Жеңісті жорықтарын жалғастырып жатыр

Жеңісті жорықтарын жалғастырып жатыр
ашық дереккөз
Жеңісті жорықтарын жалғастырып жатыр

Ұлттық лигада еркін көсілген біздің волейболшылар қарсылас шыдатар емес. Павлодар қаласында өткен жалпы турда «B» тобының үздігі «Тараз» волейбол клубы жеңісті жорықтарын әрмен қарай жалғастырды. «A» тобының үздіктері де жерлестерімізге қарсы қайран қыла алған жоқ. Жамбылдық бойшаң жігіттер әуедегі допты алаңға шегемен қаққандай қадай білетін шеберліктерін тағы бір мәрте көрсете білді. Алдымен жігіттер Петропавлдың «Есілін» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Біріншілік аутсайдерлері көшбасшыға қарсы тұяқ серпи алмады. Сегіз және он ұпай айырмашылығымен әр партияда басым түскеніміз сөзімізді айғақтайды. Мұнан соң елімізге ғана емес, Азияға аты мәлім Оралдың «Конденсат Жайықмұнай» командасын да жерлестеріміз үш партияда ес жиғызбай жеңді. Тіпті үшінші партияда тіркелген 25:12 есебі «Тараз» волейболшыларының дәл қазір нағыз бабында екенін дәлелдей түсті. Бұдан кейін «Атырау» волейболшыларын да айқын ұтты. Турдың соңғы күнінде жерлестеріміз «ТНК Хромтау» командасымен кездесіп, кезекті жеңісті тойлады. Бұл ойында да біздің команданың айқын басымдығы аңғарылып тұрды. Жалпы турдағы кездесулердің барлығында жеңіске жеткен «Тараз» волейбол клубы екінші сатыдағы «Павлодар» командасынан он ұпайға ұзап кетті. Айтпақшы, үшінші кіші тур Тараз қаласында өтеді. 26-30 қаңтар аралығында «Тараз-Арена» спорт кешеніне барып, командаңызға қолдау көрсете аласыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар