«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал басы 10 пайызға өскен

Мал басы 10 пайызға өскен
ашық дереккөз
Мал басы 10 пайызға өскен
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаеваның айтуынша, 1305 тұрғыны бар ауылдың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Мәселен, былтыр кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған екі азаматтың біреуі бүгінде бие сүтін өндірумен айналысса, екіншісі қой шаруашылығын дамытуды қолға алған. – Былтыр 8 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 2-еуі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бүгінде округте өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы бөлініп, осы саланы дамытуға ден қойылып келеді. Округте бүгінде 45 жеке кәсіпкерлік және 33 шаруа қожалығы тіркелген. Жалпы ауылда 4900 мүйізді ірі қара, 11 мың қой-ешкі, 1482 жылқы, 227 түйе мен 975 үй құстары бар. Өткен жылға қарағанда мал басы 10 пайызға өсті, – деді Ақсана Жамбылқызы. Баяндамашының мәліметінше, ауылдағы 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ғимараты 2009 жылы пайдалануға берілген. Оған 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда бір дәрігер мен екі медбике жұмыс істейді. Абай атындағы орта мектепте 229 оқушы мен даярлық сыныбындағы 19 балаға 45 мұғалім сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Мұнда 113 бала ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, 55 бүлдіршін «Ақбота» бөбекжай бақшасына барады. Ауылдық клуб былтыр 38 мәдени-көпшілік іс-шарасын өткізсе, 10 мыңнан аса кітап қорымен қамтылған кітапхананың 2 мыңға жуық оқырманы бар. Мектептің спорт залы аптасына үш күн ауыл жастарына спортпен шұғылдануға берілген. Сонымен қатар, ауылда кіші футбол алаңшасы бар. Округте сыйымдылығы 300 текшемет р болатын ауыз су жинақтайтын қойма орналасқан. Дегенмен, ауылдағы 7 көшеге орталықтандырылған ауыз су толық бармайды. Себебі, 2009 жылы қолданысқа берілген ауыз су құбырының тозығы жеткен. Елді мекендегі 7 көшенің 6-сына асфальт жабындысы төселген. Қазіргі таңда қалған бір көшеге жоба құны 29096,573 теңге болатын шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, Жамбыл ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

Ұқсас жаңалықтар