Қарағанды мен Құлсары жұртына қолдау көрсетті

Қарағанды мен Құлсары жұртына қолдау көрсетті
Ашық дереккөз
Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі ағайынның басына түскен сынағы әрбір қазақтың қабырғасына батқаны рас. Бұл жағдайға Мойынқұм ауданының тұрғындары да үнсіз қалмай, WhatsApp желісі арқылы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» тобын ашты. Оған қосылушылар саны артпаса, кеміген жоқ. Топ басшысы, кәсіпкер Бәкен Бейсебаев және қарияларымыз, депутаттар, белсенді жастар, ауданның іскер азаматтары бірігіп, ел қамын ойлаған топта 4-5 күн ішінде халықтан бірнеше миллион ақша жиналды. Су тасқыны болған Қарағандыға қаржылай көмек берілді. Бәкен Тұрарқұлұлы мен Саттар Биділдаев бастап, қиын-қыстау күнде қайырымды іс тындырды. Ел алғысына бөленді.

Қарағандыға көмек көрсетіліп келгеннен кейін топ қайта қаржы жинап, бұрынғыдан да қол ұшын созушылар көбейді. Тіпті, Мойынқұмды бұрын мекендеп, басқа аймаққа қоныс аударғандар да үлес қосты. Барлығы 8 миллионнан астам қаржы мен азық-түлік, қажетті құрал-саймандар, төсек-орындар мен өзге де тұрмысқа керекті заттар қамтылған гуманитарлық көмек жиналып, төрт «Газель» автокөлігімен Батысқа жөнелтілді.

Құлсарыдағы сел салдарынан баспанасыз қалған жұртқа Мойынқұмның сәлемін арқалаған көмек жеткізуші азаматтар барлығы 6000 километр жол жүріп, 9 күн өткен соң ауданға оралды.

– Ардагеріміз Мұқан аға бастаған жергілікті мойынқұмдық азаматтар Мейрамбай Өтебай, Медет Жақсылықбай, Айдар Смағұл мен қылышбайлық Бауыржан Жұмағұлов, Бексұлтан Елеубек, Көсембек Аталық есімді жігіттер «Газель» көліктерін ұсынып, жолға шықтық. Басты мақсатымыз – халықтың аманатын Құлсарыға жеткізу. Суда киетін етік пен бөгет жасауға арналған қаптарды көптеп алдық. Құлсарыдағы зардап шеккен халыққа көмек ретінде 4 «Газель» жүкті аман-есен жеткізіп бердік. Осы орайда, барлық жанашыр тұрғынға алғысымды айтқым келеді. Қайырымдылық іспен айналысып жүретін кәсіпкерлерге, үлес қосқан ауыл тұрғындарына, игі істен қалыс қалмаған жастар мен Мойынқұм халқының дархандығына, кеңпейілдігіне дән ризамын. Ауылдан шыққанда 4 газельдің екеуі бос болғандықтан, Тараз қаласының «Ауыл – Береке» базарынан азық-түлік алуға кірістік. Сол маңдағы саудагерлер көліктегі «Мойынқұмнан – Құлсарыға», «Біз біргеміз!» деген жазуды көріп, картоп, пиязды «Менен алыңыз», «Мен берейін» деп таласып, тегін әрі өздері көлікке тиеп берді. Біз аңтарылып қалдық. Екі көлікті алып, ұн, құмшекер тәрізді азық-түлік алуға келсек, ондағы сатушылар да арзандатып берді. «Тиыннан теңге құрап, бірді екі қылғысы кеп» саудада отырған адамдардың өздері де азық-түлік пен керекті заттарды өз еріктерімен жүкші болып, көліктерімізге тиесті. Сол жерде бір сәтке тынығып, кофе ішуге аялдағанымда бейтаныс бір кісі 1000 теңге беріп, «Керек емес» деп айтқанымша болған жоқ, «Титтей де көмегім болсын» деп тездетіп кетіп қалды. Тіпті, футбол ойнап жүрген балаларға дейін қолдарындағы майда тиындарын әкеп беріп жатты. Халқымыздың бауырмалдығына, басқаның басындағы қиындыққа бейжай қарамайтындығына қуандым. Жол бойында да кездескен адамдардың ақжарма тілектерін тыңдап бардық, – дейді Бәкен Тұрарқұлұлы.

 

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,

журналист.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар