Тәрбие алып, тәжірибе жинақтады
Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадада әскери бөлімнің жауынгерлік туымен салтанатты түрде әскер қатарына шақырылғандарды шығарып салу рәсімі өтті. Өткен жылы көктемде Қарулы Күштер қатарына шақырылған сарбаздар борышын сәтті өтеп, туған жерлеріне оралды. Жауынгерлерді шыңдау шеберханасына айналған бригадада борышын абыроймен өтеген сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу талай жылдан бері дәстүрге ұласқан. Осылайша, офицерлер мен тәжірибелі қызметкерлер әскери дәстүрлерді сақтап, жақсы қызметтері үшін жастарды ынталандыруға ұмтылады.
– Кейбір жастар борышын қиналмай, барлық сынақтардан сүрінбей өтсе, кейбіреулер ол үшін көбірек күш жұмсауға тура келді. Бастысы олардың барлығы мақсатқа жетуге барын салды. Орта жолдан қайтып кетпей, міндеттерін аяғына дейін абыроймен атқарып шықты. Сол үшін жас жауынгерлер алғысқа лайық, – дейді 5-механикаландырылған бригада командирінің бірінші орынбасары, штаб бастығы, подполковник Арман Сабыров.
Жас сарбаздардың өздері де әскерге дейінгі және кейінгі өмірге деген көзқарастары өзгергенін айтуда. Олардың басым көпшілігі туған жерге деген сағыныштан отбасының қадірін ұғынғандарын жасырмайды.
– Биылғы жылдың ішінде көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Ата-анамды, жолдастарымды бағалай бастадым, ұстамды болуды, тыңдауды үйрендім. Әрі бұрындары икемім келмейтін шымырлыққа да бойым үйренді. Әскерде борышымды өтегеніме қуанбасам, еш өкінбеймін. Мұндағы уақыттың әрбір сәті мен үшін тәжірибе болды. Мен әр азамат осы жолдан өтуі тиіс деп санаймын. Әйтпесе, қолына қару ұстап көрмеген, әскери әрекеттен мүлде бейхабар азамат Отанын қалай қорғайды? Мұнда өзім секілді Отан қорғауға құлшынысы зор жаңа достар таптым. Жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындасаң, ол ескерусіз қалмайды. Борышымды өтеу барысында мен ефрейтор шенімен марапатталдым. Бұл маған артылған үлкен сенімнің нәтижесі деп ойлаймын, – дейді Қуаныш Әкімбаев.
Ал, астаналық Кирилл Веселов әскери бөлімде алған сертификатымен Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетке оқуға түсуді жоспарласа, Екібастұздан келген Нұргелді Иманқұлов: «Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына оқуға түсуге ниетім бар және болашақта әскери ұшқыш болғым келеді», – деген ойымен бөлісуде. Командирлер жас сарбаздардың ел дамуына атсалысар маман болатынына сенім артып, олардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді