«WorldSkills»: техникалық мамандықтар байқауы бастау алды

«WorldSkills»: техникалық мамандықтар байқауы бастау алды
Ашық дереккөз
Нарық талабына сай маман даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, инновациялық технологияның күн сайын қарыштап дамуы өндірістегі кей мамандықтардың қолданыс ауқымын жиі өзгеріске ұшыратып отырады. Сондықтан қоғаммен үндесе отырып, заманға сай мамандықтарды дамытып отыру маңызды. Осы мақсатта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жұмысшы мамандықтарының арасында «World skills Jambyl–2024» облыстық чемпионаты бастау алды.

Жастарды кәсіптік даярлау саласындағы әлемнің үздік тәжірибесін анықтап, оны техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуді мақсат еткен іс-шара еңбек адамының кәсіби мәртебесін арттыруды көздейді. Дүбірлі додаға облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «WorldSkills Jambyl-2024» кәсіптік шеберлік чемпионатының облыстық кезеңінің ұйымдастыру комитеті, облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен студенттері, сарапшылар, әлеуметтік әріптестер қатысуда.

Биыл чемпионат өңірдегі құзыреттілік орталықтары бар, бірнеше тірек колледждердің базаларында өтеді. Атап айтқанда, байрақты бәсекені Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, Жамбыл инновациялық жоғары колледжі, Тараз сервис және технология колледжі, Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі мен Қаратау құрылыс-техникалық колледжі және №7 Бетқайнар колледждеріндегі базаларында жүзеге асыру қарастырылуда. Жалпы, чемпионатқа аталған оқу орындарынан 19 білім бағдарламаларынан 120-дан аса білімгер қатысады. Олардың жұмыстарын 128 сарапшы және өндіріс орындарынан 26 бас сарапшы бағалайтын болады. Айта кету қажет, облыстық кезеңнен жеңімпаз атанған қатысушылар «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатына жолдама алады. Жастарға мол мүмкіндіктер сыйлап, инновациялық жобалардың жүзеге асуына себепкер болған игі шара жайында мамандар да өз ойларымен бөлісті.

– Мемлекет басшысының техникалық колледждерді жетілдіру, өндірістік ортаны дамыту бағытындағы бастамалары ел аумағында кең көлемде жүзеге асуда. Осы мақсатта қазіргі таңда колледждерге академиялық еркіндік берілді. Нәтижесінде, білімгер мен білім ордасы, жұмыс беруші арасындағы үш жақты байланыс орнатылды. Бұған жұмысшы мамандықтар арасындағы «WorldSkills» байқауы да себепкер болып отыр. Аталмыш байқаудың жүлдегерлеріне арнайы қаржылай сыйлықтар тағайындалып, жұмыс беруші компаниялардан тұрақты жұмыспен қамту сертификаттары да табысталады, – деді техникалық және кәсіптік білімдерді дамыту орталығының директоры Дархан Есжанов.

Былтыр аталған сайыстың республикалық кезеңінде төрт жерлесіміз жүлдегер атанып, облыстың техникалық білім әлеуетін үздік ондыққа енуіне себепкер болған. Оның ішінде екі білімгер аспаз ісі мен мобильді қосымшалар даярлау мамандықтары бойынша күміс жүлдеге ие болса, қалған екі қатысушы бизнестегі IT шешімдер, кузов жөндеу мамандықтары бойынша алтын жүлде иеленген. Соған сәйкес, қыркүйек айында екі жамбылдық жас Францияның Лион қаласында өтетін аталмыш байқаудың халықаралық кезеңінде бақ сынайтын болады. Жалпы, жастар арасындағы еңбек байқауының өңірлік кезеңі үш күнге жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар