Екі соғыстың куәгері

Екі соғыстың куәгері
ашық дереккөз
Екі соғыстың куәгері
Сіз бен біз туып-өскен қасиетті Әулиеата өңірінде бұған дейін Ұлы Отан соғысының ардагерлері көптеп кездесетін. Жеңіс мерекесінің қарсаңында кеуделеріне орден-медальдерін тағып, соғыстың соңғы солдаттары шыққан сәтте өлкеміз ерекше күйге бөленетін еді. Ал, қазір ардагерлердің қатары сиреді. Ол жөнінде ендігі кезекте өткен шақпен сөйлеуге тура келеді. Өйткені, ұрпақ алмасады, өмір жалғасады. Майдангер ақын Қасым Аманжоловтың «солдаттың етігіндей жаным сірі» деп жырлағанындай, расында да нағыз жаны сірі ұрпақтың өкілдері де солар еді. Балалық шақтары аштық пен жалаңаштыққа тап келіп, бір уыс бидай үшін күрескен, жастық шағын зұлмат соғыс өрті жалмап, қан кешу қасап заманнан аман шыққан, онан кейінгі жылдары соғыс зардаптарын жойып, шаруашылықтарды көтеруге арналып, ат үстінен түспеген, демалыс дегеннің не екенін білмеген, жұмысқа үйінен таңмен таласа шығып, қас қарайған кезде оралған, бәлкім сол бір сұрапыл заманның, қиын өмірдің тәрбиесі ме екен, өмірде боркемік, жасық соғыс ардагерін көрген емеспіз. От пен судан қаймықпас нағыз тасқайнат жандар еді шетінен. Оқ пен оттың астында жүріп, қаншама қиян-кескі ұрыстан аман шыққан жанның бірі – Иван Макеев. 1927 жылдың 10 шілдесінде көрші Ресей елінің Тамбов облысы, Мучкап ауданына қарасты Мучкап ауылында дүниеге келген оның отбасы сол өлкедегі құрғақшылықтың салдарынан Чита облысына қоныс аударған. Ол кезде небәрі 10 жастағы бозбала Иван мұндағы Оловянна ауданындағы мектептердің бірінде білім алады. Иван Федорович 1944 жылдың қараша айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, мергендер мектебінде дайындығын шыңдайды. Арада біраз уақыт өткенде басқа бөлімге ауысып, «радио операторы» атанады. Радиожүргізушілердің арнайы курсын сәтті тәмамдаған ол сержант атағы мен «1-сыныпты радио операторы» біліктілігін алады. Осылайша, 34785 әскери бөлімінде «ОСНАЗ» радиодивизионында пеленгатор станциясының бастығы қызметін атқарады. Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталған соң, жапон империалистеріне қарсы соғысқа аттанған Иван Макеев екі соғыстың ардагері болып саналады. Бүтіндей совет халқына шаш-етектен қиыншылық әкелген сонау жылдарды еске алған қарт жауынгер: «Біздің бөлім 1945 жылдың тамыз айында жапон империалистеріне қарсы соғысқа аттанды. Мен замандастарыммен бірге Харбин мен Мукден қалаларын азат етуге қатыстым. Шын мәнінде, бұл жан алысып, жан беріскен азапты жылдар еді. Бақытымызға орай, біз жеңіске жеттік. 1951 жылдың сәуір айында Кеңес әскерінің қатарынан босатылып, сол кездегі Жамбыл қаласында тұратын ата-анамның қасына келдім, – дейді ол. Отбасына аман-сау оралған азаматтың бейбіт өмір майданындағы жылдары басталады. Еңбекке ертеден араласқан ол келе сала Жамбыл станциясының паровоз депосына токарьдың көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Ал, сол жылдың тамыз айында қалалық әскери комитеттің ықпалымен Жамбыл станциясындағы желілік күзет бөліміне жұмысқа ауыстырылады. 1953 жылы арнайы милиция көлік мектебіне оқуға аттанған ол 1955 жылдан бастап Жамбыл қаласындағы милицияның желілік бөлімінде жедел уәкілі болып қызмет ете бастайды. Сондай-ақ, 1963-1967 жылдары КСРО ІІМ Алматы жоғары милиция мектебінде сырттай оқиды. Осылайша, 1982 жылы полиция подполковнигі шенінде құрметті зейнет демалысына шығады. Көлік полициясы органдарында табан аудармай 31 жыл жұмыс істеген Иван Федорович бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері. Перзенті Виктор Иванович әке жолын жалғастырып, әскери қызметті таңдаған. Ленинград қаласындағы әскери мектепті сәтті тәмамдаған ол қазіргі таңда аға үйлестіруші капитан лауазымында жұмыс істейді. Ал, қызы Ольга Ивановна Жамбыл гидромелиоративтік институтында білім алып, инженер мамандығын иемденген. Ол бүгінде «ЖМФ-Имсталькон» серіктестігінің өндірістік- техникалық бөлімінде жетекші инженер. Қарт жауынгердің бабын тауып, күтімін жасап отырған қызы Ольга әкесі сол сұрапыл соғыс жылдарын әлі күнге түсінде көретінін айтып, өзгелерге өмір сыйлау үшін өзін аямаған жандарды құрметтеу баршаның парызы екенін баса айтты.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар