«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөзге сақ болайық!

Сөзге сақ болайық!
Ашық дереккөзі
Кейде ойлап қарасақ, жасап жатқан ісімізге, сөйлеген сөзімізге мән бермейтін болып бара жатқан сияқтымыз. Су мәселесі, күнделікті өзіміз тұтынатын азық-түліктің ысырапшылдығы өз алдына бір бөлек. Биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Бұл Қазақстан үшін де аса маңызды мәселе. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр», деп атап өткен болатын.

Біз бұл мақалада сөздің ысырапшылдығына, қайтып келмейтін алтын уақытымыздың ысырабына тоқталғанды жөн санадық. Себебі бұл баршамыз үшін өте маңызды жағдайдың бірі.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашып қалсақ та, кейбір ақпарат құралдарына көңіл аударсақ та – өз Отанымызды сынау басым. Оның ішінде жауапты мемлекеттік саяси маңызы бар қызметте жүрген азаматтарды ғайбаттау жағы аз емес. Танымал тұлғаларға да тас ату да жиі кездеседі. Сонда, ол арқылы нені айтқымыз келеді, не ұтамыз? Қандай болса да әр адамға өз Отаны қымбат. Сол Отанымызға қызмет етіп жүрген азаматтар қымбат. Ешкім бізге басқа жақтан жақсысын бере салмайды. Бұл туралы Талас ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Талғат Жұмабек: «Әр адамда мемлекет біреу ғана. Сол мемлекетті басқарып жүрген, өңірлерге жетекшілік жасап жүрген азаматтарға құрметіміз болуы қажет. Ол кісілерге онсыз да ауыр. Біз тым болмаса өзімізді дамытып мемлекетке пайда тигізгеніміз жөн. Мен аудан, ауыл әкімдігінде жауапты қызметтер атқардым. Ол – аудан деңгейіндегі қызмет. Бірақ оның да халық алдындағы жауапкершілігі жоғары еді. Ал мемлекет деңгейіндегі әр қызмет – аса жауапты. Оны бағалауымыз қажет», – дейді.

Ал бір жерге жиналып алып, пайдасыз айтылған сөздің ысырабы – өте жаман. Бұл туралы тараздық еңбек ардагері Данабек Битанұлы да өз пікірін білдірді. «Жетпістен жасымыз асты. Осы күні көп ойланамын. Артымыздан ерген ұрпақ бар. Солар бізді үлгі тұтады. Олардың алдында жақсы сөз айту, жалпы ғайбат, өсек, жаладан жырақ жүру де – жақсы қариялықтың белгісі», – дейді. Ал бұл пікірді дін өкілдері де құптайды. Мәселен, Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев «Бірнеше сағаттап бос сөйлеп, ғайбат айтсаңыз – ол өте ысырапшылдық. Жаратушы құлақты жақсы сөз есту үшін, ауызды жақсы сөз айту үшін берген. Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Теңіздің жағасында дәрет алып отырсаң да, суды ысырап етпе», деген. Бұл сөзден үлкен ой түюімізге болады», – деді. Үнемі әр сөзіне мән беріп, жастардың болашағына жауапкершілікпен қарайтын Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейітқазы Әбдірұлы бұл сауалымызға қазақ халқының би-шешендерінің сөздерін қатыстыра отырып жауап берді. «Әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлы баласына: «Балам, сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ, сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Кімге сөйлейтініңді, қалай сөйлейтініңді, қай кезде сөйлейтініңді біл деген екен. Бұл нақылдың қазір де маңызы жоғары», – деді имам.

Сонау тоқсаныншы жылдардың орта тұсында ауылдық әкімшіліктің жанына ақсақалдар мен кейбір жұмыссыз тұрғындар жиналып, ұзақ әңгіме айтатын. Қазір ойлап қарасам, ол да қызыл сөз. Ол уақытта ауылда жұмыс көзі жоқ, көгілдір отын жоқ, ұн тапшы, жұмыс тапшы кездер еді. Ал қазір ше? Кәсіп ашамын деген жастарға қалада да, ауылда да жағдай бар. Төмен пайызбен несие беріліп жатыр. Өмір жолымнан жақсы сөз айтамын десеңіз, жастар орталығының және білім ошақтарының есігі ашық. Бірақ, қызыл сөзді қуып, уақыттың көбісін ысырап етіп жүрген кісілерге Мемлекет басшысының сөзі ой салар деген сенімдеміз. Өзімізді жақсы жолға тәрбиелеу – Отанымыздың жақсы болуына үлес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар