«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
Ашық дереккөзі
800-ГЕ ЖУЫҚ ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ 10 мамырдан бастап елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара барысында үй-жайлар, саяжай алаптары, құрылыс нысандары, шаруа қожалықтары, базарлар, жалдамалы пәтерлер мен өзге де күмәнді орындар тексерілуде. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды анықтау мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді полиция бекеттері қойылған. Осылайша, тәртіп сақшылары профилактикалық іс-шараның алғашқы төрт күнінде 780 қылмыс пен бұрын жасалған 236 қылмыстың бетін ашқан. Сонымен қатар бұл күндері іздеуде жүрген 71 қылмыскер құрықталған. Ал тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны немесе алып жүргені үшін бас-аяғы 152 азамат қамауға алынған. Бұдан бөлек, 52 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Профилактикалық іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзу деректері де тіркелген. Нәтижесінде 690 шетелдік ел аумағынан шығарылса, 37 шетелдіктің оларға қатысты соттың тиісті шешімін орындамағаны белгілі болған. Бұл күндері есепте тұрған тұлғалар да тексеріліп, 478 азаматтың белгіленген шектеулерді бұзғандығы анықталған. Ал, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 2133 адам жіберілген.

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ САТУШЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Жамбылдық полицейлер ұзақ уақыт бойғы жедел-тергеу іс-шаралар кешенінің нәтижесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар синтетика сатушылардың қызметіне тосқауыл қойды. Осылайша, синтетикалық есірткіні облыс орталығының аумағында таратқан 32 және 34 жастағы Тараз қаласының қос тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Айта кетейік, іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктілердің бірінің үйіндегі жатын бөлмесінен жалпы салмағы 122,37 грамм «мефедрон» синтетикалық заты жасырылған орын табылды. Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшылары 330-дан астам доза есірткінің таралуына жол бермеген. Ал оның қара нарықтағы құны 5,5 миллион теңге көлемінде бағаланады.

– Тараз қаласында екі жақын дос есірткі заттарын сатумен айналысқан. Жедел қызметкерлер оларды ұзақ уақыт бақылады. Есірткі сатушыларды ұстау бойынша арнайы операция олардың тұтынушылармен алдын ала кезекті «келісімінен» кейін жүргізілді, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

ЖҮГЕНСІЗ ЖҮРГІЗУШІ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа айлық есептік көрсеткіш бекітілгені мәлім. Енді 1 айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,07 пайызға өсті. Тиісінше, жол ережелерін бұзған жүргізушілер төлейтін айыппұлдардың көлемі де арта түсті.

Әйтсе де, жол белгілерін елемей, жылдамдықты арттырып жол ережелерін өрескел бұзатындардың саны азаймай тұр. Мәселен, жуырда ғана тараздық полицейлер жолда жүру ережелерін қатаң бұзған мемлекеттік нөмірі жоқ «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін анықтайды. Тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аталған автокөлік жүргізушісінің мемлекеттік нөмірді алып тастап, қала ішінде бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанына көз жеткізген. Нәтижесінде жүргізушіге қатысты бірден 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 110 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, көлік құралы арнайы айып тұраққа қойылды.

АРЗАН ТАУАР ҮШІН АЛАЯҚҚА АЛДАНДЫ

Бүгінгі таңда алаяқтықты кәсіп етіп, ел-жұрттың аңқаулығын ұтымды пайдаланатын арам ниеттілердің қарасы қалың. Құзырлы органдар кең өріс алған осынау қылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың нақ осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі.

Жуырда тәртіп сақшылары Қытай елінен арзан тауар алып беремін деп уәде етіп, жәбірленушіден 300 мың теңге алған 22 жастағы азаматты қолға түсірді. Тергеу барысында анықталғандай, жас жігіт біраз уақыт бұрын шетелден арзан бағада тауар жеткізумен айналысқан. Осылайша, клиенттерінің сеніміне кірген ол жәбірленушіге Қытайдан квадроцикл жеткізіп беруді уәде етіп, одан алдын ала ақша алған. Алайда уақыт өте күдікті байланысқа шықпай, жәбірленушіні сан соқтырып кеткен.

Қазіргі күні аталған факті бойынша сотқа дейінгі тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кетейік, аталған ер адамның осыған ұқсас тағы 3 алаяқтық фактісіне қатысы бары белгілі болған.

КҮДІКТІ КҮЗЕТШІ ҰСТАЛДЫ

Криминалдық полиция қызметкерлері құрылыс нысандарының бірінен ұрлық жасады деген күдікпен 31 жастағы ер адамды құрықтады. Тергеу барысында оның құрылыс нысанында күзетші болып жұмыс істейтіні, түнгі уақытта ешкім жоқтығын пайдаланып, ұзындығы 49 метрді құрайтын мыс кабельді қолды еткені анықталған. Десе де, ол ұрланған кабельді металл қабылдау пунктіне өткізбеген. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 735 мың теңге көлемінде бағаланған.

Бүгінде аталған дерекке сәйкес ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Тәртіп сақшылары азаматтарға қырағы болуды, құрылыс нысандарында қауіпсіздікті күшейтуді және бейнебақылау камераларымен жабдықтауды ескертеді.

 

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

 

Ұқсас жаңалықтар