Әскери техника жазғы маусымға дайын

Әскери техника жазғы маусымға дайын
Ашық дереккөзі
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов өңірге арнайы іссапармен келіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің жұмысымен танысты. Сапар барысында ол Тараз гарнизонында орналасқан барлық әскери бөлімдерді аралап, алдағы жоспарларды пысықтады.

Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері дайындық кезеңінен өтуде. Қысқы оқу кезеңі аяқталғаннан кейін жазғы оқу кезеңіне дайындық шаралары басталады. Осы уақытта барлық әскери техника оқу-жаттығу полигондарына келіп, жауынгерлік көлік парктеріне шоғырланады. Онда техниканы жазғы жұмысқа ауыстыру жұмыстары басталады. Бұл процесс барысында жауынгерлік көліктердің барлық қажетті құрал-жабдықтары қайта жаңартылып, жазғы маусымға әзірленеді. Сондықтан, Тараз гарнизоны әскери бөлімдерін аралау барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары осы маңызды техникалық процеске баса назар аударды. Себебі, алда бірқатар түрлі командалық-тактикалық оқу-жаттығулар жоспарланған, ал әскери техника сол оқу-жаттығулар кезінде сапалы пайдалану үшін толық дайындықтан өтуі керек.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерді аралау барысында Сұлтан Бүркітбайұлы әскерге шақырылғандардың дайындық сапасына ерекше назар аударды.

– Әскерге шақырылғандардың көпшілігі Қарулы Күштер қатарына колледжді бітіргеннен кейін келеді. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскерге шақырылушылардың азаматтық мамандықтарын тиімді пайдалану немесе олар үшін жаңа мамандықтар алу мәселесін қарастыруда. Бұл әскери қызметтің беделін арттыру бойынша қабылданған шаралар. Осындай жеңілдіктердің нәтижесінде Отан алдындағы борышын адал, міндетін мінсіз атқаратын жас жауынгерлеріміздің қатары артады деген сенімдемін, – деді генерал-лейтенант.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығының облысқа жұмыс сапары Луговой гарнизонының әскери бөлімдерінде, сондай-ақ аймақтағы басқа да бөлімшелерде жалғасты.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар