«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүз жыл жасаған жауынгер

Жүз жыл жасаған жауынгер
ашық дереккөз
Жүз жыл жасаған жауынгер
Майдангер Әзім Жармұхамбетұлы 1924 жылғы 1 қаңтар күні Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызыл Ту ауылында туған. Жетіжылдық мектепті «Красный октябрь» ауылында бітіріп, 1942 жылы Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) есеп-санақ техникумына оқуға түседі. Студент атанғанына бір айдан енді асқан уақытта әскерге шақырылыпты. Осылай, отандық борышын өтеуге кете барған. Бірер ай дайындықтан өткізіп, ұрыс жүріп жатқан Калининград қаласына жіберілген. Майданда 78-дивизия 116 артиллериялық полкі 75-ші пушкасында бөлімше командирі болып шайқасқан. Украинада Варшаглевский каласында, кейіннен Большевский, Варшава қалаларын азат етуге қатысып, Литва, Германияда соғыстың қалың ортасында жүрген. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Берлин қаласында қарсы алған. Жеңіс жалауы желбіреген жылдың 14 мамырында Москва қаласына қайтып, Ивановский ауданында әскерде болып, соғыс жүріп өткен аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Жеңіс жалауы желбіреген уақыттан бастап, Кеңес одағының аумағын, барша қалалары мен ауылдарын қуаныш кернеген. Ауылда қалған қариялар, ерте есейген балалар майданнан кім келеді деп елеңдеп отырған шақ. Әзім ақсақал да 1947 жылы туған жерге оралыпты. Майданнан оралған соң Қызыл Ту, Қызыл Октябрь колхоздарында, есепші- кассир болып еңбек еткен. Отбасының өнегелі отағасы болды. Сегіз ұл, екі қызынан немере, шөбере сүйіп отыр. Майдангер ауыл-аймағына сыйлы болған. Есепші-кассир қызметін ұзақ жылдап атқарып, 1980 жылы зейнет құрметті еңбек демалысына шыққан. Отан қорғауға қатысқаны және майдан даласындағы ерліктері үшін «Красная Звезда», «1, 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Маршал Жуков», «Визволения Украины», «70 лет Вооруженных Сил» орден-медальдарымен марапатталған. Жақында ақсақалдың 100 жасқа толғанын әулеті, ағайын-туыс, ауыл болып атап өтті. Аудан әкімі де өзінің құттықтауын жіберіп, құрметін көрсетті. Майдангер Әзім Жармұханбетұлы: «Калинин майданында ұрысқа түстік. Әр күніміз, әр сағатымыз қауіп пен қатерге толы кездерді басымыздан кештік. Пушканың тобында бөлімше командирі болу оңай емес. Қандай қиындықтан қашпай, өзімізден жоғары командирлердің бұйрықтарын адал орындадық. Елге аман оралсақ, туған жерді көрсек, өсіп-өнсек деп тіледік. Борап тұрған оқтың арасынан Жаратушының қалауымен аман келіп, өсіп-өндім. Жаратқанға шүкіршілігімді айтамын», – дейді ғасыр жасаған ақсақал.  

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар