз жөн. Жеңіл өнеркәсіп саласы үкіметтен субсидия талап етпейтін ең тиімді сала болып есептеледі. Бұрынғы Кеңес дәуірінде әрбір ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасына қарай оның бекітілген бағасы мен мемлекеттік өлшемі – «гост» бар болатын. Халықаралық стандарттар әлемінің көптеген мемлекеттерінде әлі де бар. Ал біз көптеген салаларды бақылаусыз қалдырып отырмыз. Мысалы, ауыл адамдары сойған қозы, лақ, бұзау, құлын сияқты мал мен аңшылықпен ұстаған тышқан, қарсақ, түлкі, қасқыр сияқты аң терілерін де ешкім алмаған соң оларды да өртеуге тура келеді. Бұлар аса құнды шикізаттар қатарына жатады. Оларды босқа өртегенше халықтан жинап алып, оны өңдеу қолға алынса құба-құп. Ауыл шаруашылық өнімдерінің тұрақты бағасын және оның мемлекеттік өлшемін («ГОСТ») бекітіп алсақ, қазір елімізде орын алып отырған ала-құла баға тұрақтанып, мемлекет босқа субсидия төлеуден құтылар еді. Ауыл адамдарының әл-ауқатын көтеріп, олардың мұқтажын шешу үшін, ауыл өнімдерін қалдықсыз өңдеп, олардың табысын көтеруге жағдай туғызу керек. Мысалы, Қазақстан халқының әрбір отбасы қыста соғымға бір ірі қара сойып алып, оның етін жеп, сүйегін қоқысқа тастайды. Бұл дұрыс ұстаным емес. Ол мал сүйектерін босқа қоқысқа тастағанша оны қайнатып, сүйек майын алуға болады. Сүйек майы – емдік қасиеті бар ең таза май болып есептеледі және ол май өте қымбат тұрады. Енді майы алынған сүйектерді арнайы диірменге тартып, одан сүйек ұнын алып, ол ұнды жемге қосып, қайтадан малға берсе, құнарлылығымен тез семіртеді. Сонда біз еліміздегі мал шаруашылығын өркендетуге өз үлесімізді қосып, қосымша табыс табар едік.
Қазір халық күнделікті тұтынатын тауарлар қымбаттамаса, арзандамайды. Негізінде ауылда өндірілген өнімдердің бағасы қымбат емес. Ол бағаны қолдан көтеріп отырған ортадағы делдалдар. Баға турасында қайтадан Кеңес дәуіріне оралатын болсақ, сол кезде әрбір ауданда бұрынғы «Казпотребсоюз» басқармасына қарасты «Дайындау конторы» яғни «заготконтор» бар болатын. Соның дайындаушылары халықтың артық өнімін сатып алғанда, малдың сапасына қарай оны арнайы бекітілген бағамен халықтан сатып алып, үстіне 9 пайыз көлемінде үстемеақы қосып, арнайы дүкендер арқылы тұрақты бағамен қайтадан халыққа сататын еді. Міне, осы заготконтораны біз енді қайтадан ашып, жоғарыда көрсетілген 9 пайыз емес 15 пайыз үстемеақымен сол өнімдерді халыққа қайта сататын болсақ, бүгінгі ала-құла бағаның тұрақталуына сеп болар еді.
Тұрар Рысқұлов ауданында бұрынғы Кеңес дәуірінде ең ірі совхоздың бірі саналатын «Алғабас» қой совхозы бар. Сол совхоздың «Жарлысу» деп аталатын ауылы Алатаудың етегінде орналасқан басқа шаруашылықтармен салыстырғанда жайылым жері кең, суы мол, жері шүйгін мал бағуға өте қолайлы байтақ өлке. Алатаудың ең биік тау шоқылары сол ауылға тиесілі болғандықтан, тау шатқалдарында бұрынғы ата-бабаларымыз мекендеген «Жүн жүрек», «Теріс бұтақ», «Ақтас», «Жота», «Мәлике» деп аталатын жайлаулар орналасқан. Биік тау қуыстары ық әрі жылы болғандықтан, сол жайлаулардың біразын бұрынғы аталарымыз қысы-жазы тұрақты түрде мекендеген. Қыста құм жылы болғандықтан, Мойынқұмда қыстайтын. Осы айтылған мүмкіндіктерді пайдаланып, кезінде Алғабас совхозы 70-80 мыңға дейін қой өсірген. Оған қоса, мыңдаған жылқы, сиыр, түйе малдарын өсіріп, егін шаруашылығымен айналысып, сол кездерде мемлекетке облыс көлемінде ең көп астық тапсырып, ірі көлемде қант қызылшасын өткізіп отырған.
Қазір сол қойлар, сол қызылшалар қайда? Біз оны неге ұқсата алмадық? Ойланатын мәселе көп. Мені ауыл шаруашылығы маманы ретінде осы мәселелер ойландырады.
Аманқұл НЫСАНБАЕВ,
зейнеткер, еңбек ардагері.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді