Ел бірлігі – асыл қасиет
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінің қарсаңында осы мерекенің біздің мемлекет үшін маңыздылығы туралы кейбір ойларыммен бөліскім келеді. Мен 10 жылдан астам Жамбыл облысында «Әулие-Ата» қазақ этномәдени орталығын басқардым. Облыс әкімі осындай орталық құрайық, сіз соны басқарыңыз дегенде, мен алғашқыда түсінбей, ол ұсынысты іштей қабылдамадым. Себебі, облыста тұрып жатқан қазақ халқы шағын этникалық топ емес қой, сондықтан осындай орталықтың не қажеті бар деген ой туды. Кейін жұмыс барысында бұл пікірім өзгерді. Өйткені, қазақтар мемлекетіміздің негізін қалаған, елімізге «Қазақстан» деген ат берген. Басқа этностар бізге қарап сап түзейді. Қазақ халқы мемлекетімізді біріктіруші күш. Қазақ халқының ынтымағы мен бірлігі болмағанша, мемлекетіміздің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек.
«Бізді не біріктіреді?» деген сұрақ туады. Ұлттық бірегейлік пен бірлікті сақтау – қазақ даласында түркілер дәуірінен бастау алған. Бізді біріктіретін ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер, барлық ұлттарға ортақ құндылықтар.
Тәуелсіздік біз үшін ұлы ұғымдардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Сондықтан елімізде тұрып жатқан ұлттардың ішкі татулығын көздің қарашығындай сақтай білу керек.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Қазақстанда тұрып жатқан этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды. Өкінішке қарай, дәстүрді жаңғыртамыз деп, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңқойлық секілді келеңсіз әдеттерге бой алдырып жүрміз. Бұл тұрғыда бәсекеге қабілеттілік – орынсыз сән-салтанатта емес, ұстамдылық пен қарапайымдылықта әрі үнемшілдікте болмақ. Кемеңгер ақын Абайдың сөзімен айтқанда, «мақтаншақ», «бекер мал шашпақ» секілді жағымсыз қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына жат ету бағытында тәрбиелік жұмыстар жүргізудің болашақ үшін маңызы зор.
Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы Атамекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алу керек. Әділетті Қазақстанды құру үшін біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиямызды іске асыруымыз қажет. Бұл жұмыстың басында Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) тұр. Соңғы кезде ассамблеяға байланысты қоғамда әртүрлі сын-пікірлер айтылуда. Ассамблеяның қажеті жоқ, ол өз функцияларын орындады, оны тарату керек деген сияқты ұсыныстар жиі айтылып келеді. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Ассамблея елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының жол бастаушысына айналды. Ассамблея арқылы әрбір этностың мүддесі қорғалады. Ассамблея – біздің тәуелсіздігіміздің құндылықтарының бірі, ел бірлігінің қуатты бірлігі. Әрине, уақыт талабына сай, Ассамблеяның жұмыс форматын өзгерткен жөн болады. Еліміздің саяси жүйесі жетілдіріліп жатқан кезде, Ассамблеяның жұмысын ұйымдастыру жолдарын қайта қарау қажет. Ең алдымен, этнопопулизмге жол бермеу керек. Этнопопулизм – халықтың арасында іріткі салатын өте қауіпті дерт. Этнопопулизм бар жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Этнопопулизм – өтірік уәде беретін, даңғаза ұрандарды насихаттайтын, тек жеке амбицияларымен өмір сүретін адамдардың бойындағы кесапат. Этнопопулизмнің мақсаты біреу- ақ: өз халқыңды жұрттың бәрінен артық халық деп ұғындырып, оны басқаларға қарсы айдап салу. Әрине, әр заманның ерекшеліктеріне сай этнопопулизм жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қазақстанның этнодемографиялық жағдайында этнопопулизмге жол бермеу – өте маңызды.
Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдарын жасауда. Сол үшін де Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Әрине, жақсы заңдар қабылдауға болады. Негізгі мәселе – оларды орындау. Елімізде «заң мен тәртіп» қағидаты орнығу қажет. Кейбір кезде демократияға байланысты Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен салыстырып жатады. АҚШ бүгінгі демократиялық жүйесіне ғасырлар бойы келді. Біздің егемендік алғанымызға биыл 33 жыл болады. Сондықтан да әр қазақстандық құқықтық және демократиялық мемлекеттің азаматына лайық, ел Президенті айтқандай «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болу керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойында тәрбиелеу маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін өзіміздің қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.
Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқылы Қазақстанға рухани серпіліс жасау болуы тиіс. Білімпаздық пен жаңашылдық бірінші орында тұру керек. Ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруге болмайды. Бүгінгі жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуге тәрбиелеу қажет.
Сонымен қатар, қазір әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Яғни, рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады.
Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай табыстарға жетелейтін, жалпыұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Осы бағытта зиялы қауым өкілдері өз үлестерін қосуға тиіс. Бәріміз жақсы өмір сүргенді қалаймыз. Олай болса, Президентімізді қолдап, еңбек ету керек.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді