Мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асқан бұл іс-шараға ата-аналар да қатысты. Ал, бітірушілерден басқа сынып оқушылары 24 мамыр күні 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған «Білімім – Отаныма!» атты жалпыреспубликалық бірыңғай тәрбие сағатымен биылғы оқу жылын қорытындылады.
– Облыстың 498 мектебінде 2023-2024 оқу жылын 248 мыңнан астам оқушы аяқтап отыр. Оның 12 мыңнан астамы мектеп түлектері.
Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы №304 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 25 мамырында оқу сабақтары аяқталды. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрады. 24 мамыр күні өткізілген тәрбие сағатының концепциясы мен сценарийі Оқу-ағарту министрлігі тарапынан әзірленіп, барлық мектептерге ұсынылды. Оқу жылының қорытындысы туралы ұйымдастырылған тәрбие сағатының мақсаты – ұстаздарды құрметтеуге, білім ұясына қамқор болуға, білім алуға құштар болуға, жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу. Тәрбие сағатына барлық білім алушылар, яғни 1-10-сынып оқушылары қатысты. Ол сағат 9.00-де бір мезгілде Мемлекетіміздің Әнұранымен басталды. Оқу-ағарту министрінің білім алушыларға арналған құттықтау сөзі айтылып, республика бойынша балалардың жетістіктері туралы видеоролик ұсынылады. Осы тұста аталған шараға ата-аналардың қатысуы да маңызды екенін айтып өткен жөн. Себебі, әр баланың жақсы қасиеті, үлгілі істері, ерлік көрсеткен тұстарына ерекше назар аударып, сынып сағаты барысында марапатталды, – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев.
Айта кетейік, салтанатты шараны ұйымдастыру кезінде аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктермен қала ішінде экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейтіні қатаң ескертілген болатын.
Соңғы қоңырау кезінде балалардың қауіпсіздігі де тұрақты түрде назарға алынды. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Калышевтың сөзіне сүйенсек, соңғы қоңырау кезіндегі қауіпсіздік үшін тәртіп сақшылары тарапынан 670 қызметкер, 247 автокөлік жұмылдырылды.
– Жергілікті полиция қызметкерлерімен барлық мектептерде жол қауіпсіздігінің және жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мақстында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ювеналдық полиция қызметкерлері білім бөлімінің мамандарымен бірлесіп, ата-аналарға жазғы уақытта кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың жолын кесу, соңғы қоңырау іс-шарасында жол-көлік оқиғаларын, әсіресе кортеж болдырмау мақсатында профилактикалық түсіндірме жиналыстары өткізілді. Қорыта айтқанда, 25 мамырдағы соңғы қоңырау іс-шарасында облыстың полиция қызметкерлері күшейтілген бағытта жұмыс істеді. Қала мен ауданда бекітілген полицияның жасақшылары оқушылар тарапынан және оларға қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Қоғамдық тәртіптің ықтимал топтық бұзылуын уақтылы болдырмау үшін жастардың қоғамдық орындарда және көшелерде шоғырлануына ерекше назар аударылды. Әрбір оқу орнына қалалық, аудандық полиция бөлімдері басшылығы қатарынан жауапты тұлғалар, ювеналды полиция мен учаскелік полиция инспекторлары аумақ бойынша бекітілді. «Соңғы қоныраудың» салтанатты бөлігінен кейін, ювеналды, патрульді полиция қызметкерлерімен, учаскелік полиция инспекторларымен «Өз құқықтарын білуге қабілеттігі», «Жеке және жол қауіпсіздігін сақтау», «Назар аударыңыз, бағдаршам», «Танымайтын тұлғалармен кездесу кезінде оқушының мінез-құлық ережелері», «Кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әкімшілік жауапкершілігі» және басқа да құқықтық тақырыпта сұхбаттар мен сабақтар ұйымдастырылады, – дейді Әлішер Тиллабекұлы.
Қала мен аудандық полиция бөлімдері басшылығы оқушылармен, студенттермен құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының сүйемелдеуімен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Оқу орындарында және халық көп жиналатын орындарда, ортақ чаттарда, ғаламтор желілерінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолдағы мінез-құлықтың ережелері және бейтаныс адамдармен қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын оқыту бойынша жадынамалар орналастырылып, таратылады. Қаншалықты тыйым салу, қадағалау болғанымен де мектеп бітірушілер соңғы қоңыраудан кейін мерекелік басқосулар өткізетінін көріп те жүрміз. Сондай сәттерде жасөспірімдердің көлік тізгіндеп, қайғылы оқиғаларға ұшырауы да әбден мүмкін. Осындайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық іс-шарасын тек қалада емес, аудандарда да ұйымдастырмақшы.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді