«Тараз» бразилиялық клубтан басым түсті

«Тараз»  бразилиялық  клубтан басым түсті
ашық дереккөз
«Тараз» бразилиялық клубтан басым түсті

Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Тараз» футбол клубы екі бірдей жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Алғашында Мьянманың жасөспірімдер құрамасымен кездескен жерлестеріміз бұл ойынға негізінен қосалқы құрамның футболшыларын және жеке агент ретінде жүрген бірнеше ойыншыны шығарды. Нәтижесінде қарсыластарын жеңе алған жоқ. Есеп 2:2. Бұл матчта «Тараз» сапынан Шерхан Бауыржан екі мәрте мергендігімен танылды. Бұдан кейін «Тараз» футбол клубы Бразилияның «Паулиста» лигасында доп тебетін «Sao Carlos» командасына қарсы алаңға шықты. Осы матчта жамбылдық команда өзінің жобамен негізгі құрамын шығарды. Өткен жылы «Таразға» қарсы шымкенттік «Қыран» сапында өнер көрсетіп, біздің команданың қақпасынан саңылау тапқан Санат Жұмаханов бұл кездесуде «Тараздың» жейдесін киді. Жерлестеріміз Сан Паулу штатының лигасында ойнайтын бразилиялық ұжымнан 3:1 есебімен айласын асырды. «Тараз» құрамында жасындай жарқырап ойнаған Жақып Қожамберді, Санат Жұмаханов, Тимур Досмағамбетов сынды аяқ доп шеберлері латын америкалық ұжымның қақпасын дәл көздей алды. Қарсыластарымыз бір доппен қарымта қайтарды. Оқу-жаттығу жиынында екі бірдей кездесу өткізіп үлгерген жерлестеріміз енді қалған екі ойында әзірбайжандық «Хазар – Л», ресейлік «Газовик» командаларын жеңуге күш салып көрмек.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар