Ақыл берген, ой берген, білім берген

Ақыл берген, ой берген, білім берген
Ақәділ Рысмахан
Оқу жылының аяқталуы оқушылармен қатар, ұстаздар үшін де үлкен қуаныш. Өйткені, осы күні бірі ұясынан ұзап ұшқан қарлығаштарына сәт сапар тілеп, бірі биікте қалықтаған қырандарын сарыла күтеді. Олармен сағыныса көрісіп, өткен-кеткенді еске алады, мектептегі сағым жылдарға сапар шегеді. Осылайша, күні кеше тарыдай ғана тұрпатымен табалдырықтан аттаған шәкірттерінің тау тұлғалы азаматқа айналғанына куә болады. Олардың бүгінгі бейнесіне қарап, ерен еңбектің еленгеніне елжіреп, шынайы қуаныш сезімін танытады.

Мереке мезіретінде бірнеше жылдар бұрын білім мекенінен түлеп ұшқан балапандарын сағына күткен жанның бірі – Аманкүл Танакөзова. Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылындағы Әлтай Төлепбергенов мектебінің ұстазы болып, талай жылдар бойы қызмет еткен Аманкүл Аутжанқызы мұғалімдер әулетінде дүниеге келген. Оның мәртебелі мамандық жолын таңдауына әкесі Аутжанның ықпалы зор. Құмөзек ауылындағы орта мектепте мектеп директорының орынбасары, кейіннен мектеп директоры болып қызмет атқарған жоғары санатты ұстаз Аутжан өзінен тараған ұл-қызының да ұстаз болуын қалаған. Осылайша, ұлағатты ұстаздың ұстанымынан танбай, отбасының тоғыз қызы бірден мұғалімдік жолды таңдаған. Ал, әулеттің жалғыз ұлы Маусым бүгінде Төле би кентінде үй жиһаздарын дайындайтын шағын кәсіпкерлік нысанының жұмысын жандандырып отыр.

– Ұстаз – ұлағатты есім. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы екені анық. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір бойына таусылмас қазына жинайды. Ал, біздің ұстаздық жолына келуімізге әкеміздің тәлім-тәрбиесі үлкен әсер етті деп нық сеніммен айта аламын. Бүгінде әкеміз бен анамыздың үмітін үкілеген әпкелі- сіңлілердің барлығы да мұғалімдік жолында абыройлы қызмет етуде. Оның ішінде Үміт пен Дәмет есімді бауырларым білім саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегерлері атанды. Бұдан бөлек, әулетімізде тарихшы, биолог- географ, психолог, ағылшын тілі мен неміс тілі пәнінің мұғалімі, бастауыш сынып ұстазы мен білім ордасының кадр бөлімі маманы да бар. «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды» деп босқа айтылмағаны белгілі. Сондықтан, мұғалім үшін шәкірттің ақыл-ой ынтасын көтеріп, білімді игеруге, ойлау қабілетін шыңдауға барынша атсалысу маңызды. Сонда ғана шәкірт бойындағы шамшырақты жаға алғанымыз үшін мақтануға болады, – дейді ұстаздың өзі.

Табаны күректей қырық жыл төккен тер еш кеткен жоқ. Бүгінде Аманкүлдей ұстаздарының тәрбиесін көрген шәкірттері әртүрлі қызметтің биігінен көріне білген. Олардың қатарында Мойынқұм ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов, Amanat партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, Қылышбай ауылдық округінің әкімі Бәкір Исабеков бар. Осылардың қай- қайсысы болса да, ұстаздарының жанға жайлы жұмсақ мінезі мен аялы алақанын ұмытпаған. Мәселен, аудандық мәслихаттың үш мәрте шақырылым депутаты болып, қазіргі таңда Қылышбай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып отырған Бәкір Исабеков сынып жетекшісінің ақыл-кеңесі мен тәлім-тәрбиесі тұлға болып қалыптасуға көп септігін тигізгенін жеткізді.

– Ұстазымыздан үйренген тағылымыз көп. Аманкүл Аутжанқызы тек білім беріп қана қоймай, тәлім- тәрбие турасынан оқушыларына көп ақыл-кеңес айтып отыратын. Әсіресе, өзі мұғалімдер әулетінің өкілі болған соң, ұстаздықтың қыр-сыры мен айтулы мамандықтың артықшылығын үнемі насихаттап, көп шәкірттің шамын жақты. Оның өз пәні бойынша сабақ өткізу форматы да басқаша еді. Оқушыны оқулыққа телміртпей, тіршіліктің таңғажайыптарына көбірек көңіл аудартатын. Менің де мұғалім боламын деген бала арманымның бастауында сынып жетекшіміздің осындай қасиеттері тұрған еді, – дейді Б.Исабеков.

Осы күнде бейнетінің зейнетін көрген Аманкүл Танакөзова жолдасымен бес ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қызығын көруде. Алманың ағашынан әрі түспейтініндей, қыздарының арасында да мұғалім атанғандары бар. Олардың қай-қайсысы болса да, аналық мейіріммен дарыған байсалдық пен парасаттық парқынан танбай, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ал, ұстаздың өзі осыдан қырық жыл бұрын алтын ұядан алысқа ұшқан оқушыларымен кездесу сәтін асыға күтуде...

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар