Бүгінгі күні ел-жұрттың үрейін ұшырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат қойылған» деп полицияға хабарласатын «телефон террористерінің» қарасы азаяр емес. Мәселен, бірер апта бұрын жамбылдық тәртіп сақшылары наркологиялық диспансерде жарылғыш құрылғы орнатылғаны туралы хабарлама берген 20 жастағы «жалған ақпарат таратушыны» құрықтады. Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, оның полицейлерге есірткіге мас күйде қоңырау шалғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар берген жас жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Жалпы, тәртіп сақшылары «мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар» жасайтынын айтады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті, жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбіне достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып шығады. Олар мұндай қылмыстық қадамға бұзақылық және пайдакүнем ниетпен барады. Шын мәнінде, «жалған террористердің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғаруға болады екен. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер екендігі анықталған. Ең өкініштісі, олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни, 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламалар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында. Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны айтпаса да түсінікті. Жалған хабарлама жасайтын бұзақылар оқиға салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бірін-бірі итеріп, таптап мертіктіріп алуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал, бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізетіні белгілі. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен түрлі мекемелер орасан зор шығынға батады. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесі бұзылып, ұшақтардың ұшу уақыты кешігеді немесе сауда-саттық уақытша тоқтатылады. Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат кетеді екен. Сондай-ақ, қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі көлемді құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Тәртіп сақшылары мұндай жағдайда ең алдымен, адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдемнің қызметкерлері жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Атап өтерлігі, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда, «шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Сол себепті, мамандар әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі керек. Өйткені, оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр. Қуантарлығы, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың саны едәуір азайған. Мысалы, 2011 жылы елімізде 123 факт тіркелсе, 2022 жылы небәрі 50 адам ерігіп қоңырау шалған. Ал, өткен жылы 8 айдың ішінде 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданып үлгерген. Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бірінші басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, жалған ақпарат таратқан 16 адамға қатысты соттың үкімі шығып, оның ішінде 5-еуіне бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұдан бөлек, 8 азаматтың бас бостандығына шектеу қойылған. – Екі азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Бір кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды. Айта кету керек, елімізде террористік акті туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 миллион теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да білуге тиіс. Сонымен қатар, сот шешімімен осы істің кесірінен келтірілген барлық шығын өтеледі. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі, – дейді Алмас Талқанбаев. Сондай-ақ, ведомство өкілі өз сөзінде бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталғанын жеткізді. Сөзінше, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізін суытпай» құрықталып жатуы айқын дәлел. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, сала мамандары «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес, ол қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ақымақ әрекет екенін еске салып өтті. «Жалған хабарлама жасалды ма, болды, бұл аяқталған қылмыс деп саналады. Жасарын жасап алып, кейін қанша өкінсе де, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Жастар жағы мұндай жауапсыз әрекеттердің өз өмірін бүлдіріп қана қоймай, оның отбасына, ата-анасының абыройына нұқсан келтіретінін есте сақтауы тиіс», – деді А.Талқанбаев. Тәртіп сақшысының бұл пікірін ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұр да қолдайды. Айтуынша, қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. «Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, Whatsapp-тағы басқа мессенджерлер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан, технология дамыған заманда ешкімнен ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал», – дейді ол. ТІЛШІ ТҮЙІНІ Әрине, сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі дәуірде бәрі де замана игілігін көргені дұрыс-ақ. Бастысы, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болуы тиіс. Барша ел азаматтары өзгелердің ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Өйткені, бүгінгідей технологиялар дәуірінде әлеуметтік желілерде отыратын жас та, жасамыс та елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отырады. Егер айтылған сөз бен жариялаған жазба жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес жалған хабар таратып, қаннен- қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниетіне қашанда тосқауыл қойылады. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді