Қазір көзқарастар мен басымдықтар түбегейлі өзгерді. Дегенмен, халықтың денсаулығын сақтау ісінде азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру жайы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе, мәселе балалардың денсаулығын қорғауға келгенде көптеген көкейкесті проблемалар алға шығады. Себебі балалар қоғамның ең осал, әлсіз бөлігі. Ал, жас жеткіншектер арасында аурудың алдын алуда, әлеуметтік мәні бар сырқаттардың таралуына тосқауыл қоятын екпе егу ісінде пікір екі жарылады. Қазіргі қоғамдағы ата-аналардың діни таным-түсінігі де бұл мәселеге кері әсер етуде. Былтыр елімізде қызылша ауруы өршіп, эпидахуал күрделене түскені баршаға мәлім. Жыл соңында мамандар 2024 жылы жағдай біршама тұрақтанады деп болжаған. Алайда жыл басындағы көрсеткіш көңіл көншітпеді. Эпидемиологтар бұл 30 жыл ішіндегі қызылша ауруының таралуы бойынша ең ауыр жағдай дейді. Қызылша ауруының бүкіл әлемде кең таралуының себебін мамандар ковидке қарсы шаралар кезінде қызылшаға қарсы вакцинацияның жүргізілмегенімен байланыстырады. Жұқпалы дерттің негізгі белгілері қандай? Негізі сырқат адаммен байланыста болғаннан кейін ауру белгілері бірден білінбейді. Алайда, бала сау, ойнап-күліп жүр ғой деп қарап отыра беруге болмайды. Дерттің алғашқы белгілері ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң байқалады. Ол суық тию белгілері сияқты басталады. Атап айтқанда, дене қызуы көтеріледі, тұмау, көздің қабынуы және жөтел пайда болады. Сырқат уақыт өткен сайын асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. Екі-үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Бірте-бірте, құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып бітеді. Бөртпе шығып біткенше, бала мазасызданып, дене қызуы көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпай, қиналады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Қызылшаның алдын алудың бір ғана жолы бар. Ол – уақтылы вакцинация. Бұл екпенің түрі елімізде Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан тегін жүргізіледі. Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жасалады. Індеттік көрсеткішке сәйкес вакцинация науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі егілмеген (егілмеген, толық егілмеген, егу статусы белгісіз) азаматтарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болғ ан сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей екпе салынады. Ана мен бала денсаулығын қорғау – мемлекетіміздің денсаулық сақтау жүйесінің басым міндеттерінің бірі. Жас буын – еліміздің ертеңі десек, оларға медициналық қызмет көрсету ісі алда тұруы керек.
Айгүл СМАТІЛДАЕВА,
аудандық орталық аурухананың балалар дәрігері
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді