Басталған іс неліктен жоспардан кешікті, ондағы жұрт суды қайдан ішіп отыр, қазіргі жағдайлары қандай? Көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, аталған ауылдардағы жұрттың жайын көзбен көрмекке арнайы бардық. Біз кездесіп, жағдайларын сұраған сарыбұлақтықтар бұрын ауылдың әкімшілігінің қасында жалғыз кран болғанын, бәрі содан су тасып ішкендерін айтты. Кейін ауылдың белсенді азаматы тұрғындардың атынан жоғарыдағы билікке хат жазып, екіқабатты үйлердің жанынан тағы бір кранды іске қостырған екен. Бірақ, ауыл тұрғындарының ауыз суға қатысты мұңын жеткізуге бастамашы болған азаматтың кәсібін жүргізуге біраз қыспақ көрсетіліпті. Сондықтан, мұндағы жұрт іштегі шерін бізге бүкпесіз айтқандарымен аты-жөндерін атағылары келмеді.
Тек осындағы екіқабатты үйде тұратын бір азамат қана есімін айтып, ауыз судан басқа жағдайдың да мәз еместігін жеткізді.
– Біз ертеректе салынған екіқабатты үйде тұрамыз. Суды сырттан тасып ішкенімізбен қоса, ауылға кіргізілген газ да бұл үйлерге тартылмаған. Пешке от жағамыз. Үй ескі, әжетхана да сыртта, қолайлы жағдайы жоқ. Бұл үйлер «сносқа» кеткен деп естідік, бірақ, неге екені белгісіз ай сайын бізге 4 мың теңгенің үстінде пәтерақы төлетеді. Сонда бұл үй кімнің иелігінде, төлемді не үшін төлейтінімізді білмейміз. Өзім жүрекке ота жасатқан мүгедекпін, – дейді Есен Ақбердіұлы.
Бұл мәселенің мәнін ауыл әкімінен сұрағанымызда ол былайша жауап берді.
– Екіқабатты үйлер «Сарыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде, 4000 теңге пәтерақы есебіне төленеді. Ондағы тұрғындардың өздерінің коменданты бар. Аталған үйлер негізі «Сарыбұлақ» серіктестігінің жұмысшыларына арналған болатын. Бірақ, қазіргі таңда жұмысшы азайып, көп пәтерлер бос тұрған соң серіктестік ауыл тұрғындарына жалға беріп отыр. Ондағы 40 пайызға жуық пәтерлер жекешеде, көбісі коммерциялық нысан ретінде пайдалануда, – дейді Сарыбұлақ ауылының әкімі Бақтияр Абенов.
Қайткенде де бұл үйлерде адамдар өмір сүретіндіктен, қазіргі уақыт талабына лайық жағдай жасалса деген тілектестігімізді білдірдік. Қайтадан ауыз су мәселесіне ойыссақ, мұндағы жұрттың біразы өз аулаларындағы құдық арқылы жерасты суын тартып, ішіп отыр екен. Таза су ішу үшін жағдайы келгендер сүзгі аппаратын орнатып, қолданып келеді. Ол аппараттың бағасы 100 мың теңгеден төмен еместігін ескерсек, ауыл тұрғындары түгел орната алмайтыны тағы белгілі.
Степное ауылында да тұрғындар кеңестік кезеңнен қалған ескі ауыз су жүйесінен тіршілік нәрін ішіп отыр. Ескі дүниенің жиі сыр беретіні тағы бар. Мұны ауыл әкімі де жасырмады.
– Рас, ауылға таза ауыз су әкелу жұмысы екі жылдан аса уақытқа созылып кетті. Оған халық та ренжіп, өкпесін айтып жүр, жасырмаймыз. Тұрғындар 60-70 жылдары салынған ескі ауыз су жүйесінен су ішіп отыр. Ескі болған соң әр жері жиі жарылады. Мен осы қызметке келген 2023 жылдың қыркүйегінде «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бесінші бригадасы жұмыс істеп жатқан болатын. Қазір ауысып, алтыншы бригада жұмыс істеп жатыр. Жұмыс барысын бақылап отырмыз. Уақытында аяқталмаған жұмыс сотта қаралып жатыр. Серіктестік өкілдері осы мамырда ауылға су береміз деп уәде еткен. Бұйыртса, жақын күндері су келеді деген үміттеміз бәріміз де. Ауылдық әкімшілік, мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі, екіқабатты тұрғын үйлер және тағы 30 үй жобаға кірмеген. Оларға басқа жоба жасалады делінді. Оған да бастапқы жобаға енбей қалған үй тұрғындары реніш білдіріп отыр, – дейді Степное ауылының әкімі Абай Кенжебаев.
Ал, аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов жобаға енбей қалған Степное ауылындағы әлеуметтік нысандарға ауыз суды қызмет көрсететін «Қордай су» мекемесі келісімшартпен кіргізіп беретінін айтты. Бірақ, жобаға енбеген тұрғын үйлерге ауыл әкімі айтқандай, жаңа жоба жасалса, ол қашан толық аяқталары белгісіз.
– Қайнар ауылындағы су құбыры желісі мен суалғыш құрылысы осы мамыр айында аяқталып, біздің бөлімге тапсырылады. 2022 жылдың 15 сәуірінде «Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалған. Сол жылдың тамыз айында «конкурстық рейтинг-балдық есептеулері дұрыс емес есептелді», деген болжаммен облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінен облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасына сотқа талап арыз жіберілді. Сот шешімі 2023 жылдың мамыр айында күшіне еніп, мердігермен келісімшарт бұзылды. Сондықтан, бұл жұмысты жүргізуге 2023 жылдың 23 қазан күні «Стройком лимитед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт орнатылды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысанның болжамды аяқталу мерзімі 2024 жылдың мамыр айы деп белгіленді. Құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға атқарылды, 17,5 шақырым желісі тартылды, сусорғыш станция қоршалды, электр қуаты орнатылды, ұңғыма қазылып, насостар орнатылды.
Степное ауылында қызмет көрсететін желілерімен су алу құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысын жүргізуші мердігер «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жобалаушы мекеме «Бақыт таңы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, техникалық қадағалаушы «Құрылыс-Жоба Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Келісімшарт 2022 жылдың 12 мамырында жасалған. Жобалық-сметалық құжаттама 2020 жылы әзірленген, үш жылдың ішінде ауылда шаруашылықтардың саны едәуір өсті. Аулалардың өсуі және көшелердің ұзаруынан тапсырысшы, мердігер, техникалық қадағалау және авторлық қадағалаушылармен бірге жобаға қосу-алу арқылы өзгерістер орын алды. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайыз орындалды. Нысанның болжамдық аяқталу мерзімі 2024 жылдың мамыр айына жоспарланған. Оған қарамастан Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан сотқа дейінгі хабарландыру жолданды.
Сарыбұлақ ауылының су құбыры желілері мен су жинағыш құрылысын жүргізетін мердігер де «Мелиоратор» серіктестігі. Жобалаушы мекеме «КазГрандСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Келісімшарт 2022 жылдың 28 сәуірінде жасалған. Жобалық-сметалық құжаттама 2020 жылы әзірленген, үш жылда ауылда шаруашылықтардың саны артты. Бұл ауылда да аулалардың өсуі мен көшелердің ұзаруына байланысты жобаға өзгерістер енгізілді. Сондықтан келісімді 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша қосымша келісімшарт жасалды. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға атқарылды. Нысанның болжамдық аяқталу мерзімі 2024 жылдың мамыр айына жоспарланған. Бұл ауылда ауыз су құрылысы алдағы маусым айының соңына дейін аяқталады деп межеленіп отыр. Жобаға кірмей қалған үйлер қамтылып, құбырлар тартылып, қалпына келтіріліп, жұмыстар жүргізілуде, – дейді Ануар Жансеитұлы.
Бастапқыдағы жоспар уақытында орындалмағанымен, ендігі межеленген уақытта халық сапалы ауыз суға қол жеткізіп, қуанса екен деп тілейміз. Биліктегілер қарапайым халықтың тілегін тыңдап, үмітін ақтаса, Президент айтқан халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының жүзеге асқанына көз жеткізер едік.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ауданда атқарылған жұмыс көп
- 3 желтоқсан, 2024
Барлық көрсеткіште ілгерілеушілік бар
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді