Қарт ананың ақ батасын алды
Қазақ халқының атадан балаға мирас болып, бұрынғы заманнан жалғасып келе жатқан ізгі де, өнегелі қасиеттерінің бірі – қарттарға көмек көрсету, оларды құрметтеу екені белгілі. Қазіргі кезде де елімізде қарияларға деген қамқорлық артпаса, кеміген емес. Мемлекет тарапынан да осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды істер аз емес. Бұл ізгі сарынды ел жастары, өзге ұлт өкілдері де жемісті жалғастырып келеді. Үшінші Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», – деп ұлт бірлігін нығайтуда алдыңғы буынның тағылымына айрықша тоқталып өткен еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы үнемі қарияларға қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіруді де назардан тыс қалдырған емес.
Осы ретте кеше Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай, Тараз қаласындағы тыл ардагері, ғасыр жасаған ана Улсоной Авалованың үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ардагердің ауласын тазалап, тал егу шарасына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева, тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және облыстық «Ассамблея жастары» өкілдері қатысты.
– «Қариясы бардың – қазынасы бар», дейді дана халқымыз. «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең», дейді көзкөргендер. Бұл сөздердің астарында терең мағына жатыр. Бабалардың осынау даналығымен өмір сүрген, сонымен биік мақсат-мұрат құрған халқымыздың бүгінгі ұрпағы қай кезеңде де үлкенді үлгі тұтудан, кішіге ізет қылудан танбаған. Осы ретте екі ғасырдың куәсі болған қарт анаға қамқорлық көрсетіп, ақ батасын алу өзімізден кейінгі жастар үшін де тәрбие болары анық. Мұндай ізгі шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасуы қажет, – дейді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов
1923 жылы дүниеге келген тыл ардагері, өзбек этносының өкілі Улсоной Авалова бүгінде 101 жасқа аяқ басты. «Еліміздің бірлігі баянды болсын. Мереке қарсаңында шаңырағыма арнайы құттықтап келген азаматтарға, оларға ерген жастарға алғысым шексіз. Өздері еккен талдармен бірге өздері де тереңге тамыр жайып, үлкен бәйтерекке айналсын» деген кейуана жастармен бірге тал-дарақтар отырғызып, ақ батасын берді.
Айта кетсек, «Өнегелі ұрпақ» апталығы 4 мамырға дейін жалғасады. Аталған апталық аясында ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі. Акцияға ҚХА өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, этномәдени бірлестік өкілдері мен этнос жастары қатысады.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді