«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ертеңін ойлаған ұлт рухты ұл тәрбиелейді

Ертеңін ойлаған ұлт рухты ұл тәрбиелейді
ашық дереккөз
Ертеңін ойлаған ұлт рухты ұл тәрбиелейді
Қазақ қашанда ұл тәрбиесіне ерекше мән берген. Бүгінгі балаға ертеңгі ел қорғар ер азамат ретінде қарап, отансүйгіштікке баулыған. Отбасынан бастау алатын ұғым балабақшада, мектепте, кейін оқу орнында және ең маңыздысы әскерде қалыптасады. Алайда, қазір қоғамда азаматтық борышын өтеуді парыз емес жүк санайтын жастарды көріп, ішімізден қынжылатынымыз рас. Кейбірі күнделікті жұмысын сылтауратса, бірі әскерге баруды уақытты бос өткізу деп санайды. Әлбетте, жастардың барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Олардың арасында Қарулы Күштердің сапында өз азаматтық борышын абыройлы өтеп келгендер де аз емес. Әскер – үлкен өмір мектебі. Ол адамды жауапкершілікке, тиянақтылыққа, шешімді тез қабылдауға, ата-ана, туыстың қадірін білуге, жалпы азаматтық өмірдің бір күнін босқа өткізбеуге үйретеді. Осы тұста жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери міндеттің мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмыстар Жамбыл ауданында жүйелі жүзеге асып келеді. Аталған жұмыстар аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен тікелей менің бақылауымда. Және оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер құрамалары, аудандық ішкі саясат, білім бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» мамандары тартылған. Ағымдағы жылы аудан бойынша көктемгі әскерге шақыру науқанына 150 азамат шақырылды. 7 Мамыр – Отанқорғаушы күніне орай «Отанды қорғау – қасиетті парыз» тақырыбында жас сарбаздардың алғашқы легін әскерге шығарып салу салтанатты рәсім өтті. Оған аудан әкімі, қоғамдық кеңестің төрағасы, ардагерлер және ата-аналар қатысты. Аудан орталығында ұйымдастырылған салтанатты жиында сап түзеген жігіттерге армияның айбынын асқақтатып жүрген аға буын өкілдері жалынды сөздерін айтып, ер жігітке жүктелген парызды аман-есен атқарып келуін тілесті. Айта кету керек, оқушылар арасында жыл сайын өтетін сапта жүріп ән айту байқауы биыл үлкен мәнге ие болды. «Жас сарбаз – 2024» байқауына 128 оқушы сапқа тұрып, патриоттық ән шырқады. Оқушылардың дайындығы, ықыласы да ерекше. Сайыс мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге, Отан қорғауға және олардың бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсауға тәрбиелеу. Саптық шеруде сыныптың сыртқы киімі, саппен қозғалысы, ән айтуы, орында бұрылу қозғалыстарының дұрыс орындалуына баса мән берілді. Барлық оқушылар да белсенді қатысып, өздерінің нағыз патриот екендіктерін көрсетті. Жас өрендерді шабыттандыру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек оқушыларға әскери маманның мәртебесі жайлы жиі насихаттап отыру да күнделікті күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, мектептерде арнайы ауған соғысы ардагерлері, сержанттар мен батальон командирлерінің қатысуымен «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік пен патриотизм» тақырыбында ерлік сабағын өткізіп тұрады. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары аудан аумағында орналасқан «Жасөркен» шекара заставасына жиі барып, ішкі өмірге экскурсия жасап, әскери өмірдің қыр-сырына қанығып қайтады. Ұлт үшін келешек елдің тұтқасын ұстайтын жастардың білімі мен білігі болғаны жақсы, сонымен қоса, бізге қалқан болар қорғаушылар, әлді әскер мен айбынды армия да қажет. Менің айтпағым, әрбір адам бала кезінен мадақ пен марапат үшін емес, қанға сіңген қасиетпен Қазақстан Республикасына қызмет етемін деп өскені маңызды. Бұл сөз тіркесінің астары өзге, ал жауапкершілігі тіпті орасан. Өйткені, қазақ жастары – елін қасық қаны қалғанша қорғаған батырлардың ұрпағы. Сол заманда батырларды ақындар, шешендер, ұлы хандары мемлекетке деген сүйіспеншілігін оятып, қалай жігерлендірсе, мемлекет тарапынан да бүгінде Қарулы Күштер құрамына көптеген мүмкіндіктер жасалуда.  

Махпал ДОСЫМБЕКОВА,

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар