Дәстүрлі өнерді дәріптеуші

Дәстүрлі өнерді дәріптеуші
Ашық дереккөз
Қазақтың шынайы болмысы мен тұнық табиғаты – ауылда. Сондықтан жырақта жүріп-ақ жұртқа танылған азаматтар аз емес. Аядай ғана Аққұмның атағы алты қырдан асып, көпке танылып жатыр. Туған жердің туын көтеретін – талантты перзенттері. Солардың бірі – әнші, термеші Бақтияр Сейітқұл. Ол – Аққұм ауылдық мәдениет үйінде вокал үйірмесінің жетекшісі, дәстүрлі әнші.

Бақтиярға Жаратушы ерекше дарын берген. Шымкент қаласынан жоғары музыкалық білім алған талант. Ол дәстүрлі әндерді, Базар жыраудың «Жақсы мен жаман» термесін тамылжытып орындайды. Сондықтан, түрлі ән байқауларында қолы жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен жыршы- термешілердің республикалық байқауында дипломант атанды. Ал, 2021 жылы Керекуде өткен дүниежүзі қазақтары құрылтайының аясында өткен «Қасиетті қазақ елі» ән фестивалінде жүлделі үшінші орынды олжалады.

2022 жыл Бақтияр үшін өте маңызды сәт болды. Ол жамбылдық құрамның қатарында халықаралық «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «Жеті қазына» мегажобасының бас жүлдегері атанды. Сол уақытта «Хабар» телеарнасы арқылы Бақтиярдың әндері еліміздің түкпір-түкпіріне тарағаны анық. Аталған Мәдениет үйінің әдіскері Алтынай Құралбаева осы ауылдың мақтанышына айналған Бақтияр салған әндер талай жерді тамсандырып жүргенін айтады. Әнші облыстық, республикалық байқауларға қатысу арқылы өнерін өрістетіп қана қоймай, өзіне рухани достар тапты. Қазіргі таңда сол замандас өнерпаздармен байланысып, шығармашылыққа қатысты жоспарлары мен мақсаттары туралы ой бөлісіп отырады.

– «Туған жер – тауың да ыстық, тасың да ыстық» деп Кенен Әзірбаев жырлағандай, ауылдың қасиеті мен табиғаты бөлек. Жаныңды баурайды. Сондықтан, туған жерге ту тігіп, ауылда тұрып жатырмыз. Өнерімізді, талантымызды да алтын бесік – ауылға арнап жүрміз. Қазақтың қасиеті де, сөздің құнары да ауылда сақталғаны рас. Шығармашылық ортадан шеттеп қалған ештеңеміз жоқ. Түрлі деңгейдегі байқаулар болса барамыз, қатысамыз. Республикалық деңгейдегі телеарналардан да өнер көрсеттік. Алдағы уақытта да ән мен жырға, қазақтың төл өнері – термеге, жалпы өнер, шығармашылыққа қолдау болады деген сенімдемін, – деді дәстүрлі әнші Бақтияр Сейітқұл.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар