Мемлекеттік қолдау қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі тиіс
- author «Ақ жол»
- 20 мамыр, 2024
- 566
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысы алдымен аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға бірқатар басқарма мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Облыс әкімі әуелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді баяндады. Облыстың негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы десек, салада өткен жылы 567,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен бірге 517,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бос жатқан және заңсыз пайдалануға берілген 201 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 80 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға қарай жайылым жер тапшылығы толығымен шешімін табады деп күтілуде.
Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі керектігін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамыту, аймаққа инвесторлар тарту міндетін қойды. Жергілікті жерде ірі кәсіпорындардың құрылуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына, аймақтың экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.
Т.Рысқұлов ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алып, салада оң өсім байқалады. Дегенмен, Жарлысу ауылындағы ауыз су құрылысы мерзімінде аяқталмай отыр.
– Жарлысулықтар сапалы ауыз суға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеді. Мәселе мердігер компанияның жұмысты жүйелі жүргізе алмауынан туындаған. Бұл аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр. Қазір заң аясында тиісті шара қабылданып, мердігер өз қаражаты есебінен жұмыстарды қайта қолға алды. Қателік қайталанбауы тиіс, – деген аймақ басшысы аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына ескерту жасады.
Ербол Қарашөкеев әлеуметтік салаға жеке тоқталды. Аудан әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасарына балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі ұтымды ұйымдастыруды бақылауға алуды тапсырды.
Жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары бірқатар мәселені көтеріп, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әлеуметтік салаға, оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты және жайылымдық жер, суармалы су, шалғай ауылдарға көгілдір отын тарту проблемасын қозғады. Сондай-ақ, Тереңөзек ауылының тұрғындары жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауылға спорт нысанын салып беруді сұрады.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев халық көтерген сауалдар қараусыз қалмайтынын атап өтті. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұдан соң, облыс әкімі азаматтарды қабылдап, жеке мәселелерін тыңдады.
Айта кетейік, 2023 жылы Жамбыл облысының барлық деңгейдегі әкімдері халықпен 1 644 кездесу өткізді, оның 62-сі облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті ардагерлер және белсенді жастармен кездесті.
Еркін форматта өткен кездесуде аға буын өкілдері ұсыныс-пікірлерін, орамды ойларын ортаға салды.
Аймақ басшысы Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы аудандық орталық аурухананың жағдайын көріп, медицина қызметкерлерімен кездесті.
260 келушіге арналған аурухана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі маман тапшылығын шешу, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді баса айтты.
Айта кетейік, Т.Рысқұлов ауданында 35 емдеу мекемесі халыққа қызмет көрсетуде.
Келесі кезекте аймақ басшысы орталық стадионның жағдайымен танысты. Спорт нысанын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
Ербол Қарашөкеев ауданда бос тұрған туберкулезге қарсы аурухананы аралап көрді. Аудан әкімдігіне ғимаратты жаңартып, қолданысқа беру тапсырылды.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында жоспардан тыс көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, халықпен тілдесті. Тұрғындар баспаналары ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегенін, сондай-ақ, аулалар абаттандырылмағанын атап өтті.
Ербол Қарашөкеев аудан әкіміне аталған мәселені назарға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Жалпы, ауданда 6 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның төртеуі 1972 жылы, екі баспана 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген.
Облыс әкімі жұмыс сапары соңында «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, аудан шаруаларымен кездесті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді