«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Менің атам майдангердің перзенті

Менің атам майдангердің перзенті
ашық дереккөз
Менің атам майдангердің перзенті
Ақылы бар адам адамзатқа соғыс тілемесе керек. «Бейбіт күнде ұлы әкесін жерлесе, соғыста әкесі ұлын жерлейді», дейді Геродот. Ұрыс даласында болмаған адамның атыс-шабыс туралы бірдеңе деуі ақылға сыймайды, әрине. Десек те, мен атамның аузынан қан майданның балалық шағына тигізген зардабы туралы көп естідім. Ұрланған балалықтың орнын атам ұзақ жылдық жалғыздықпен толтырған. Әкесі Сахи 1942 жылдың сәуірінде Нүкіс қаласының комиссариатынан №54 қаулымен әскерге, ізінше майданға аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың салқыны менің атамның отбасына тигенде ол небәрі екі жастағы бала еді. Осы әңгімені айтып отырған атамның жанарынан ешқандай да өткенге өкініш, мейірімге зәрулік байқалмады. Ол үшін тағдырдан көрген бұл теперіштің бәрі өмірдің қатал заңындай, басқаша болуы мүмкін еместей еді. Дегенмен, адамзат өркениеттің өзге жолын таңдағанда, бәрі де басқаша болуы әбден мүмкін еді ғой. Қош… Сонымен, атам Жақсылықтың әкесі Сахи соғысқа аттанып, ізінен тіпті қара қағаз да келмеген. Соңында қалған жетім бала жалғыз әкесінің, жесір әйел жар дегенде сүйіп кеткен жарының жолын тосып күн кешкен. «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген ел даналығы ол тұстағы өкіметке жүрмейді. Бәрі де бір ғана майдан үшін! Үлкен әжемнің етегінде қалған сол жалғыз ұл арғы атам Сахидың орнын басып, ұрпағын жалғастырып, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Бүгінде жасы сексенді алқымдаған. Арғы атам Сахи соғысқа кеткен тұста үлкен әжем енесін бағып, тапал тамды күзетіп, қоңыр тіршілігін жасап, түтінін түтетіп қарашаңырақта қалған. Төсек тартып қалған қарт ене көп ұзамай аттанып кете барған. Жалғыз ұлдың жоғын жоқтаған ана майданға кеткен ұлынан күдер үзсе керек. Атам өз естеліктерінде әкесінен «не өлі, не тірі» хабар ала алмай, ұзақ жыл тосқанын айтады. – Советтің фашизмді біржола құлатқанын радиодан естіп ауыл-үй болып қуанды. Көрші балалардың әкелері бірі кемтар болып, бірі саңырау, бірі қолсыз, енді бірі аяқсыз оралып жатты. Сол кезде кеудесінде жаны бар адамның өзі отбасыға үлкен медет екен-ау. Ал, менің әкемнің артынан қара қағаз да келген жоқ. Мен сонда әкемнің бар-жоғына жіті мән бермеппін. Ол кезде бес жастағы баламын. Есімде еміс-еміс қалғаны, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ауылдан аттанған кей сарбаздар бірден жапон соғысына аттанып кете барған. Ауылға оралмаған. Анам мені осылай деп жұбатқан еді. Әкемді 8-9 жасқа келгенде шын іздей бастадым. Әбден үміт үзіліп, тіпті қара қағаз да келмеген соң, ауылдағы жарым-жарты ағайынның айтуымен анам қайта тұрмыс құрды. Шешемнің ізіне еріп мен де жүре бердім. Ол әкем де көп ұзамай өкпе ауруынан қайтыс болды. Бауыр болған жоқ. Анам қатты сырқаттанып, пышаққа түсті. 15 жастағы мен науқас шешеме қарайласып, ешқайда жылжыған жоқпын. Осылайша, соғыс бізді жетім етті. Етек-жеңімізді жинаған соң шешем Нүкістегі Қызкеткен дейтін Әмудария жағасындағы каналға күзетші болып жұмысқа орналасты. Ал, мен 1959 жылы әкем соғысқа аттанған комиссариаттан әскерге бет алдым. Әскерге кетпес бұрын шопырдың оқуын оқыдым. Осы білігіме байланысты әскерде екі жыл емес, төрт жыл борышымды өтедім. Анама хат жазып тұрдым. Кавказ елдерін түгелдей аралап, қаншама архив ақтарып, әкем жайлы ешқандай мәлімет таба алмадым, – дейді атам. Осылайша, атамның әкесін қан майдан жұтып тынды. Тіпті, қара қағаз да келген жоқ. Немерелері Ресейдің талай архивін ақтарып, сұрау салдырып, Мәскеуге дейін табан тоздырып, ешқандай мәлімет ала алмады. Әкесіз өскен атам жуас болғанымен шымыр, тірлікке епті, салқынқанды болып өскен. Табанына жантақ кіріп, маңдайы күнге күйіп, ауылдың малын бір өзі бағып күнелткен бала Жақсылық әскерден кейін Қостанайға, одан соң Қызылордаға қоныс аударған. Нәсіп қайдан бұйырса, сонда ғұмыр кешіп, тамыр жайған. – Егер әкем тірі болғанда, ең болмағанда ізінен қара қағаз келіп, сүйегі қайда жатқанын білсем, бүгінгі күні еңсем бұдан да тік болар еді-ау деп ойлаймын. Тұрмыстан теперіш көрген кездерде өзімді-өзім «дерексіз қалған әкенің, керексіз ұлы болдым ғой» деп төпеп алатынмын. Кейін өзім шаңырақ көтерген соң, Құдай қосқан қосағымның даналығы, анамның қайраткерлігі, бала-шағамның өнегелі боп өскенінің арқасында қатарға қосылып, баяғы жоқ-жұтаң күннің бәрі ертегідей болып қалды. Осы күнгі жастарға сұм соғыстың зардабы туралы айтсам қатты таңырқайды. Мен бүгінгінің баласын «сен мен көрген күнді көрмедің ғой» деп сынай алмаймын. Біз сол заманға лайық ұл едік. Тәңір бізге соған сай ерік пен жігер, мықтылық берді. Аналарымыз ер мінезді болды. Көрінгеннің етегін ұстап кеткен жоқ. Бұл қанға сіңген тектіліктен де болса керек. «Бәрі де майдан үшін!» деп ұрандатып, саусақтары қара қан болып жүріп мақта терді. Мен кірпіш құйып саттым. Қолымыздан келгеннің бәрін іс қылдық. Былайғы ғұмырда соның арқасында майда-шүйде келеңсіздікке бой бермейтін болдық. Әкесіз өстім десем де, соғыстың бізге берген игілігі де осы темірдей төзім мен шойындай шыдам еді. Сендер бақыттысыңдар, қарағым, – деді атам сөзін түйіндеп. Рас, біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ заман бізді техниканы игеру, ақпаратты қабылдау сынды мылтықсыз майданның ортасына сауыт, қалқансыз жіберді. Дегенмен, менің балалық шағында қара нан түгілі жұмсақ жастық, жайлы төсекті арман еткен атамның бастан кешкен қиындықтарына төзе алмауым бек мүмкін еді… Қалай болғанда да атадан қалған өнеге бар өміріме азық болатыны анық.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар