«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ тілін құрметтеген Тахар

Қазақ тілін құрметтеген Тахар
ашық дереккөз
Қазақ тілін құрметтеген Тахар
Пейілі кең қазақ халқы кең құшағына қаншама ұлт өкілдерін сыйдырғаны тарихтан да, қазіргі қадамдарымыздан да белгілі. Өткен ғасырда бастарына күн туған қиын жағдайда қазақ халқын паналап келгендер біздің елден тұрақ тапты. Аталарымыз ұлты бөлек демей, солармен бір үзім нанды бөліп жеді, бауырына тартты. Қазақтың шапағатын көргендердің бір ұрпағы – күрд ұлтының өкілі Тахар Абжеев. Тахардың әкесі Жүсіп 1937 жылғы зұлмат кезінде Қап тауынан ауып, Сарысу даласына келген. Осында келіп қазақ халқының кең пейілін көрген уақытта Жүсіп отыз жаста екен. Осында бір үй болып, ауыр күндерді қазақ халқымен бірге көрді. 82 жасқа келіп өмірден өткенше жергілікті ұлт өкілдерімен тату болып, «шәй» деспеді. Ол жылдардағы мейірімнің шексіздігін айтсаңызшы! Жүсіптің ұлы Тахар Абжеев қазіргі таңда Түркістан ауылдық округі, Арыстанды ауылында тұрады. Аталған ауылдағы мектепте электрик болып істейді. Жұбайы Қазе – аталған мектепте кіші қызметкер. Екеуі де аудандық «Барбанг» күрд этномәдени орталығының мүшесі. Қазе – ас дайындаудың шебері. Қазақтың ұлттық тағамы ет, күрд халқының ұлттық тағамын, пәтір нан, тандыр нан пісіргенде барын салады. Ол пісірген тағамның дәмі ауыздан кетпейді. Күрд қуырдағын бабылап пісіргені өз алдына бір бөлек. Арыстанды ауылында 63 үй қоныстанса, оларда 393 адам тұрады. Олардың 90 пайызы күрдтер. Бір ерекшелігі, Тахар қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақша әзілдерді де айта береді. Қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, ана тілімізде шығатын газеттерге жазылады. Қазақ тілінде мақал айтады. Мұны жергілікті ұлтқа деген құрметі деп түсіндік. Жары Қазенің де төл тілімізде сөйлеуге икемі бар. «Менің атама төрінен орын берген, жарты нанды бөліп жеген қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазақ халқы бізге осынша жақсылық жасағанда мемлекеттік тілді білмеу ұят қой. Қазақ тілінде еркін сөйлей алатыныма қуанамын», дейді Тахар Жүсіпұлы.  

Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар