Елу жылдан кейінгі кездесу

Елу жылдан кейінгі кездесу
Ашық дереккөз
Ұядан ұшқан талантты да, тәрбиелі түлектердің жас ұрпақпен қауышуында да таусылмас тағылым, ұмытылмайтын ұлағат жатыр. Шын мәнінде де мектеп – болашақ негізін қалыптастыратын, ел мерейін асқақтататын, тұлғалар баптайтын құтты мекен, алтын ұя. Сондай қасиетті білім ошағының бірі – тоқсан жылдан астам тарихы бар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Ойық орта мектебі.

Білімұя қатарынан төрт жыл бойы аудан мектептері арасындағы «Үздік ауыл мектебі» атаныпты. 2021 жылы мектеп бітірушілер арасынан 20 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болғанын да ерекше атап өткен жөн. Мектептің үздік түлектері де жетерлік. Олар, атап айтқанда, Өркен Кенжебек – белгілі журналист, Әсел Әнуарбек – «Түркіст ан» газетінің тілшісі, Мадина Керімқұлова – «Болашақ» стипендиясы бойынша Ұлыбританияның Лестер университетінің магист ранты. Мектептің мұндай жетістігі өте көп.

Жақында білім ошағына «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» бір буын өкілдерінің – Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Д.А.Қонаев атындағы Ойық орта мектебін 1964-1974 жылдар аралығында оқып бітірген түлектердің 50 жылдан кейінгі кездесуі өтті.

Бір айта кетерлігі, 1974 жылы үш сынып бойынша 99 түлек бітірген екен. Солардың 27-сі бұл күнде бақилық болған. Олардың рухына Құран бағышталды.

Елу жылдық осынау түлектер қатарынан шыққан облыстық мәслихаттың депутаты болған Жалғас Тәукебаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ділдахан Рахымбаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлиевпен, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын, жазушы Баймаханбет Ахметпен мақтанады.

Ертеңіне осы 50 жылдық түлектер Тараз қаласына келіп, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған Болат Ұзақовтың «Жандауа» қойылымын тамашалады. Осы қойылымда ақсақалдың рөлін Әбиірбек Тінәлі, әженің рөлін Халық артисі Мәкен Рахымжанова ойнады. Қойылымнан соң марапаттау рәсімі өтті. 50 жылдық кездесудің ұйымдастыру алқасының төрағасы Жалғас Тәукебаев алғаш сөз алып, сыныптастары атынан аталған театр актері Әбиірбек Тінәлі, жазушы Баймаханбет Ахметке алғыс айтып, құрмет көрсетті, Халықаралық «Қонаев қорының» төрағасы Эльдар Қонаевтың қолы қойылған Қонаев атындағы медальмен Әбиірбек Тінәлі, Баймаханбет Ахмет марапатталды. Талас ауданы әкімінің шешімімен «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбай Әбиірбек Тінәлінің кеудесіне тақты. Іс-шара соңында Әбиірбек Берденұлы барша көпшілікке, сыныптастарына, театр ұжымына алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар