«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» деген халық сөзі Ғанибектің бала күннен қанатты қағидасына айналған. Себебі өзінің атасы осы әскери салада табан аудармай қызмет етіп, Отан қорғау ісінің перзенттік парыз екенін ұрпақ тәрбиесіне де сіңіріп кеткен. Осылайша, Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен келген жас сарбаз Әулиеата топырағына табан тірейді. Мектеп жасынан даңқты батыр Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқып өскен ол, тау тұлғаның туған жерінде борышын өтеп жүргенін мақтаныш санайды.
– Өзімнің туған атам Рысбекәлі Кәріпжанов 1934 жылы Жетісу облысының Жас қазақ стансасында дүниеге келген әскери адам. 1951 жылы туған өлкеде қара танып, 1954 жылы Өзбекстан мемлекетінің Термез қаласында Отан алдындағы борышын өтеген. Ал 1956 жылы әскери міндетінің уақыты аяқталған бойда сол жердегі әскери училищеге оқуға түсіп, білім ошағынан офицер шенін алып шығады. Атамның әскери өмірдегі алғашқы қадамдары осылай басталған. Одан соң ол кісі өзі борышын өтеген жерде құрлық әскерлері құрамында еңбек жолын бастап, сол жерден полковник шеніне дейін көтеріледі. Кейін 1975 жылы әскери округте генерал-майор шенін алып, Отан қорғау жолына саналы ғұмырын арнады. Атамның әскери саладағы еңбек жолы бала күнімізден жадымызда жаңғырып, жатталып қалған. Себебі ол өзінің ұрпақтарына үнемі саланың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын қатар айтып отыратын. Сол кісідей болу қазіргі менің арманым. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, өсе келе біз де ата жолын қуғымыз келді. Әскери өмірге деген қызығушылығымды атам оятқанымен, Бауыржан Момышұлының шығармалары, әдебиетіміздегі батырлар жыры жігерлендіре түсті. Бұрынғы бабаларымыз аттан түспей, барлығы байтақ даламыздың тынышын күзетті. Олардың әрқайсысының есімдері бұл күнде ерлікпен бірге аталады. Сондай батыр елдің ұрпағы бола тұра, Отан қорғауға қалайша енжарлық танытуға болады? Өз басым замандастарыма, кейінгі ізбасарларыма әскери өмір мектебін көзбен көріп, қолмен ұстаудың әсері ерекше екенін айтамын. Сол Бауыржан Момышұлы атамыздың «Қарабет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлгенім артық» деген өр рухты өнегесі бар. Мен үшін әрбір ер азаматтың намысын оятуға бұдан артық сөз жоқ. Мен де елім үшін бар қайратымды салуға сақадай саймын. Өйткені мен үшін Отанымыздан басқа ешқандай құндылық жоқ,– дейді жас сарбаз Ғанибек Дәулетбекұлы.
Жауынгер ақ найзаның ұшымен ұланғайыр даланың алынбас қамалына айналған бабалардың жорығын жалғап, әскери білім алып, ел дамуы жолында өзінің үлесін қосуды армандайды. Оның Отан қорғау ісін таңдағанына отбасы да қолдау білдіріп, оғлан ұлдың жігері одан сайын арта түскен.
– Отаның сенім, елің үміт артып, отбасың қолдап тұрғанда кез келген мақсатқа жету қиынға соқпайды. Мен үшін бұл үлкен демеу. Қазір әскери өмірдің өзі менің қарашаңырағыма айналып барады. Өзім секілді ортақ мақсаттағы замандас, достар таптым. Тәжірибелі командирлерден білмегенімді үйреніп жүрмін. Бес қаруы сай бабалардың ізімен заманауи жарақтардың тілін меңгерудемін. Бастысы – бұл менің өз таңдауым, өз қалауым. Борышымды өтеу мерзімі аяқталған бойда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түсіп, елім үшін қызмет еткім келеді. Бұл мақсатыма жету жолында маған қолдау білдірген әскери азаматтарға, ең бастысы батырлардың кіндік қаны тамған Әулиеата топырағына алғысым шексіз,– дейді жас жауынгер.
Мұндайда «әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы еріксіз еске түседі. Қазіргі таңда тау атқыштар ротасында міндетін өтеп, алдына таудай мақсат қойған сарбаздың перзенттік парызына деген сенімі көпке үлгі болары анық.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді