Бауыржан Момышұлы келiнiне айтқан ақылы арқылы қонаққа ұсынылатын қой басының қадірін арттырған.
Батырдың сөзінде, қонаққа басты отағасы ұсынады, сосын оның шүйдесін емес тұмсығын алдыға қаратады делінген.
Сондай-ақ, әуелі қой басының тазалығына мән беру керектігін, басты қонаққа қасқалап әкелуді де ұмытпаған. Мұның мәні «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» дегенді білдіреді екен.
Қасиетті дала заңына бағынған дана халқымыздың данышпандары артына ұлы өсиеттер қалдырды. Сол өсиетін ақылдармен сусындаған бүгінгі ұрпақ ас пен бастың қадірін дұрыс түсінбей жүрген секілдіміз. Қойдың басын мүжуге кім құқылы? Оны ұстауға кімдердің қақысы бар?
Көп адам басты мүжімек түгілі, оны ұстауға ұялатын еді. Бүгінде басты бесіктен белі шықпаған бала да мүжіп жүр. Әкесі тірі адам бас ұстамауға тиісті екенін естен шығарған сияқтымыз.
Қазір басты кез келген адам ұстап, оның қадірін кетіріп барады. Өзінің пікірінде осы сөзді айтқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қасқырбай Нарбатыр, басты тек басалқалы адамға беретіндігін жеткізді.
– Әлеуметтік желілерде қойдың басын түрлі тәсілдермен дәмді етіп пісіріп, тұтынушыларына жарнамалап жүрген асхана иелері дәстүрді де ұмытпағаны жөн. Басты тағамға тәбеті ашылатындар көп. Алайда үйітіліп, қайнатылған құйқаға құмарпаздар басты қағидадан аттап кетеді. Сатып алған асына таласымыз жоқ. Дегенмен, салтымыз бұзылып жатыр. Қазіргі кезде үлкен әйелдердің де бас мүжіп отырғанын көзіміз көрді. Кеңестік уақытта сыраханаларда орыстар қышқыл қоспаға күйдіріліген басты мүжитін. Сырағат іскебасар ретінде қолданылды. Олар басқа біздің ел секілді құрметпен қарамайтын, – дейді ақын.
Сондай-ақ ол, қазақ халқы төрт түлігінің түрлі қасиетін сезініп, оның еті мен сүтіне де айрықша баға бергендігін айтты. Сонымен қатар, олардың обал- сауабына жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді.
Дінімізде де мал етін жеудің өзіндік тәртібі бар екендігі айтылады. Қойды бауыздағаннан бастап, мүшелеп асқанға дейін аса мән берілген. Қонақжай халқымы зәр мейманға тиісті сыбағасын үлестірген. Үй иесінің ас тарту пейіліне қарап, қонақтар өз құрметін сезінген. Қазақтың бас ұстау, бас мүжу дәстүріне қатысты дін өкілдерінің де пікірін сұрадық.
Жуалы ауданы, «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы Медетбектің айтуынша , дәстүрлі дінімізде үлкенге құрмет көрсету кішіге парыз, әрі адамдар арасындағы сыйластық пен жылы қарым-қатынас жиі насихатталады.
– Ұлтымыз ұрпағын дін мен дәстүрдің шеңберінде тәрбиелеген. «Обал болады, ұят болады, жаман болады», деген сөздер арқылы ұл-қызын көп нәрседен тыйған. Ізеттілік пен инабаттылықтың белгісі дастарқан басында да бар. Үлкенге үлестірілген ас пен кішіге тиесілі тағамның айырмашылығы көп. Сол секілді бас та басалқалы адамға беріледі. Басты ұстаған қария да одан ауыз тиіп, оның құлағын, көзін, таңдайын баламалы ырыммен балаларға жегізген. Қарияның бас ұстау кезіндегі әрбір әрекеті тұнып тұрған тәрбие. Атасының жасына жетіп, оған да бас ұстау мәртебесі бұйырсын деген ізгі ниет жолданған,– дейді қажы.
Қазіргі таңда қойдың басын арнайы асып, дайындайтын асханалар ашылуда. Соның бірі – «Санжар» моншасының асханасы. Соңғы кездері бұл дәм орталығында бас мүжушілер көптеп бас қосады. Қойдың бір басы дәмдеуіштерімен бірге 4 мың теңге тұрады екен. Сусын, шайын, нанын қосқанда 5 мыңға жуықтайды.
Асханашы Манат Асанбаеваның сөзінше, бас мүжушілер көп екен. Солардың ішінде бас ұстау дәстүріне мән беретіндер аз емес дейді. Оған тапсырыс бергендердің көбі бас ұстамайды екен. Арнайы турап, кесіп беруді сұрайды екен. Сонымен қатар ол, жасына қарамай басты өзі турап жейтіндер бар екенінде жасырмады.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді