Медбике – мәртебелі мамандық

Медбике – мәртебелі мамандық
Денсаулық – адамның ең басты байлығы. Қашанда дертімізге шипа болатын ақ халаттылардың еңбегі зор. Өлім мен өмір таразыға түскенде алғаш қол ұшын созатын мамандық иелері қай кезде де құрметке лайық. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін олардың адалдығына басын иеді. Сондықтан да оларды «Ізгіліктің нұрын сепкендер» деп орынды атап жатады. Бұл сөз қашаннан дәрігерлер мен мейірбикелер қауымына айтылып келеді.

Мейірбике ісі – ең жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін маман иесі. Олар сырқатына ем, дертіне дауа іздеген талай жандардың көңіліне демеу бола білген, күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген ізгілікті маман иелері. Бірде-бір аурухана мен емхана медбикесіз жұмысын өрбіте алмайды. Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауапты мамандық иелері – медбикелер.

Науқас жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар 12 мамыр күні кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл күні ақ халатты абзал жанды медбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады.

Медбикелердің кәсіби мерекесі дәл осы күні тектен текке атап өтілмейді. Бұл күні Англия елінің азаматшасы, медбике Флоренс Найтингейл (Florence Nightingale) дүниеге келген. Ол Қырым соғысында (1853-1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүние жүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашты. Қайырымдылық қызмет аясында олар соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ем-дом шараларын өткізген. Медбикелер тәулік бойы Түркия мен Қырым ауруханаларында оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, өлімнен арашалап, аяқтарына тұрғызған. Игі көмектері үшін оларға әр кез құрмет көрсетіліп, орасан зор алғыс білдірілетін. Флоренс Найтингейл ашқан қайырымдылық қызмет арқасында жауынгерлер өлімінің көрсеткіші 42 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Майданнан кейін өз еліне қайтқан Флоренс Найтингейл әскери медицина қызметін құрып, бар жергілікті медициналық мекемелерде ауа желдеткіштері мен су құбырларының орнатылуын талап еткен. 1860 жылы ол алғашқы медбикелердің қайырымдылық мектебін ашты.

Халықаралық медбикелер күніне жүз елу жылдан астам уақыт толса да, оны атап өту шарасы алғаш рет 1953 жылы басталған-ды. Бірақ, 1965 жылдың қаңтар айында ғана бұл күн ресми түрде тіркеліп, дүниежүзілік мәртебеге ие болды. Бұл күні әлемнің 141 мемлекетінің медбикелері бас қосып, Халықаралық медбикелер кеңесінің (International Council of Nurses) негізін қалаған болатын. Медбикелер кеңесі 1974 жылы Халықаралық медбикелер күнін 12 мамырда, яғни қайырымдылық қызметтің қазығын қаққан Флоренс Найтингейл туған күнінде атап өту керек деген шешімге келді. Содан бері әр жылдың 12 мамырында дүниежүзі бойынша Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі.

Соңғы жылдары Қазақстанда мейірбике (қазір көбіне мейіргер деп атап жүрміз) ісі оңды дамып келеді. Денсаулық сақтау саласының қажеттіліктеріне сәйкес, әсіресе, халықтың сұранысына сәйкес Мемлекеттік білім беру стандарттары жаңартылды. Жаңа қолданбалы бакалавр дәрежесі де еуропалық директиваларға сәйкес келеді. Қолданбалы бакалавриаттың алғашқы түлектері оқуын аяқтап, қазір озық тәжірибедегі медбике ретінде жұмыс істей бастады. Алдағы жылдары мейірбике ісі бойынша білім докторантура деңгейінде болу үшін әзірленгендіктен, денсаулық сақтау ұйымдары алдыңғы қатарлы тәжірибедегі медбикелерді, магистрлік білім деңгейіндегі медбикелерді және докторлық дәрежелерді қабылдауға дайын болуы керек. Бұл денсаулық сақтау ұйымдары медбикелер үшін жаңа лауазымдарды, сондай-ақ ұйымның барлық деңгейлеріндегі мейірбикелік процесс үшін жаңа рөлдер мен жауапкершіліктерді ұсынуы керек дегенді білдіреді.

Өзгерістердің сәтті болуы үшін бас және аға медбикелер арасында өзгерістерді басқарудың жақсы дағдылары қажет. Ондай тәжірибелер көптеген Еуропалық мемлекеттерде қолдау тауып, іске асырылған.

Медбике қызметінде қиындығы мен қуанышы қатар жүреді деп айтуға болады. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай бұл саланың қызметкерлері аурулардың аяғына тұрып кетуіне бар күшін салады. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездері де болады. Бірақ мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі, біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған олар бейжай қарай алмайды.

Бүгіндері мейіргерлерге көптеген жауапкершіліктер артылған. Солардың бірі – шұғыл жағдайда дәрігер келгенше медициналық көмек көрсетуді білу және оны сауатты іске асыру болып табылады.

Медбикенің міндеттері мен құқығы жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Әрине, науқас адамға дер кезінде диагноз қою, оны дұрыс емдеу, жақсы күту – оның ерте айығуына барынша септігін тигізеді. Науқасқа жалпы күтім жасау кезінде мейірбикелер мынандай міндеттерді атқарады: Науқас адам ауруханаға түскеннен кейін, қажет болған жағдайда оған көмек көрсетілуі керек және мейірбике санитарлық-гигиеналық шараларын жүргізіп, антропометриялық өлшемдер жасауы тиіс. Сырқаттың «ауру тарихына» орындалған процедураларын, өлшенгенде алынған мәліметтерді түсіреді. Жаңадан келіп түскен науқасты бөлімшенің ережелерімен таныстырады және сол ережелердің орындалуын бақылайды. Бөлменің тазалығын тексеріп, оның ауасын тазартып отырады. Науқастардың қызуын өлшеп, қағазға түсіреді, артериялық қысым, қан тамырларының соғысын тексереді және бір тәуліктегі диурез мөлшерін өлшейді. Ауыр науқастардың жеке басының тазалығын қадағалап, олардың төсек-орындары мен іш киімдерінің уақтылы ауыстырылып тұруын бақылайды. Науқас адамның халі нашарласа немесе басқа бір өзгеріс болса, сол бөлімнің дәрігеріне немесе кезекші дәрігерге хабарлайды. Аға мейірбикеге дер кезінде бөлімшеге қажетті дәрі-дәрмектерге талап қағазын толтырады.

Дәрігердің сырқаттарды аралауына қатысып, олардың жағдайларын хабарлап, әрі қарай қалай оларды күту және емдеу туралы емдеуші дәрігердің нұсқауларын алады. Дәрігердің науқасты емдеу жөніндегі тапсырмасын бұлжытпай, дер кезінде орындап отырады (дәрі-дәрмектерді таратады, ине салады, ота жасауға қатысады, таңба жасайды және т. б).

Ертеден медицина қызметкерлері арасында келе жатқан медициналық этика және деонтология мәселесі әлі де өз күшін жойған жоқ. Медбике емделушімен сабырлы әрі ашық-жарқын сөйлесуге міндетті.

Кез келген пациентпен және оның туысқандарымен дөрекі, тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге тыйым салынады. Науқастарға «Сіз» деп және аты мен әкесінің атын атап сөйлескен жөн.

Науқастың жанында тұрып оның диагнозын, емдеу жоспарын талқылауға, палатадағы өзге де науқастардың денсаулығын әңгімелеуге тыйым салынады. Күрделі және ауырсындыратын емшараларды бастамас бұрын медбике осы емшаралардың мәнін, мағынасын және қажеттілігін түсінікті түрде науқасқа түсіндіріп, оның сұрағына сауатты жауап беріп немесе ол сұрақпен емдеуші дәрігеріне жүгінуі қажет екенін түсіндіріп, орнықты сөзбен жауап берген жөн. Міне, осы қағидаларды жас буын – келешек мейіргерлерді дайындайтын медицина колледждерінің студенттеріне біз әркез естеріне салып, олардың білімдік тәжірибелерінің терең әрі тиянақты болуына көңіл бөліп отырамыз.

Денсаулығы сыр беріп, оған шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне әуелі дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын денсаулық сақшысы – медбике. Халық саулығы үшін аянбай қызмет етіп жүрген еңбектеріне адал медбикелер аз емес. Төзімділік пен шыдамдылық, біліктілік абыройға жеткізеді. Атаулы мамандық иесінен үлкен жауапкершілік талап етіледі. Ем іздеген адамға инесімен шипа еккен жандарды адам жанының арашашысы деп айта аламыз. Мейірбике – мерейлі мамандық. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қандай марапатқа болса да лайық.

Дертіне дауа іздеген жанның қасынан табылып, кеселінен айығуына бар ынта-ықыласын танытып жүрген мамандық иелерін кәсіби төл мерекелерімен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс, отбастарына амандық, саулық тілейміз!

 

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

 

Ұқсас жаңалықтар