Облыстың аймақтық жиын пунктінде жас жігіттерді іріктеу және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне жолдау жалғасуда. Бұл жасақтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері мен Мемлекеттік күзет қызметі салаларын толықтыруда. Бүгінге дейін облысымыздан көктемгі шақыруға жататын бір жарым мыңнан астам азаматтың жартысына жуығы әскери бөлімдерге жіберілді.
Жалпы, ел аумағындағы өңірлердің ішінде Жамбыл облысы халқының саны миллионнан асатын Қазақстанның бес аймағының біріне жатады. Осыған сәйкес, өңірдің Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жоғары қолбасшылықпен Қарулы Күштер және басқа да әскери құрылымдардың қатарына басқа өңірлерге қарағанда көп мерзімді әскери қызметшілерді іріктеу тапсырылды. Облыс әкімдігінің қорғаныс істері жөніндегі департаменті аталған бағыттағы жұмыстарды сапалы таңдау және аяқтау бойынша әскери басқару органдары арасында көш бастап келеді.
– Әскерге жас жігіттерді іріктеу алгоритмі уақыт талабына сай әзірленіп, түбегейлі тексерілді. Алдымен әскери жастағы жас жігіттер тұрғылықты жері бойынша емханаларда, одан кейін аудандық бөлімдер мен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда медициналық тексеруден өтеді. Іріктеудің ең жоғарғы кезеңі – облыстық шақыру комиссиясының дәрігерлерінен әскерге шақырылушылар жан-жақты тексеруден өтіп, түпкілікті шешім шығарылатын облыстық қабылдау пункті. Әскери міндеттілерді Қарулы Күштер қатарына қабылдау кезінде департамент қызметкерлері денсаулығына, дене бітіміне және физикалық деректеріне назар аударады. Шақыру комиссиясының дәрігерлерімен қатар, әскери бөлімдердің өкілдері де іріктеу жұмыстарын жүргізеді. Олар үшін әскерге шақырылғандардың физикалық жағдайы ғана емес, сонымен қатар олардың моральдық, психологиялық тұрақтылық деңгейі мен қызметке дайындығы маңызды, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов.
Ал, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, полковник Қуаныш Алпысбайұлы: «Ең қуанарлығы – әскерге шақырылушылар Отан алдындағы борышын өтеуге өз ықыластарымен келіп, барлық комиссиялардан өз еркімен өтіп, тіпті шақыруды күтпей-ақ әскери басқару органдарына жиі келетін. Әскерге деген шын ықыласы мен қызмет етуге деген ынта-ықыласын танытатын жастар көбейіп келеді. Жігіттердің қызметке деген құлшынысының, конституциялық борышын өтеудегі жоғары саналылығының арқасында біздің департамент жыл сайын Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар қатарына жас жігіттерді іріктеу міндетін абыроймен атқаруда. Көктемгі әскерге шақыру кезінде де тапсырмаларды толық орындайтынымызға күмәніміз жоқ», – деп жастардың талпынысын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Аудандарда, одан кейін облыста іріктеу кезеңінен өткен әскерге шақырылғандар арасында өздерінің болашақ жоспарларын саламен байланыстыратын жастардың да қатары артып келеді екен.
Әскери міндеттілер үшін қосымша мотивация ретінде жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсету ісі де жыл сайын ілгерілеп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, қызмет кезінде сарбаздар 13 ай несиелік демалыс алады, ал қызметтен кейін олар жоғары оқу орындарына ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынсыз түседі. Ал, қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері үшін әскерге шақырылғандардың әскери тәртіпті сақтауға дайындығы және әрбір ер азамат әскерде қызмет ету керектігін мойындауы ең басты мотивация, ең нәтижелі көрсеткіш. Өйткені, Отан қорғау қашанда қасиетті борыш болып қала беретіні анық.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді