Салтанат та сондай... жас та болса, бас болған сирек жауһарларымыздың бірі һәм бірегейі!
Бүгін, міне, Салтанат Жұмабекқызының тікелей өзімен сұхбаттасудың сәті түсті. Оған қояр сауалдарымызды көңілімізде көптен бері жұптап жүргенбіз. Оның үстіне Жұмабекқызының жайдары, ашық, жан баласын жатсынбайтын ерекше бір қыры да бар ғой! Содан да әңгімеміз жарасып, шүйіркелесе кеттік...
– Қайда, қандай жұмыс істейсіз?
– Жамбыл ауданындағы А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.
– Қайда туып-өстіңіз?
– Жер жәннаты – Жетісуда, Кербұлақ ауданы, Алтынемел ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келгенмін. Балалығым Хантәңірінің баурайында, атам мен әжемнің қолында, Нарынқолда өтті. Төрт ағайындымыз, мен үйдің тұңғышымын...
– Жас кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Балғын шағыңда ойың тұнық, арманың шексіз болады ғой. Біресе дүкенші, біресе ата-әжемді емдейтін дәрігер, біресе қуыршақтарыма «сабақ беріп» мұғалім боламын дейтін едім... Ал мектепте оқып жүргенімде журналист болуды көңілім қалап, осы арман мектепті бітіргенімше бесігінде тербетті де жүрді. Бірақ, кейін ата-анамның жолымен жүруді ойлап, мұғалім мамандығын таңдап, білім грантымен жоғары оқу орнына түстім.
– Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
– Ата-анам ұстаз болғандықтан, шектен шықпадым. Ол кезде мұғалімнің баласы жаман оқушы болуға тиісті емес еді, қазір де солай-ау! Боранды күндері болса да сабақтан қалған емеспін. Бұл менің мектепті бітіргенге дейінгі бұлжымас қағидама айналды.
– Балалық шақ қызықтары есте ме?
– Әрине. Ол бір мөлдір шақ қой!
Жыл сайынғы жазғы каникулымды нағашы атам мен апамның ауылында өткізетін едім. Жаздың жайдары бір күнінде көрші үйдің балаларымен бірге балшықтан «торт» жасап, бетіне түймедағы гүлін қойып, балауса шөптен «тамақ пісіріп» жүргенбіз. Бір кезде...үйдегілердің өзімді түскі асқа шақырған дауыстары естілді. Ал мен жорта естімегенсіп, ойынды қимай тұрған құрбыларыма «үндемеңдер» деп ишара жасап, одан әрі қарай ойнай бердім. Менің дауысым шықпаған соң атам мен апам қорқып, көшеге шығып іздей бастады. Көшеміздің арғы бетінде «Байынқол» өзені бар еді. Мені сол жаққа кетіп қалды ма деп ойлаған болулары керек. Үйдің іші, тіпті көршілеріміз де жаппай өзімді іздеуге шықты. Мен құрбыларыма берген уәдемді «бұза алмай», қораның бұрышында тығылып отырмын. Бір уақытта көрші үйдегі жеңгей келіп, мені көріп қалды да «Таптым, таптым! Ол мұнда жүр!» деп қуанып, атам мен апама қолымнан жетелеп алып барды. Атамның сонда балалық-шалалығыма ашуланудың орнына «Біз бұл қызды іздеп жүрсек, көрші Әдеп келін тығып қойған екен ғой», – деп келіп, маңдайымнан алақанымен сипап, бетімнен сүйгені есімнен кетпейді. Көрші жеңгейді осылай ыңғайсыз жағдайда қалдырғаным есіме түссе-ақ, бетімнің ұяттан бір ду етіп басылатыны бар. Содан кейін екі ай бойы каникул біткенше ешқайда шықпай, атам мен апамның көз алдында жүрдім десем де болады...
– Өлең де, эссе де жазасыз...
– Менің әдебиетке құмарлығым Мұқағали атамыздың «Үш бақытым» өлеңін оқып, танысуымнан басталды. Тырнақалды шығармам да ақиық ақынға арналды. Осы жырыммен «Мұқағали оқулары» байқауының жүлдегері атандым. Содан былай қарай жазған-сызған дүниелерім аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетіне де жиі жариялана бастады.
– Кітабыңыз шықты ма?
– Жоқ. Алайда алдағы уақытта тұңғыш жыр жинағымды шығару ойымда бар...
– Ұстаз болудың басты ұстанымы қандай?
– Қазіргідей ғылым мен техниканың дамыған заманында жас өрендерді таңғалдыру оңай емес. Ұстаз үйрете жүріп, үйренуге де тиіс. Шетелде мұғалімдер, мысалы, оқушыларымен әр кезде де ашық пікір алмасып, олардың ой, пікірлерін ескеріп отырады. Әрине, оқушы да мұғалім талабы үдесінен шыға алуға тиіс. Мен де балалармен тең құрбыдай етене сырласып, пікір алмасуды жөн санаймын. Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіре отырып, көркем әдебиетті оқуға баулуды басты міндетім деп санаймын.
– Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әрқайсысын жеке дара оқыту керек пе?
– Бүгінде елімізде болып жатқан түрлі жаңарулар, ізгілендірілген қоғам құруға беталыс, ұстаздарды білім беру мазмұнын, оқыту әдістемесін жетілдіруге, білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын айқындауға жұмылдыру, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту мәселелері күн тәртібіне өткір қойылып та отыр. «Әдебиет – сөз өнері». Яғни өнердің бір саласы. Әдебиет сабағын жас өрендердің бойындағы арман, сенімді, сезімді ояту, оларды адамгершілік әдептеріне, ізгілікке, кісілікке баулу, адам жанын түсіну сабағы десек те болады. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды.
– Жас өрендерге айтар тілегіңіз?
– Мағжан Жұмабаев бір сөзінде: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – дейді. Бұл қанатты сөздің астарына үңілсек, бала күнімізден бойымызға сіңірген тәлім-тәрбие мен үлкендердің ұлағатты сөздері біздің өмірімізге азық әрі сабақ болуы тиіс.
Міне, сондықтан оларға «Балалар, міне, осы құндылықтарды бойларыңа сіңіру арқылы болашақтарыңның іргетасын қалайсыңдар. Сондықтан көп ізденіп, көп оқу керек, қажетсіз ақпараттарды санадан аластап, рухани болмысыңның берік қалыптасуына әсерін тигізетін жалпыадамзаттық құндылықтарды оқып, біліңдер. Артық білімді кітаптан іздеп, ғаламның белгісіз қырларын ашуға ұмтылу сендердің қолдарыңан келеді. Білім шыңына өрлеп, талмай қанат қаға беріңдер!», – дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Су саясаты сараланған саммит
- Бүгін, 09:49
Анықталған кемшіліктер қашан қалпына келтіріледі?
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді